Медицина • 24 Ақпан, 2022

Санитарлық авиация: Қауіп пе, құтқару ма?

506 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Республиканың барлық аймағында тиісті медициналық көмек көрсету деңгейі бірдей емес екені белгілі. Ал осы тұрғыда науқастарды облыс орталықтарына, республикалық маңызы бар қалаларға тасымалдаумен «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» АҚ (ҰШМҮО) айналысады. Алайда БАҚ бетінен науқастарды тасыған әуе ке­ме­ле­рі­нің апатқа ұшырағаны туралы жиі оқып жатамыз. Мұның негізгі се­бебі неде?

Санитарлық авиация: Қауіп пе, құтқару ма?

Шалғайдағы елді мекендердегі нау­қастарды қалалардағы ауруха­на­лар­ға жеткізу ісімен шұғылданатын Ұлттық шұғыл медицинаны үйлес­тіру орталығының қызметі қазақс­тан­дық­тар­ға республикалық деңгейде 2011 жылдың сәуірінен бастап ұсынылды. Бұл шұғыл медициналық көмек негі­зі­нен тегін медициналық көмектің ке­пілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады. Орта есеппен ме­ди­циналық авиация тәулігіне 3-тен 15-ке дейін науқас тасымалдайды.

Ұлттық шұғыл медицинаны үй­лес­тіру орталығына автокөлік­тер­мен тасы­малдауға болмайтын, жай-күйі ауыр пациенттер көмекке жүгіне ала­ды. Сонымен қатар орталық өңір­де­гі дәрігерлер емдеуге қажетті әдіс­теме­лер мен біліктілікке ие бол­ма­ған жағ­дай­да науқасты облыс орта­лық­тарына, ірі қалаларға, астанаға жет­кі­зе­ді. Нау­қас­тардан бөлек санитарлық авиация донорлық органдар мен биоматериалдарды да тасымалдайды.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлес­тіру орталығы басшылығының мәлім­де­уінше, еліміздің әрбір өңірінде об­лыс­тық жедел медициналық жәрдем стан­саларында өңірлік үйлестіруші-дәрігер басқаратын медициналық авиа­ция бөлімшелері бар. Медициналық авиация күштерін тарту қажет болған жағдайда барлық медициналық құжат­та­ма алдымен өңірлік медавиация бө­лімшесіне түседі. Құжаттармен та­ныс­қаннан кейін үйлестіруші дәрі­гер оны Ұлттық шұғыл медицинаны үй­лестіру орталығының диспетчерлік бөліміне жібереді. Жолға шыққан нау­қастың қасында медициналық авиа­­ция мобильдік бригадасының мамандары – дәрігер мен фельдшер болады. Сондай-ақ қажет болған жағдайда білікті маман тартылады.

2021 жылғы 1 қаңтар мен 31 жел­тоқ­сан аралығында ҰШМҮО дис­пет­­черлік қызметіне 3 163 өтінім ке­­ліп түскен. 577 өтініш метео­жағ­дай­­­­лар, техникалық, пациенттің жай-кү­йінің нашарлауы себептеріне бай­­ла­нысты орындалмаған. 2021 жыл­­дың қорытындысы бойынша, ме­ди­циналық авиация 2 586 рейс орындады, оның ішінде 670 науқас тік­ұшақпен, 1 916 науқас ұшақ­пен жет­кізілген. Шетелге 8 рейс жіберіл­ген. Донорлық органдарды тасымалдау үшін Нұр-Сұлтан қаласынан 4 рейс орындалды. Осылайша, жүрек, ба­уыр, екі бүйрек және көз алмасы нау­қастарға дер кезінде жеткізілді. Ме­кеме басшылығының айтуынша, 2021 жылы диспетчерлік қызметке ке­ліп түскен өтінімдер санының 19% па­йызға артқаны байқалады.

Алайда жүйе мен үйлестіру, кезекке қа­тыс­ты сұрақтарды былай қойғанда, нау­қастарды тасымалдауға қажет әуе кемелеріне қатысты мәселелер аз емес көрінеді. Ұшақтардың көбі – кеңестік дәуірден қалған «мұра». ҰШМҮО әуе ­компаниялармен ынтымақтастық шарт­тық негізде жұмыс істейді екен. Меке­менің бізге берген мәліме­тін­де: «Биылға, яғни 2022 жылға меди­ци­на­лық авиация желісі бойынша 9 әуе компаниясымен келісімшарт жасал­ған. Медициналық авиация қыз­меті 33 әуе кемесін пайдаланады. Оның ішінде 13 мамандандырылған ЕС-145 тікұшағы, Pilatus PC-12/47 Е ұша­ғы, екі Як-40 ұшағы, екі L-410 ұша­ғы, 14 Ан-2 және Ан-24 ұшағы бар. Барлық әуе кемесі Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Аза­мат­тық авиация ко­ми­те­тінде сер­ти­­фи­катталған», де­лінген.

