Спорт • 24 Ақпан, 2022

Бақыт Сәрсекбаев: Жалаң ұранмен бокстың деңгейін көтеру мүмкін емес

1398 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Осыдан тура жарты ғасыр бұрын, яғни 1972 жылы Мюнхенде алауы тұтанған жазғы ойындарда баскетболшы Әлжан Жармұхамедов Олимпиада чемпионы атанды. Осылайша, оның есімі төртжылдықтың басты додасында бас жүлдені олжалаған тұңғыш қазақ спортшысы ретінде тарихта қалды. Ол Ташкент облысына қарасты Бостандық ауданындағы Табақсай ауылында дүниеге келді. Негізі бұл шұрайлы жерді ғасырлар бойы ата-бабаларымыз мекендеген еді. Бірақ 1956 жылы КСРО-ның басшысы Никита Хрущевтің солақай саясатының салдарынан бұл аймақ Өзбекстанның меншігіне өтті. Араға дәл 36 жыл салып Әлжан Мүсірбекұлының кіндік қаны тамған Табақсайдан тағы бір Олимпия ойындарының жеңімпазы шықты. Ол – 2008 жылы Бейжіңде өткен байрақты бәсекеде қарсыластарын қоғадай жапырып, алтын тұғырға көтерілген боксшы Бақыт Сәрсекбаев.

Бақыт Сәрсекбаев: Жалаң ұранмен бокстың деңгейін көтеру мүмкін емес

Бақыт, спорттағы ман­са­быңызды Өзбекстанда бас­та­ғаныңызды жұрт жақсы біледі. Көршілес мемлекетте бокстың қыр-сырына қанығып, уақыт оза ұлттық құрама сапында өнер көрсеттіңіз. Сол кездері қан­дай елеулі табыстарға қол жет­кізгеніңіз жайында әңгі­ме­леп берсеңіз?

– Жасөспірімдер, жастар және ересектерді қоса алғанда алты рет Өзбекстан чемпионы атандым. 16 жасымда Ташкентте өткен Сид­ней Джаксонның мемориалын­да топ жарғаннан кейін қырағы мамандардың назарына іліктім. 64 кило салмақ дәрежесінде сол елдің бірінші нөмірлі боксшы­сы атанып, халықаралық арена­да өнер көрсете бастадым. ­2002 жылы Малайзияның Серембам қаласында Азия чемпионы ата­ғына қол жеткізіп, Пусанда өткен Азия ойындарында қола медальды мойныма ілдім. Келесі жылы 69 кило салмаққа ауыстым. Бұл ретте де елішілік жарыстарда қарсы­лас шыдатпай, бірқатар дүбірлі дода­да дараландым. Содан 2004 жылы алауы тұтанатын Афи­на Олимпиадасына даярлана бас­тадым. Бірақ жеме-жемге кел­генде лицензиялық турнирге мені емес, өзге боксшыны апарды. Ма­нилада өткен турнирде Ділшод Махмұдов жолдамаға иелік етіп, мен шетте қалып қойдым.

– Сонда Ділшод Махмұдов­тың сізден мықты болғаны ма? Әлде бұл жерде біз білмейтін басқа бір «құпия» бар ма?

