Қоғам • 27 Ақпан, 2022

Құмар ойын құрдымға құлатады

2816 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Құмар ойынға құныққан бүгін­гі ұрпақ бәс тігуден басын ала қашпайды. Букмекер­лік кеңселер мен тотализатор­лар­дың торына түскен отандас­тарымыз тапқан-таянғанын жеңіл жолмен ақша табамын деп желге ұшырып жатыр. Адал еңбек етіп, бейнеттің берекесіне бөленудің орнына ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп қал­та қампайтқысы келетіндер­дің саны артып келеді. Сөйтіп жүріп жиған-тергенінен, дүние мүлкінен, ең бастысы, абырой-беделінен, отбасынан айырылып жатқандар қаншама?

Құмар ойын құрдымға құлатады

Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС, «ЕQ»

20 жылда 200 млн теңге ұтылды

«Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің». Алайда бүгінгі «ойыншылар» құмарлықты тәуекелмен, игі іспен шатастырып жүрген секілді. Соның кесірінен отызында орда бұзбақ түгілі, қырығында қамал ала алмайтын масыл, бойкүйез буын өсіп шықты. Бұл мәселеге бұдан әрі көз жұма қарауға болмайды. Еңбекқор, ұстамды, нәпсісін тыя алатын ертеңгі ел жастарын тәрбиелегіміз келсе, қоғам болып қозғау салатын уақыт жетті. Себебі әлденеше жыл бұрын әдептің әңгімесі деп келген ойынға құмарлық әрекеті бүгінде әлеуметтік мәселеге айналып шыға келді.

Оны неге айтып отырмыз? Мәселен, жуырда Маңғыстау облысына қарасты Бейнеу ауданының тұрғыны 20 жылда 200 млн теңге ұтылғанын, ойын алаңдары өмірін ойран еткенін айтып, осындағы «Лото» клубын өртеп жіберген болатын. «Мына лото, шарик, рулетка, олимп, 1хбет, фонбет, жалпы букмекерлік конторалар қазақтың түбіне жетті. Мен Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының тұрғынымын. Аты-жөнім – Әсет Игілікұлы Сүлейменов. 1985 жылы дүниеге келдім. Осы ойын­ды ойнап келе жатқаныма 20 жылдан аса уақыт болды. Бұл азарт ауру ма, білмеймін. Осы уақытқа дейін 200 млн теңге ұтылдым деп айтуға болады. Осы азарт менің түбіме жетті», деп жазды ол әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.

Құдай берген 4 баласын, әке-ше­шесін, аға-бауырларын, апа-қарын­да­сын, дос­тарын жерге қаратқанын айтып ашынады. Алдап ақшаларын да алған көріне­ді. Тіпті ойынға ақша табу үшін түрлі қитұрқы әрекеттерге де барыпты.

«Ақшаны алғанша зат, мал, темір, тас, көлік қозғалтқышын, тірке­месін сатамын деп әртүрлі өтірікті айта­сың. Әйтеуір сол ақшаны алудың ама­лын жасайсың. Сол ақшаға 1 нан ал­майсың, иә бала-шағаңа бұйырмайды. Асты­ма көлік, басыма баспана алған жоқ­пын. Үйім жоқ. Қор болдым. Тепсе темір үзетін қаншама нар жігіт­­тер осыдан қор болып жүр. Қан­ша­ма отбасы бұзылды. Қан­шама адам қарызданып, өз-өзіне қол жұмсап жатыр. Менің де өзіме қол жұм­са­ған кездерім болды. Ал енді мына Бей­неудегі лотоны өртемеске бол­мады. Ауылымызда осыдан басқа жынойнақ жоқ. Мен ешқандай жауап­кершіліктен қашпаймын. Адамдардан алған барлық ақшам осы азарт ойын­дарға кетті», деді Ә.Сүлейменов.

Азамат қолымен істегенді мойнымен көтеретінін және мұндай әрекетке өз еркімен барғанын жазады. «Лото» клубындағы «кено», «русская рулетка» ойындары заңсыз екенін де айтады. «Ауылдың азаматтары, ауыл жастары мен сияқты қор болмасын. Осы өртенгеннен кейін қайта аша қоймас деп ойлаймын. Әрбір істеген ісімді басыммен көтеремін. Ауылдарыңда осындай бәлелер ашық болса, шама келгенше иелеріне барып түсіндіріңдер. Бұл азарт ойыннан ешкім ұтпайды. Баршадан кешірім сұраймын», деп түйіндеді «Лото» клубына от қойған Бейнеу тұрғыны.

