Маңғыстаудың қарашаңырағы деп әспеттелетін өлкеге қатысты сан алуан тарихи оқиғалардың қай-қайсысы да соқпай кетпейтін Түпқараған – қазір тәуелсіз еліміздің тегеурінді аудандарының бірі. Қайта құру кезеңінде тоқырап, егемендіктің алғашқы жылдарында аудан мәртебесімен қайтадан ес жиған өңір. Арада өткен жиырма жыл тұтастай ауданның өркендеуіне, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, осылайша егемен еліміздің дамуына өз үлесімізді қосуға бағытталып келеді.
Бұрын теңізден балық аулап, консерві дайындайтын зауыты арқылы Одақ көлеміне танымал болған өңір қазір заман талабына сай жан-жақтылықпен өркендеуге ден қойды. Алдымен тұрғындардың әлеуметтік әлеуетін жолға қойып алмайынша, ойға алған іс те, жүзеге асырамын деген жоспар да ауырлық береді. Сол себепті, Түпқараған тұрғындарының тұрмыстық ахуалын жақсарту басты назарда болды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа жолдауларында айтылған тапсырмалар мен міндеттерді, мемлекеттік және стратегиялық бағдарламаларды, сондай-ақ аймақ басшысының іс-қимыл жоспарын іске асыру аясындағы жұмыстар ауданның біраз серпілуіне жол ашты. Бүгінгі таңда ауданда әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрақты сақталуда.
Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының Индустрияландыру картасы бойынша 6 жоба іске асырылды. «Бекіре-Аралды» сервистік ауыл шаруашылығы серіктестігінің «Тауарлық бекіре фермасын салу» жобасы халықтың балық өнімдеріне деген сұранысын өтемек. Құрылысы былтыр тапсырылған серіктестік ішкі ұйымдық өзгерістеріне байланысты қайтадан құрылды, ресейлік «БиоРосс» мекемесінен 15-20 тонна алғашқы балық өнімдерін өсіруге жіберуді жоспарлап отыр. Қалған 5 жоба теңізден мұнай игеруге бағытталған. Олар әлі толық өндірістік қуаттарына шығып кете алған жоқ, алайда, болашақта теңіздегі мұнай игеру жұмыстарының 2-кезеңіне байланысты даму мүмкіншіліктері бар. Өткен жылы жалпы ауданы 28775 шаршы метр тұрғын үй салынып, өз иелеріне табысталды. Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін инженерлік инфрақұрылымды дамыту, газбен қамту бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. «Ақ бұлақ» бағдарламасы ауданымызда сәтті жүзеге асырылып келеді, болашақта Ақшұқыр, Сайын ауылдарының ауыз-су мәселесінің түбегейлі шешілуі «Ақтау – Аэропорт» ескі су құбырына тәуелділіктен айырылып, дербес магистралдық су құбырын және ішкі су жүйелерінің құрылыстарын салуда болып отыр. Таушық ауылы, негізінен, орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Ал Қызылөзен ауылы тұрғындары үшін ауызсу әзірге уақтылы көлікпен тасып беріліп отырады.
Өткен жылы көптен бері шешімін таппай жүрген Форт-Шевченко қаласының қарғынды су ағар орталық каналының күрделі жөндеуі толықтай аяқталып, қосымша бірнеше көпірлер салынды. Аудан бойынша 2013 жылы телефон байланысымен тұрғындардың 65 пайызы, интернетпен 21,4 пайызы қамтылды.