– Соны өзім де түсінбедім. Шар­шы алаңда екеуміз бірде-бір рет кездескен емеспіз. Оған дейін Махмұдов сәл жеңілдеу сал­мақтарда сайысқа түсіп жүр­ді. Бірақ дәл Олимпия ойындары қарсаңында бап­кер­­лер жоғарыдағыдай шешім қа­был­да­ды. Ішім қан жылағанымен, қолдан келер дәрмен жоқ. Сол кездері көңілімнің қатты құла­зығанын байқаған Өзбекстан бокс федерациясының президен­ті Гафур Рахимов «Тәжікстан­­ның атынан сынға түсіп көрсең қай­теді? Бәлкім, бағың жанар» деп кеңес берді. Сол кеңеске құлақ астым. Тәжіктер мені құшақ жая қар­сы алды. Пәкістанда өт­кен соң­ғы лицензиялық тур­нирдің тұсаукесер кездесуінде Оң­­түстік Кореяның өте мықты бокс­­шысының екі аяғын бір етік­ке тықтым. Бәсеке аяқталған бет­те олар менің Өзбекстанның аза­маты екенімді айтып, Олим­пиадалық хартия бойынша Тә­жік­станның атынан сынға тү­суім заңсыз деп, АИБА-ға ша­ғым­ түсірді. Корейлердің уәжі қана­ғаттандырылды. Осылайша, Афи­на Олимпиадасына қатыс­сам деген арманыммен қош айты­суыма тура келді.

Бұл ретте өзбектердің өз қан­дастарына бүйректері бұр­ғаны анық. Қазақстанға қоныс аударарда «Ол жақта жағ­дайым қалай болар екен?» де­ген сауал сізді толғандырған жоқ па? Қанша дегенмен 69 кило салмақ дәрежесінде біздің елде де­ мықты боксшылар аз емес. Сол саңлақтардың көлең­ке­­сінде қалып қоямын деген қорқыныш болған жоқ па?

– Бір жағынан Қазақстанның туы астында өнер көрсету ме­нің көптен бергі арманым еді. Екін­ші жағынан өз күшіме се­нім­ді болдым. Сол сенім мені алға жетеледі. Содан киім-ке­шегімді жидым да, Алматыға тарттым. Бұл жақта мені Азат Перуашев күтіп алды. Ал­ға­шын­да қара­жат жағынан біраз қиналдым. Бапкерім Кәрім Мах­мұдов екеу­міз бір жарым жылд­ай­
Азат Тұрлыбекұлы же­тек­ші­­лік­ ететін Азаматтық пар­тия­сы­­ның кеңсесіндегі бос бір бөл­меде тұрдық. Ол жерде еш­қан­дай жағ­дай болмаса да, бә­рі­не шыдап бақтық. 2004 жылы Алматыда өткен Қазақстан чем­пионатына қатысып, 69 кило­ салмақ дәре­жесінде бас жүл­де­ні олжала­дым. Бастапқы бәсе­келерде Қанат Ілиясов, Дми­трий Стрельников және Азат Қа­зиханов сынды саң­лақтарды сан соқтырып, фи­налда Дәу­рен­ Елеусіновтен ба­сым түс­тім. Ұлттық құрама са­пы­на қа­был­данғаннан кейін Қа­зақ елі на­мысын халықаралық аре­нада қорғап, көптеген жарыста олжаға кенелдім. 2005 жылы Гер­манияның Галле қаласында өткен «А» санатындағы турнир есімде ерекше сақталды. Финал­да Кубаның атақты боксшысы Эрисланди Лараны ұтып, ең үздік боксшыға тиесілі арнайы сый­лықты иелендім. Келесі жылы да Қазақстан чемпионатында топ жарып, өзімнің мықтылығымды түбегейлі мойындаттым.

– Осы жеңістердің арасында Азия ойындарына жол ашылды ғой. 2006 жылы Дохада алауы тұтанған жарыста Қазақ­станның боксшылары арасы­нан жалғыз өзіңіз бас жүлдені ие­лендіңіз емес пе?

