Қазақстан құрамасы бұл чемпионатта жүлдесіз қалса да біз қуанатындай, мақтан тұтатындай бір жайт бар. Ол – ұлттық құраманың шабуылшысы Біржан Оразовтың Еуропа чемпионатының бас мергені атануы. Иә, қарсыластар қақпасына 7 доп соққан Біржан осы чемпионатқа нағыз бабында келіпті.
Еуропа чемпионатының тарихына үңілсек, Біржаннан бөлек, «бас мерген» атағына Серік Жаманқұлов та ие болған еді. Ол 2016 жылы Белградта (Сербия) өткен құрлықтық жарыста алты гол соғып, Мигелин, Рикардинью сияқты атағы алысқа кеткен ойыншылармен бір қатарда тұрды.
Еуропа чемпионаты 1996 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Содан бері сұрмергендер қатарында Қазақстан, Португалия, Испания, Ресей, Украина, Сербия және Әзербайжан сынды санаулы ғана елдердің ойыншылары бар.
Еуропа чемпионаты.
1996 жыл
Константин Еременко (Ресей) – 8 доп
Ресей футзалында аты аңызға айналған Константин Еременко 1996 жылы Испанияның Кордова қаласында өткен Еуропа чемпионатында 8 доп соғып, турнирдің үздік мергені атанды. Топтық сайыста төрт рет қанжығасы майланған ресейлік аяқдоп шебері жартылай финалда Бельгия қақпасынан екі мәрте саңылау тапты. Осы ойында Ресей 6:2 есебімен жеңіске жетті. Ал финалда К.Еременко бастаған құрама жарыс қожайындарынан 3:5 есебімен ұтылды. Бұл ойында да ресейлік сұрмерген дубльдің авторы атанды.
Еуропа чемпионаты.
1999 жыл
Константин Еременко (Ресей) – 11 доп
Испания 1999 жылы қатарынан екінші мәрте Еуропа чемпионатын қабылдады. Бұл жолғы турнир УЕФА аясында өткендіктен, ресми түрде бірінші Еуропа чемпионаты деп есептеуге болады. Турнир жеңімпазы болып Ресей құрамасы танылды. Орыстар финалда Испаниядан пенальти сериясы арқылы басым түсті. Ал сұрмергендер тізімін сол Константин Еременко бастады. Ол турнир барысында 11 гол соқты. Оның алтауын топтық турнирде Италия, Бельгия, Португалия сияқты мықтылардың қақпасына тоғытса, төрт гол жартылай финалда Нидерланд қақпасына соғылды. Финалда К.Еременко Испания құрамасының қақпасынан да саңылау тапты. Осылайша, ол «Турнирдің сұрмергені» деген атақтан бөлек, Еуропа чемпионатының «Үздік ойыншысы» атағын да жеңіп алды.
2010 жылы 39 жасында көз жұмған Константин Еременко өзінің спорттық ғұмырында 1132 гол соққан. Сондықтан да болар, оның жанкүйерлер арасында «Орыс Пелесі» деген лақап аты да бар.
Еуропа чемпионаты.
2001 жыл
Сергей Коридзе (Украина) – 7 доп
2001 жылы Ресейдің Мәскеу қаласында өткен Еуропа чемпионатының бас мергені – Сергей Коридзе. Украиналық маман бүгінде Қазақстан құрамасының бапкерлер штабында жұмыс істейді.
Сергей Коридзе 2001 жылғы Еуропа чемпионатында 7 голдың авторы атанды. Оның алтауын топтық сайыста, біреуін жартылай финалда соқты. Украина осы чемпионатта күміс жүлдеге ие болды. Финалда Испаниядан ұтылды – 1:2.
Еуропа чемпионаты.
2003 жыл
Сергей Коридзе (Украина) – 7 доп
2003 жылы Италияның Аверса және Казерта қалаларында өткен Еуропа чемпионатында Сергей Коридзе тағы да 7 гол соғып, сұрмерген атанды.
Алайда бұл жолы да Украина құрамасының чемпион атануына көмектесе алмады. Украина финалға жеткенімен, шешуші ойында Италиядан жеңілді – 0:1.
Еуропа чемпионаты.
2005 жыл
Фернандо Грана (Италия) – 6 доп
2000-жылдардың ортасында Италияда кіші футболдың дәуірі жүрді. Оған себеп, италиялықтар тоқсаныншы жылдардың соңында құрамаға бразилиялықтарды шақыра бастады. Тіпті бір кездері Италия құрамасының 80 пайызын латынамерикалықтар құрайтын. Соның да әсері болар, Италия 2003 жылы Еуропа чемпионы, 2004 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды.
2005 жылы Чехияның Острава қаласында ұйымдастырылған Еуропа чемпионатында Италия құрамасының ойыншысы Фернандо Грана 6 доппен турнирдің сұрмергені атанды.
Грано Бразилияда туып-өскен. 1999 жылы Италия азаматтығын алды. 2003 жылы Италияның Еуропа чемпионы атануына осы Грана бастаған бразилиялық легионерлердің көмегі көп тиді. Грананың өзі 2005 жылғы Еуропа чемпионатының бас мергені атанды – 6 доп.
Еуропа чемпионаты.
2007 жыл
Сирило (Ресей), Даниэль (Испания), Предраг Раич (Сербия) – 5 доп
Байқап отырғандарыңыздай, 2007 жылғы Еуропа чемпионатының сұрмерген атағын үш футболшы бөлісті.