Қанда бар қасиет болар, қазақ даласының қай түкпірінде де күні бүгінге дейін ауыл тұрғындарының негізгі тірліктерінің бірі мал болып келеді. Етін жеп, сүтін сусын ретінде пайдаланатын бұл кәсіп түрі Түпқараған ауданында да өз жалғасын тауып келеді. Бірақ, бұл тұрғыда ауданда құнарлы мал жайылым жерлерінің жетіспеушілігі және суару мәселесі бар. Жердің тілін таба білгенге, өнім көл-көсір екендігіне көз жеткізе түстік. Аудан бойынша 21 шаруашылық 133 га жерге, оның ішінде 8 га жерге тамшылата суару технологиясын пайдалану арқылы көкөніс, бақша дақылдарын егіп, 3000 тоннаға жуық өнім алынды. Өткен жылы ауданның асылтұқымды мал өсіретін екі ЖШС мен бір шаруа қожалығы 43 млн. теңгеден аса субсидия алды. Ауыл шаруашылығының дамуына «Маңғыстауагросервис» ЖШС атсалысып келеді. 2013 жылы ауданның 5 шаруашылығы аталмыш ЖШС арқылы мал жемін, қосалқы бөлшектер, тыңайтқыштар алды. Осындай қолдау-демеулердің нәтижесінде былтыр ауданның шаруа қожалықтары мен серіктестіктері әртүрлі ауылшаруашылық жәрмеңкелеріне қатысып, 11,8 млн. теңгенің өнімдерін сатты.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласы тұрақты дамуда. Ауданда еңбекке жарамды халықтың 37,3%-ы бизнес секторында істейді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру, жұмыссыздық мәселесін шешуде бізге ауданның теңіз жағалауында, экономикалық мүмкіндігі мол тұста орналасуы да біраз қолдау болды. Теңіздегі «Қашаған» кен орнының игеріле бастауы мен оған жағадан сервистік қызмет көрсететін орын ретінде Ақ Кетік қаласының солтүстік бетіндегі теңіз жағалауына мұнай операцияларын қолдау базалары орналасты. Жергілікті халықты жұмыспен қамту барысында «Бузачи Оперейтинг Лимитед» компаниясы 61 адамға, «МАЕРСК Ойл Қазақстан» компаниясы 10 адамға қоғамдық жұмыс орнын ашып, өндірістік алаңында тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларын дамыту назардан тыс қалған емес. Балабақша, мектеп ғимараттары құрылыстарын салу жыл сайын толықтырыла жүзеге асырылып келеді.
2012 жылдың қорытындысында тұрғындардан түскен ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, іске асыру үшін 17 бағытта іс-шаралар жоспары жасақталған болатын. Маңыздылығына қарай екшей келгенде, қазір осы 17 шараның 14-і жүзеге асырылуда.
Алдағы уақытта бюджет есебінен және шетелдік компаниялар қаражатынан бірнеше әлеуметтік нысандардың іргетасы қаланып, біраз жобалардың тұсауы кесілетін Түпқарағанда жастарды жұмыспен қамту мәселесі де басты назарда. Сондай-ақ, Баутин айлағын кеңейту, аудан аумағына теміржол тарту, мұнайдан басқа да жұмыс көздерін ашу, тас өндірісін қолға алу сынды зор мақсат-ойлар бар.
Елбасы тәуелсіз Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына енгізу үшін маңызды межелерді белгілеп берді. Оған әрбір облыс, әрбір өңір әр салада өз үлесін қосу қажет деп санаймын. Түпқараған ауданы алдында үлкен міндеттемелер тұр. Аймақ басшысының қолдауымен, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында алдағы үш жылдың ішінде орасан жұмыстарды жоспарлап отырмыз. Жақсы күндерге бірге жету үшін бізге ауызбіршілік, бір-бірімізге қолдау мен түсіністік қажет.
Халқымыздың көлемді мәдени мұрасы – «Қырымның қырық батыры» жырын жеткізуші Мұрын жыраудың мекені, украин халқының ұлы ақыны Т.Шевченконың ізі қалған жер – арайлы Ақ Кетік өңірінің, егемен еліміздің өркенді өңірлерінің бірі – Түпқарағанның тынысы кеңейіп, тегеуріні нығайып келеді.
Темірбек АСАУОВ,
Түпқараған ауданының әкімі.
Маңғыстау облысы.