– Азиаданың алдында Мәс­кеуде өткен Әлем кубогы жо­лын-­­
да­ғы жарысқа қатысқанымды айта кетейін. Ресейдің астанасына келгеннен соң өзімнің жерлесім, қазақтан шыққан тұңғыш Олим­пиада чемпионы Әлжан Жар­мұхмедовті іздеп, үйіне бардым. Табақсайда екеуміздің әке-ше­ше­леріміз көрші тұрды, арамыз­да екі-үш-ақ үй бар. Бойы көк ті­реген баскетболшы ағамыз өте қа­рапайым екен. Бізді құ­шақ жайып қарсы алып, кең дас­тар­қаннан дәм татырды. Ырымшыл халықпыз ғой, Мюнхендегі ойын­дарда жеңіп алған алтын меда­лін мойныма тағып, ішімнен дұ­ға жасадым. «Мен де сіз секілді Олимпиада чемпионы атануды армандаймын» деп жан-сырымды ақтардым. Абыз ақсақал ақ бата­сын беріп, ақ жол тіледі. Сол кез­десуден кәдімгідей марқа­йып қайттым.

Дохадағы жарысқа келер бол­сақ, ширек финалда түрікмен­стан­дық Әлиәскер Башировтен (34:11) басым түстім. Жартылай финалда Қытайдың туы астында өнер көрсеткен қандасымыз Қанат Исламды (37:30) қапы қалдыр­дым. Ақтық сында таиландтық ­Ангк­хан Шомпхупхуанды оңдыр­май сабадым. Төреші бәсекені екінші раундта тоқтатты. Сөйтіп, Қазақстанның былғары қолғап шеберлері арасынан жалғыз өзім алтын тұғырға көтерілдім.

– 2008 жылы Бейжіңде де сол жағдай қайталанды ғой. Қы­тайда отан­дық былғары қол­ғап ше­бер­лері арасынан жал­­­ғыз өзіңіз Олимпиада чем­­пионы атан­ды­ңыз. Сол жа­рыс­ты жа­дыңызда бір жаң­ғырт­­са­ңыз...

– Негізі Олимпия ойындары қарсаңында мен қолымды жара­қат­тап алған едім. Оны ешкімге айтпадым. Сол шытынаған қолмен жа­рысты басынан аяғына дейін бір дем­мен өткіздім. Шыны керек, Бей­жіңде мен топ жарады деп ешкім ойламады. Бокстың басы-қасында жүрген мамандардың дені Серік Сәпиев немесе Бақтияр Артаев алтын алады деп ойлады. Ал мен ештеңеге қарамастан жатпай-тұрмай даярландым. Тұсаукесер кездесуде канадалық Адам Трупишты (20:1) еш қиналмай ұттым. Екінші айналымда Сидней Олимпиадасының қола жүлдегері, молдовалық Виталий Грушактың осал тұсын оңай таптым. Бұл бәсеке екінші раундта тоқтатылды. Ширек финалда әлем чемпионатының күміс жүл­дегері, Азия ойындарының же­ңімпазы Ділшод Махмұдовпен күш сынастым. Осы сәтті мен ұзақ күткен едім. Содан төрт жыл бұрын Афинадағы ойындарға өзбек бапкерлері менің орныма дәл сол боксшыны апарған еді. Бұл жолы Махмұдовтан әлдеқайда мықты екенімді дәлелдегім келді. Сол үшін де рингте барымды сал­дым. Нәтижесінде, бұл жек­пе-жекте үстемдік танытып, Діл­шодты 12:7 есебімен ұттым. Жар­­тылай финалда Афина Олим­пиадасының қола жүлдегері, ко­реялық Ким Чон Чжуды (10:6) қапы қалдырдым. Ақтық са­йыста кубалық Карлос Банто Сураеспен кездестім. Панамерика ойындарының жеңімпазы, әлем кубогының иегері деген атағы бар дүлей күш иесімен аянбай айқасып, көздеген мақсатыма қол жеткіздім. Бұл тартыс 18:9 есебімен аяқталды. Осылайша, Олимпиада чемпионы атандым.

– Арада 14 жыл өтсе де, сол сәт күні бүгінге дейін көз ал­­дымызда. 69 кило салмақ дәре­­жесінің жеңімпазы мен жүл­­дегерлерін марапаттау рә­сімін­де жеңіс тұғырында қазақ­тың қос боксшысы марқайып тұр­ғанын көргенде барша Алаш жұрты ерекше шаттанған еді...

