28 Наурыз, 2014

Бас ұйымдағы Наурыз мейрамы

347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Нью-Йоркте халықаралық Наурыз мейрамының тойлануына арналған салтанатты іс-шара болып өтті. БҰҰ атынан Бас хатшының бірінші орынбасары Ян Элиассон құттықтау сөз сөйледі. Ол Батыс, Орталық және Оңтүстік Азия, Кавказ, Балқан және тағы басқа өңірлерде көп ғасырлық дәстүрге айналған көктемнің осы бір күнін тойлайтын ғаламшарымыздың барлық халқына ыстық лебізін білдірді. Сондай-ақ, Ауғанстан, Әзер­байжан, Үндістан, Иран, Ирак, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстанның Тұрақты өкілдері шараға қатысқан 400-ден аса қонақты Наурыз мейрамымен құттықтады. Қатысушылар іс-шараны ұйымдастырушы мемлекеттердің әрқайсысында Наурыздың тойлануы туралы фильмдерді тамашалай отырып, ұлттық дастарқан тағамдарынан дәм татты, салт-дәстүрлермен және көктем мерекесінің мағынасымен таныс­ты. 2009 жылғы 30 қыркүйекте Наурыз ЮНЕСКО адамзаттың бейматериалдық мәдени мұрасы тізімінің қатарына енгізілген болатын. 2010 жылғы 19 ақпанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында Әзербайжан, Ал­бания, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Македония, Тәжікстан, Түркия және Түрікменстан бастамаларымен «Халықаралық Наурыз күні» қарары қабылданған еді. «Егемен-ақпарат».