Желге ұшқан 75 млн теңге

Екі онжылдықта 200 млн теңгені желге ұшырып жіберген адамды бұрын-соңды көрмеген де болармыз. Алайда мұндай жағымсыз жайттар мен опасыз оқиғалар жетіп артылады. Айталық, күні кеше Төлеби аудан­дық полиция бөлімшесіне Ленгер қаласының тұрғыны арызданды. Бала­сына алаңдаған анасының ай­туын­ша, жасы 30-ға жақындаған ұлы үйінен шығып кетіп, қайтып оралмапты. Төрт тәулік іздейді. Ұлы ұшты-күйлі жоқ. Нәтиже болмаған соң үміті үзіле бастаған ана полицейлерге хабарласады. Аталған бөлімшенің қызметкерлері хабарлама түсе салысымен оқиға орнына жетіп, жедел-іздестіру жұмы­сын бастап кетеді. Іздеу жұмыстары­­на жергілікті полиция қызметінің учас­келік полиция қызметкерлері, же­­дел уәкілдер мен патрульдік поли­цей­лер жұмылдырылады. Арада бір апта уа­қыт өткенде Түркістан поли­цей­лері жо­ғал­ған жігітті Алматы қала­сын­да жүр­ген жерінен тапты. Бел­­гілі бол­ған­дай, табылған азамат та­ныс­тарынан 75 млн теңге қарыз ақша алып, оны құ­мар ойынға жұмсап жібе­ріпті. Ол өз сө­зінде қарызға алған ақша­ны қай­тара ал­мағандықтан, Алматы қала­сына қашып кетуге мәжбүр болғанын жеткізді.

Жерде жатқан 75 млн теңге жоқ. Миллиондаған сома түгілі, 75 мың теңгенің өзін таныс-тамырдың «жүз рет өлшеп, бір рет кесіп» барып беретіні анық. Яғни ойынқұмар азамат мұнша көлемді қаражатқа қол жеткізу үшін айланың алуан түріне барғаны байқалады. Алдау. Арбау. Бәзбіреудің сеніміне селкеу түсіру. Опасыз ойын осыған жетелейді. Соған қарамастан жанарды жаулаған букмекерлік кеңселердің жарнамасынан аяқ алып жүре алмайсыз.

Құмар ойыншылардың саны 350 мыңнан асады

Жуырда Сенат депутаты Дана Нұржігітова букмекерлік кеңселерді жарнамалауға тыйым салу мәселесін көтерді. Сенатор ойын бизнесі туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде бірқатар шараларды ұсынды. Оның айтуынша, депутаттарға азаматтардан көптеген өтініш келіп түседі. Осылайша, отандастарымыз букмекерлік кеңселерді жарнамалауға қатысты заңнамалық шаралар қабылдауды талап етеді.

«Жарнама туралы» заңға сәйкес казино мен интернет-казино қызметтерін жарнамалауға тыйым салынады. Бірақ букмекерлік кеңсе­лердің қызметтерін жарнама­лауға тікелей тыйым жоқ. Сондықтан мұн­дай компаниялардың жарнамалары интернетте агрессивті түрде алға жылжуда. Осы фактіні ескере оты­рып, букмекерлік компанияларды жар­намалауға толық тыйым салу бойын­ша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет», деді Д.Нұржігітова.

Сенатордың мәліметінше, Қазақ­станда құмар ойыншылардың саны 350 мыңнан асады. Ал бір ойыншының орташа қарызы 10 млн теңгені құрай­ды. Депутат бұл мәселеге де назар аударуды сұрады. Ол сондай-ақ ойын бизнесі субъектілерінің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту бойынша тиісті жұмыстар жүргізу қажеттігін де атап өтті. 10 млн – аз ақша емес. Ал халық саны небәрі 19 млн-ға жуық елімізде ондай ойыншылардың саны 350 мыңнан асып отырғаны көңілге кірбің ұялатады. Себебі бұл көрсеткіш жыл санап артпаса, кемімейді. Бұған заң жүзінде қандай да бір тосқауыл қоюға бола ма?

Бақсақ, болатын секілді. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын 2020 жылы 2 шілдеде Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ­стан Респуб­ликасының кейбір заңна­ма­лық акті­леріне ойын бизнесі мәсе­лелері бо­йынша өзгерістер мен толықты­рулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Заңдағы 11-баптың 1 жəне 2-тармақтарында «Казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар (букмекерлік кеңселердің жəне (немесе) тота­лиза­торлардың кассалары) Алматы облысында Қапшағай су қой­масының жағалауында жəне Ақмола облысы­ның Бурабай ауданында жергілікті атқару­шы органдар айқындайтын аумақ­тар шегінде орналастырылуға жатады. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген аумақтарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында казиноны, ойын автоматтары залдарын, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды (букмекерлік кеңселердің жəне (немесе) тотализаторлардың кассаларын) орналастыруға тыйым салынады», деп анық жазылған.