– Иә, ондай сәттер ешуақытта ұмытылмайды. Себебі Олимпия ойындарында атой салу – әр спортшының арманы. Бейжіңде мен алтын алсам, Қанат Ислам қола медальды мойнына ілді. Жеңіс тұғырына көтерілгенде екеуміз бір-бірімізді құттықтап, құшағымызға қыстық.

Олимпия ойындарының қар­саңында қазіргі кезде кәсіп­қой рингті шайқап жүрген АҚШ-тың атақты боксшысы Де­метриус Андраде БАҚ өкіл­де­ріне берген сұхбатында «Бей­жіңдегі менің басты қарсы­ла­сым – қазақстандық Бақыт Сәр­­секбаев» деп тіл қатқан еді. Сол сұхбатты оқыған боларсыз?

– Иә, оны оқыдым. Ол сұх­батты Андраде «Нью-Йорк Таймс» газетінің тілшісіне берген. Кейіннен басқа да басылымдар со­ны көшіріп басты. Негізінде Деметриус «Шамасы екеуміз финалда жолығатын шығармыз. Нәтижесінде, мен алтын, ал ол күміс медаль алады» деп айтқан еді. Менің де Олимпиадада Андра­демен айқасқым келді. Бі­рақ ол ширек финалда америка­лық боксшы Ким Чон Чжудан ұты­лып қалды. Ал мен кореялық­ты жар­тылай финалда жеңдім. Осылайша, екеуміздің жолымыз түйіспеді.

Нағыз кемелденген 26 жа­сыңызда былғары қолға­бы­ңыз­ды шегеге ілдіңіз. Тым ерте емес пе?

– Көздеген мақсатыма қол жет­кізгеннен кейін бокстан қол үзуді жөн көрдім. Өзімнің спорт­­тық мансабымда Олимпия ойын­дарынан бөлек, Азия чем­пио­натын үш рет ұттым. Азия ойын­дарында бір алтын, бір қола медаль олжаладым. Сту­дент­­тер арасында әлем чем­пио­­­ны атандым. Көптеген аса ірі ха­лықаралық жарыста ол­жаға кенелдім. Содан кейін со­ңы­мыздан ерген жастарға ор­ным­ды босатуды жөн көрдім. Бірақ бұл саладан алысқа ұзаған жоқпын. 2009-2010 жылдар ара­лығына республикалық бокс фе­дерациясында еңбек етіп, ұлт­тық құрама командамыздың үй­лестірушісі болдым. Одан кейін АИБА жаңа жоба ашып, Дүниежүзілік бокс серия­сы (WSB) жарыстарын ұйым­дас­тыра бастады. Мен сол дүбір­лі додада өнер көрсеткен «Аста­на арландары» клубының жетек­ші­лерінің бірі болдым. Біз жасақ­та­­ған жаңа команда алғашқы мау­сым­да күміс медаль иеленіп, өз ­жан­күйерлерін қуантты. Со­дан кейін Қазақстанның экс­пе­р­именттік құрамасын жаттық­тырдым.

– Сол жобаның пайдасы болды ма?

– Негізі бұл өте жақсы жо­ба еді. Біз бұл іске бел шеше кі­рісіп, жап-жақсы нәтиже шы­ғардық. Эксперименттік коман­даның сапына Қазақстан чем­пионаттарында жүлделі орындарға іліге алмай, көлеңкеде қалып қойып жүрген боксшыларды қа­былдадық. Барлығы да 18-22 жас аралығындағы өрімдей жас­тар. Сол команда 2014 жылы Ре­сейдің Якутск қаласында өт­кен студенттер арасындағы әлем чемпионатында 2 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль иеленіп, жалпы есепте екінші орынды олжалады. Уақыт оза Тұрсын­бай Құлахмет, Нұрзат Сабиров, Әнуар Мұзафаров, Мәулен Өс­кенбай, Нұрбол Қалжанов, Ол­жас Байниязов және тағы басқа был­ғары қолғап шеберлері елеулі табыстарға қол жеткізді. Кезінде Жәнібек Әлімханұлы да осы эксперименттік құрамада өнер көр­сеткенін айта кеткен абзал. Бірақ бұл жоба ұлттық құрама бап­керлері тарапынан қолдау тап­пады. Ақыры оны жауып тындық.