Ресей сапында 2006-2014 жылдар аралығында өнер көрсеткен Сирило – Бразилияның тумасы. 2003 жылы «Спартак» клубына келіп, екі жылдан кейін Ресей азаматтығын алды. Үш рет Еуропа чемпионатының жүлдегері болды. Ресей құрамасында ойнаған бразилиялықтардың ішінде керемет ойынымен көзге түскен осы Сирило болатын.
Испания құрамасындағы үздік шабуылшылардың бірі Даниэльдің де ежелгі
отаны – Бразилия. 1995 жылы Испанияның «Мехорада» клубына келген ойыншы бір жылдан кейін сол елдің азаматтығын алды.
Ал Предраг Раичқа келсек, бұл ойыншы топтық ойында-ақ бес доп соғып, доданың бас мергеніне айналды. Сербия құрамасы Ресей, Испания, Украина сияқты азулы командалармен ойнағанына қарамастан, Раичтың бұл турнирде айы оңынан туды. Ол Ресей және Украина құрамаларының қақпасына қос-қостан гол соқса, Испания қақпасын бір мәрте дәл көздеді.
Еуропа чемпионаты.
2010 жыл
Биро Жаде (Әзербайжан), Хави Родригес (Испания), Жоэл Кейруш (Португалия), Саад Ассис (Италия) – 5 доп
2010 жылы Мажарстанның Будапешт және Дебрецен қалаларында өткен Еуропа чемпионатында алғаш рет 12 команда қатысты. Турнирдің бас жүлдесі бесінші мәрте Испанияға бұйырды. Ал мергендерге келсек, бұл жолы төрт ойыншы сұрмерген атанды. Атап айтсақ, Биро Жаде (Әзербайжан), Хави Родригес (Испания), Жоэл Кейруш (Португалия), Саад Ассис (Италия) сынды аяқдопшылар бес доптан соғып, сұрмергендер тізімінде қатар тұрды.
Еуропа чемпионаты.
2012 жыл
Торрас (Испания) – 5 доп
Испания құрамасының сапында жасындай жарқылдаған Хорди Торрас – кіші футболда керемет нәтижеге қол жеткізген әлемдегі санаулы ойыншылардың бірі. Ол – әлем чемпионы, Еуропаның төрт дүркін жеңімпазы. Құрлықаралық кубоктың иегері. Сонымен қатар УЕФА кубогында екі рет бас жүлдеге ие болды.
2012 жылы Хорватияның Загреб және Сплит қалаларында өткен Еуропа додасында Торрас тағы бір атаққа қол жеткізді. Ол жоғарыда аталған жетістіктеріне Еуропа чемпионатының сұрмергені деген атақты қосып алды. Торрас турнир барысында қарсыластар қақпасын бес рет дәл көздеді.
Еуропа чемпионаты.
2014 жыл
Эдер Лима (Ресей) – 8 доп
Эдер Лима – Ресей футзал тарихында Еуропа чемпионатында сұрмерген атанған екінші бразилиялық легионер.
Бразилия ойыншысы 2006 жылдан 2017 жылға дейін Югорскінің «Газпром-Югра» командасының намысын қорғады. 300-ден астам ойын өткізді. Ресей құрамасындағы алғашқы ойынын 2009 жылғы әлем чемпионатында Соломон аралдарына қарсы өткізіп, жеті голдың авторы атанды. Осы ойында Ресей 16:0 есебімен жеңіске жетті.
Лима Бельгияның Антверпен қаласында ұйымдастырылған Еуропа чемпионатында 8 голды өз еншісіне жазды.
Еуропа чемпионаты.
2016 жыл
Мигелин (Испания), Марио Равильос (Испания), Алекс (Испания), Рикардинью (Португалия), Серік Жаманқұлов (Қазақстан) – 6 доп
2016 жылы Сербияның Белград қаласында өткен Еуропа чемпионаты Қазақстан футзалы үшін жақсы жаңалыққа толы болды. Қарт құрлықтың басты бәсекесіне тұңғыш рет қатысқан еліміздің аяқдопшылары қола жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар ұлттық құраманың белді ойыншыларының бірі Серік Жаманқұлов 6 доп соғып, мергендер тізімінде болды. С.Жаманқұловтан бөлек, бұл чемпионатта Мигелин, Марио Равильос, Алекс сынды испаниялықтар да өз еншілеріне алты голдан жазды. Аты аңызға айналған португалиялық Рикардиньюдің де қанжығасында алты гол бар.
С.Жаманқұлов – Қазақстан футзалы тарихында Еуропа чемпионатында гол соққан алғашқы футболшы. Ол топтық бәсекенің бірінші турында Ресей қақпашысын қапы қалдырды. Одан кейінгі ойында Хорватияның қақпасын екі мәрте дәл көздеді. Ширек, жартылай және финалдық ойындарда да С.Жаманқұлов алаңнан гол соқпай кетпеді.
Еуропа чемпионаты.
2018 жыл
Рикардинью (Португалия) – 7 доп
Португалиялық Рикардинью 2016 жылы тұңғыш рет Еуропа чемпионы атанды. Тек атанып қана қоймай, турнирдің сұрмергені және «Үздік ойыншысы» деген атақтарды қоса жеңіп алды.
Словенияда Рикардинью 7 гол соқты. Былтыр Литвада өткен әлем чемпионатынан кейін әйгілі португалиялық сұрмерген спорттық карьерасын аяқтады.