Қазақстан • 25 Ақпан, 2022

Шекара ашық қалмасын десек...

331 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ғұмырымның 30 жылы шекаралық ауданда өтті. Содан да болар, еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында Шығыс Қазақстан облысының шекара аудандарының ахуалы туралы мақалалар жарық көрісімен «күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып», қолыма қалам алып отырмын.

Шекара ашық қалмасын десек...

Шекаралық аудандардың ахуалы аз айтылып жүр деген шындыққа жанаспайды. Бұл мәселе үздіксіз көте­ріліп келе жатқанына 20 жылға жуық уақыт болды. Бұл айта-айта жа­уыр болып, әсіресе мақаншылықтар әбден түңіліп кеткен мәселе ғой. Бір кездері мақаншылықтардың бас көте­ретін азаматтары 10-15 мың қол жинап, Парламентке, бұрынғы Пре­зидентке арыздарын айтып кел­гені де ұмытыла қойған жоқ. Елор­да­да­ғы билік басындағылар мәселені жуықта шешеміз деп халық өкілдерін арқадан қағып шығарып салып, Өскемендегілермен ақылдасады. Сонда отырған бұрынғы Б.Сапарбаев, қа­зіргі Д.Ахметов мырзалар Үржар ауда­нының сол кездегі басшыла­ры­мен «ақылдасып», мәселе әлі де «пісіп-жетілген жоқ» деп шыға келгендері де өтірік емес. Өйт­ке­ні Мақаншы жеке аудан бола қал­са, Үржар бюджетін толтырып отыратын «әмияннан» айырылып қа­лып, әлеуметтік мәселелер туындап кете ме деп қорқады. Гәп – осы. Ал Үржардағы, облыстағы билік ба­сын­дағылар мемлекеттік мәселе­лер­ді жоғары биліктегілер ойласын деген көзқарастан айыға алмауда.

Анау бір жылдары Парламентте «Шекара туралы» Заң талқыланып, шекара маңында тұратын тұрғындар бір серпіліп қалып еді. Ол заңның аяғы сиырқұйымшақтанып, орындалмай отыр. «Арқанкерген», «Те­ріс­айрық» шекара бекеттеріндегі оқыс оқиғалардан соң заңның орын­далуы қатты қадағалана бастаса да ше­ка­ра­лық бекеттердің (застава­лар­дың) жағ­да­йы жақсарып кеткен жоқ.

Мәселен, осыдан 10-15 жылғы белгілі болған шекаралық бекеттер саны Мақаншы шекара отрядында он бестей болады. ҚХР-мен Ма­қаншы шекара отряды 200-дей шақы­рымнан аса мемлекеттік бөлікті қор­ғап отыр. Кеңес өкіметі кезінде шекаралық аудандағы әр ұжым әр бекетті қамқорлығына алып отыратын еді. Концерттер ұйымдастырып, спорт сайыстарын өткізетін. Соның бәрін шекаралық аудан әкімдігі, отряд ұжымы басшылығымен ұйым­дас­ты­рып, бақылау жүргізетін. Ал қазірде солай ма? Солай десе сену қиын. Себебі шекаралық отряд құрамасы Ма­қаншыда, ал аудан басшылығы – 75 шақырым қашықтағы Үржарда. Міне, сол себепті әртүрлі мәдени ша­­­раларды өткізу кезінде әкімдік Ма­­­қаншыдағы шекара сарбаздарын Үржар ауылына парад өткізуге ша­қырып, тағы басқа шараларға шақы­рып, мәжбүрлеп жатады. Ал шекара отрядына бекеттерден 60 шақы­рым­нан астам қашықтыққа баруларына әскери жарғы тыйым салады. Міне, сондықтан да, біздіңше Үржар ауда­нының орталығын Мақаншыға көшіру мемлекеттік мүддеден туындайды.

Бұрынғы Таскескен ауданының орталы­ғында да ешқандай өндіріс, базар­лар жоқтың қасы. Ал Үржар аудан орталығы мәртебесінен  айы­рылса да өзін өзі молынан асы­рай алады. Қайта «шұңқыр» сияқты орынға қамалып отырған жұртшылық бос жатқан шекара маңын­дағы ауылдарға ағылып, көше­ді. Мақаншыда
3 қа­батты әкімдік үйі (әлі бітпеген), 3 ор­та мек­теп, мә­де­ниет сарайы, кинотеатр, бірнеше мейрамхана, ауылды қақ жарып өтетін халықаралық тас жолы, түнгі уақытта жағылатын түрлі-түсті шамдар менмұндалап, қонақтарды әдемі қалаға кіргендей әсер береді. Сондықтан да мем­лекеттік мүд­дені ойластырған абзал болар еді. Бақты кеден бекеті, турис­­тік салада жыл сайын қарыштап да­­мыған Ала­көл демалыс аймағы үр­жар­­лық­тарды ең тұрмысы бақуатты аймақ­қа айналдырады деген үміт ба­сым. Бұл үшін Мақаншыға Үржар ауда­нының орталығы деп мәртебе беріп, өз­гер­ту – бүгінгі күн талабы. Сон­­­да мемле­кет­­тік мәселе оң шешімін табатыны анық.

Бір кездері Мақаншы ауданында 47 мың халық болса, қазір ел үдере көшіп, ауылдарда қарттар ғана қал­ған. Мұны тоқтатпаса мемлекет қауіп­сіз­ді­гіне қатер төнетіні айқын.

 

Сүйеубай БАЙҚАДИҰЛЫ,

мәдениет қайраткері

 

Шығыс Қазақстан облысы