Мекеме науқастарды тасымалдауға жаңа әуе кемелерін, яғни Pilatus PC-12/47 Е және L-410 ұшақтары, Қазақ­стан­да құрастырылған ЕС-145 арнайы тікұшақтарын қолданады. Алайда күніне 15-ке жуық рейс орындалатынын ескерсек, екі L-410 мен Pilatus PC-12/47 Е ұшағының жеткіліксіз бо­­латыны анық. Мекеме басшысы Арман Баянбаевтың жауабында да ме­дициналық авиация саласындағы өзекті мәселенің бірі – әуе кемелері паркін жа­ңарту екені атап көрсетілген. «Медициналық авиация нысанында медициналық көмек көрсету үшін әуе кемелері паркінің елеулі бөлігін қызмет ету мерзімі ұзақ, ескі ұшақтар құрайды, алайда олар Қазақстан Рес­пуб­ликасы авиациялық реттеушісі арқылы пайдалануға жіберілген. ­Өңір­­­­лер­де медициналық авиацияның қол­­­же­тім­ділігін қамтамасыз ету үшін ел­­дің климаттық жағдайларына және өңір­­лердің әуе айлақ инфрақұ­ры­лы­мы­­ның жай-күйіне бейімделген (талап етілмейтін) әуе кемелері қажет», дейді ор­талық басшысы.

Мәселен, Ан-24 әуе кемесі 1979 жылы құрастырылған. Содан бері есеп­­тесек, бүгінде ұшақтың пайдала­ны­лып жүргеніне 43 жыл болады. Өн­діруші сипаттамасында әуе кемесі бейбіт күнде 30 мың сағат ұшып, 10-15 жыл көлемінде эксплуатацияға жарамды делінген. Одан кейін науқастарды тасымалдауға қолданылып жүрген «жаңа» L-410 ұшағының өндірісі 1980 жылдары тоқтаған. КСРО құлаған кезде одақтас мемлекеттердің еншісінде 750 ұшақ қалыпты. Өндіруші ком­па­нияның мәліметіне сүйенсек, 2012 жылы әлемде L-410 ұшағының 400 да­насы әлі де қолданыста болған. Ал 2017 жылы шымкенттік жүкті әйелге көмекке асыққан дәрігерлері бар Ан-28 ұшағы апатқа ұшырап, 3 экипаж мүшесі мен 2 дәрігердің қазасынан кейін, Азаматтық авиация комитеті бұл ұшақ­тың қолданысына тыйым сал­ған-ды.

2020 жылы БАҚ-та Ұлттық шұғыл медициналық үйлестіру орталы­ғы­ның басшылығы Pilatus PC-12 ұша­ғы­ның таныстырылымына қатыс­қа­ны туралы хабарлар жарияланды. Содан Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы арнайы шарт жасалғаннан кейін Pilatus PC-12/47 Е ұшағымен науқастарды тасымалдауды 2021 жылғы маусымнан бас­тағанын мәлімдеді. Алайда бұл ұшақ Нұр-Сұлтан қаласында орна­ласқан өңіраралық ұшуларға ғана арналған. «Ұшақтың крейсерлік жыл­дам­дығы 528 км/сағ, ұшу қашық­ты­ғы 2 700 км. 2021 жылдың 6 айында барлығы 112 ұшу, орташа есеппен айына 16 ұшу орындалды» делінген орталық жауабында. Ал бұл әуе ке­ме­сі республикамыздың кез келген нүк­те­сіне қосымша жанармай құймай-ақ жетуге қауқарлы екенін көрсетеді.

Азаматтық авиация әуе кемелерінің техникалық жай-күйін бақылау және ұшу қауіпсіздігі бойынша қадағалау Аза­маттық авиация саласындағы уә­к­і­летті ұйым – «Қазақстанның авиа­­­циялық әкім­шілігі» АҚ-ға жүк­тел­­ген. Оның жұмысына азамат­тық авиа­­­ция­ның жоғары білікті тех­ни­ка­­лық ма­ман­­дары тартылған. Алай­да аталған ор­талыққа нақты қан­дай тек­серіс жүр­гіз­ген­деріне, ұшақ іс­тен шыққанда оны ауыстыру мәсе­ле­сіне қатысты қой­ған сұра­ғымыз­ға әлі «Қаза­қ­стан­ның авиация­лық әкім­шілігі» АҚ тара­пы­нан жауап беріл­меді.

2021 жылы медициналық авиа­ция­­ның мо­бильдік бригадалары тасы­мал­­даған науқастардың 24 па­йы­зы аку­шерлік практикадағы кезек күт­тір­мей­тін себептер, 24 пайызы балалар патологиясы, 17 пайызы жарақаттар, жазатайым оқиғалар және уланулар, 13 пайызы қан айналым жүйесі аурулары, 13 пайызы жаңа туған нәрестелердің патологиясы, 9 пайызы өзге де аурулар бойынша жүгінген. Десек те, көмек алып үлгермейтін науқастар да бар. 

Қорыта айтқанда, дертіне дауа із­де­ген науқастар Кеңес заманынан қал­ған ұшаққа отырып тәуекел етуге мәжбүр. Ал коммерциялық рейс­тер­дің бағасын әр азаматтың қалтасы көтере бермейтіні өз алдына бөлек мә­селе. Отандық тасымалдаушы Air Astana қызметіне жүгінсе, науқас бір бағытқа ұшса да, қос бағыт билетінің сомасын өтеуге міндетті. Мысалы, Алматы-Ақтау бағытындағы билет құны 800 мың теңге көлемінде. Өйткені борттағы орындық толық өзгер­тіледі, ал оны қайтар бағытта басқа жолаушылар қолдана алмайды. Құрылғанына былтыр 10 жыл толып, 20 мыңнан астам қазақстандықтың ем-дом алуына жағдай жасаған Ұлт­тық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының жетістіктерін айтқанда кемшіліктері де «мен мұндалап» шыға келетіні өкінішті. Халықтың санитарлық авиациядағы мәселелері Аза­маттық авиация комитеті мен тиісті мемлекеттік органдардың назарына ілігеді деген үміті зор.