– 2014 жылы Алматы қа­ла­сының аға жаттықтырушы­сы болып тағайындалғаныңыз­бен, небәрі бір жыл ғана еңбек ­ет­тіңіз. Бұл қызметтен өзіңіз кет­ті­ңіз бе?

– Өзім кеттім. Байыптап қара­сақ, Алматыда дарынды жастар өте көп, спорттық нысандар да жетерлік. Алайда боксшылардың алаңсыз даярлануына еш жағдай жоқ. Бапкерлердің еңбекақысы мардымсыз, спортшылар жарыс­қа тым сирек шығады. Өйткені қа­ражат жеткіліксіз. Спорт бас­қар­масына барып, жағдайды айтсаңыз, «Жоқ!» дегеннен басқа сөз естімейсіз. Соның кесірі­нен талай жылдар бойы Алматы боксы тұралап тұр. Егер Қазақ­стан чемпионатының нәтижелеріне ­зер салсаңыз, аталған мегаполис­тің былғары қолғап шеберлері­нің жеңіс тұғырына көтерілген кезде­рі тым сирек екенін байқай­сыз. Өзге өңірдің өрендері түрлі түс­ті медальдарды күреп алып жат­қанда, алматылықтар ара-тұра ғана жүлдегерлер санатынан кө­рінуде. Әрі кетсе бір-екі медаль ғана алады. Кейде ол да жоқ. Бокс өнерінің бай дәстүрі бар Алматы үшін бұл ұят жағдай. Не шаһар басшылығы, не спорт бас­қармасы спорттың бұл түріне жанашырлық танытпағаннан кейін мен де ештеңе өзгерте ал­майтынымды түсіндім. Содан өз еркіммен қызметтен кеттім. Менен кейін тізгінді танымал бап­кер Рафаэль Хасанов ұстады. Оның да жүйкесі сыр берді-ау деймін, жарты жылдан кейін ол да өтініш жазып кетіпті.

«Токио-2020» Олим­пиа­дасында Қазақстанның бокс­шылары тым сүреңсіз өнер көр­­сетті. Сол жарыстың қар­са­­ңында БАҚ өкілдеріне бер­­ген сұх­баттарыңызда біздің ко­ман­даның Күншығыс елін­де күй­­рей ұтылатынын алдын ­ала бол­жаған едіңіз. Сол пікірді ­неге сүйеніп айттыңыз?

– Былғары қолғабымды ше­геге ілгеніммен, спорт сала­сы­нан алыстаған жоқпын ғой. Түрлі қызметте жүріп, бәрін ба­қы­лап жүрдім. Ұлттық құрама бап­керлері тарапынан жіберілген кемшіліктер мен қателіктерді анық байқадым. Команда жасақтау­дан бастап, оқу-жаттығу жиында­рын ұйымдастыруда көп ағаттық кет­ті. Жігіттерді еш маңызы жоқ жарыстарға қатыстырып, әбден діңкелетті. Мәселен, дәл Олимпия ойындарының қарсаңында бет­ке­ұстар боксшыларды Азия чем­пионатына апарудың не қажеті болғанын түсінбедім? Дубайдағы додада қосалқы құрамдағылар күш сынасса да болар еді. Осы кемшіліктердің барлығын ұлт­тық құрама бапкерлеріне айт­қым келді. Бірақ олар ешкімді жандарына жолатқысы келмей­ді. Бізді бір жау көреді. Негізі жауапты жарыс қарсаңында әр жылдары Олимпиада және әлем чемпионаттарында атой салған азаматтардың басын қосып, олардың ақыл-кеңестеріне құлақ асса деген тілегіміз бар. Одан еш ұтылмаймыз. Керісінше, бүгінгі таңда ел намысын қорғап жүрген боксшылар үшін бұл рухани және психологиялық жағынан да үлкен демеу болар еді. Бірақ бұл салада бізде әркім өзі би, өзі қожа. Атам қазақ «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді...» деген аталы сөзді осындайда айтса керек.