Ойынға қатысуды шектеуге болады

Еліміздегі Қапшағай мен Бурабай­дан өзге орындарда орналасқан казино, ойын автоматтары залдары, бук­мекерлік кеңселер мен тотализатор­лар­дың қызметі заңға қайшы. Сон­дай-ақ Заңның 15-бабында құмар ойындарға жəне бəс тігуге жиырма бір жасқа дейінгі жеке тұлғалардың, сондай-ақ құмар ойындарға жəне бəс тігуге қатысуы шектелген адамдардың қатысуына тыйым салынады делінеді. Бұған қоса ондай орындарда құмар ойындармен жəне бəс тігумен шектен тыс əуестенудің зияны туралы ескерту, шектеу тəртібі туралы мəлі­меттер болуға тиіс. Ол аз десеңіз, ойын­ға са­лын­ғандарға, олардың жақын туыс­тарына психологиялық көмек көр­се­тетін мамандардың (мекеме­лер­дің, ұйымдардың, қызметтердің) орна­ласқан жері мен байланыс нөмірлері көрсетілуі міндеттеледі.

Айтайық дегеніміз, Конституцияда ондай ойындардан келетін зиянды ес­керту мен оның алдын алуға бағыт­тал­­ған заң жүзіндегі қадамдар бар. Бірақ оны елеп-ескеріп жатқан ойыншы­лар шамалы. Байқасаңыз, осы заңның 15-ба­бындағы құмар ойындарға қаты­суы шектелген адамдар туралы айтқан бола­тынбыз. Олар қандай адамдар? Он­дай шектеуді қалай қоюға болады? Бұл үшін жеке тұлға кез келген ойын бизнесін ұйымдастырушыға еркін нысандағы жазбаша өтінішін беру арқылы алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге өзін құмар ойынға қатысудан өз бетінше шектей алады. Өтініште жеке басын куəландыратын құжат де­рек­тері, құмар ойындарға жəне бəс тігу­ге қатысудан шектеу мерзімі, өті­ніш берушінің жеке қолтаңбасы болу­ға тиіс. Берілген өтініш қайтаруға немесе кері қайтарып алуға жатпайды. Он­дай өтінішті бір ойын мекемесіне бер­ген адам құмары оянған кезде келесі ойын­­ханаға барып қызыққа кенеле ал­майды. Неге? Себебі ойын бизнесін ұйым­дас­тырушылардың біріне өтініш беру ел аумағындағы барлық ойын биз­­не­­сін ұйымдастырушыларға өті­ніш беру ретінде қаралады. Ойын бизне­сін ұйым­дастырушы қабылдаған жəне тірке­ген өтініштің көшірмесі қабыл­дан­­ған күннен кейінгі бес жұмыс күні­нен ке­шік­тірілмей уəкілетті органға жіберіледі.

Сондай-ақ жақын туыстары, отбасы мүшелері ойынға салынған азаматтың теріс əрекетін шектеу туралы өтінішпен уəкілетті органға жүгінуге құқылы. Уəкілетті орган мұндай өтініш келіп түскен күннен кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірмей жеке тұлға туралы мəліметтерді құмар ойындарға қатысуы шектелген адамдар тізіміне енгізеді. Оған уəкілетті органның интернет-ресурсы арқылы ойын бизнесін ұйымдастырушылар ғана қол жеткізе алады. Ал ойынға қатысуы шектелген адамдар туралы ақпарат құпия қалпында сақталады.

«Дәніккеннен құныққан жаман». Өкінішке қарай, құмарлыққа құныққан адамдар «Заң атаулының барлығы оны бұзу үшін жазылған» деген қағидамен ғұмыр кешіп келеді. Анығында заң адамды адал, алаңсыз өмір сүруге, ал қоғамды дұрыс жолға түсіруге арналғаны анық. Тіпті «Ойын бизнесі» туралы заңы білмейтін адамдар да бар арамызда. Бәлкім, бейнеулік азамат кез келген ойын бизнесін ұйымдастырушыға жазбаша өтініш беру арқылы өзін шектей алатынын білсе, «Лото» клубын өртемес те ме еді? Бәлкім, шектен тыс əуестенудің зия­ны туралы мәліметке мән берсе, Ленгер қаласының тұрғыны 75 млн теңгені желге ұшырып жібермейтін бе еді? Бұл бізге белгісіз. Белгілісі ойынқұмарлық осы күні әлеуметтік мәселеге айналды.