– Ұлттық құрама сапына кәсіпқой боксшыларды тарту жөніндегі бастамаға да қарсы болған едіңіз...

– Жоғарыдағы идея кімнің ­ойына келгенін білмеймін, бірақ бұл барып тұрған утопия екенін мен әу баста айтып, да­был қақтым. Спорттың бұл тү­рінен титтей де хабары бар адам кәсіпқой мен әуесқой бокс­тың айырмашылығын білуге тиіс. Екеуінің арасы жер мен көктей. Кәсіпқойлар көп жағ­дай­­да асықпай-аптықпай жүріп жұ­дырықтасады. Әуесқой­ларға жылдамдық пен ұшқырлық қа­жет. Олардың боксы қарқын­ды. Қысқа қайырсақ, әуесқойлар қыс­­қа қашықтыққа жүгіретін спринтерлерді елестетсе, ал кә­сіп­­қойлар стайерлер мен мара­фон­шыларға көбірек келеді. Соны тү­сінбеген басшылар мен бап­кер­лерге айтар сөзім жоқ.

Бұған дейінгі Олимпия ойындарының бірде-біреуінен бас жүл­десіз оралмаған боксшы­лары­мыз Токиода небәрі екі қола медальды иеленгенде қат­ты қынжылған шығарсыз...

– Қынжылғаным былай тұр­сын, намыстан жарылып кете жаздадым. Әсіресе бапкерлердің тірлігіне қатты қарным ашты. Олар шәкірттеріне не дұрыс тактика қоя алмады, не оң бағыт бере алған жоқ. Айтатындары тек «Сен қазақсың ғой, алға!» деген сөздер. Бір жағынан рух беріп, намысты қамшылаған дұрыс та шығар. Бірақ жеңіске жету үшін жалғыз рух жеткіліксіз. Жеңіс тұғырына көтерілемін де­ген спортшының бойында басқа да көптеген қасиет болуы шарт. Ал тек жалаң ұранмен бокстың деңгейін көтеру мүмкін емес.

Есесіне Белградта жа­лауы­ желбіреген әлем чем­пио­натындағы табысымыз қо­­мақ­ты болды. Осы орайда жа­ңа­дан та­ғайындалған бас бап­кер То­киодағы сәтсіздіктен дұ­рыс қо­рытынды шығарды деп ой­лайсыз ба?

– Иә, Сербияның астана­сын­дағы нәтижеге көңіліміз тол­­ды. 2 алтын, 2 күміс және 1 қо­ла медаль олжалаған біз­дің жі­гіттер жалпы есепте екінші орын алды. Бұл – өте жақ­сы көр­сеткіш. Бірақ Олимпия ойын­дарынан кейін көптеген мықты боксшының Белградқа кел­ме­генін де ескерген жөн. Токио­да­ғы жарыстан кейін олар жа­ра­қаттарын емдеп, дұ­рыстап ты­нығып алуды жөн көрді. Сол се­бепті де «Әлем чемпионатын­да біз тек Кубадан ғана қалып қой­дық, ал басқа мемлекеттер арты­мыздан сығалап қалды» деп ар­қаны кеңге салуға болмайды. Алда әлі көптеген байрақты бәсе­ке бар. Шынайы әлеуетімізді сол жарыстарда байқайтын боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»