АҚШ бес ресейлік банкке – ВТБ, «Совкомбанк», «Открытия», «Новикомбанк» және «Сбербанкке» санкция салды. Алғашқы төртеуінің АҚШ-тағы активтері бұғатталып, олармен бүкіл америкалық және еуропалық ұйымдардың жұмыс істеуіне тыйым енгізілді. «Сбербанкке» салынған санкция сәл болса да жұмсақтау: банктің америкалық корреспонденттік шоты жабылып, банк доллар арқылы операция жүргізу мүмкіндігінен айырылды. Сондай-ақ «Альфа-банктің» америкалық капитал нарығына шығуы шектелді.
Аталған банктердің еншілес ұйымдары біздің елде де жұмыс істейді. Әзірге олар жұмыс штаттық режімде жүріп жатқанын мәлімдеді.
«Сбербанк» баспасөз қызметінің хабарлауынша, теңгедегі және шетел валютасындағы шоттардан ақша шешіп алу және оларды толықтыру кеңселерде, банкоматтарда, Sber KZ және «СберБизнес» мобильді қосымшасында, сондай-ақ басқа да қызмет көрсету каналдарында шектеусіз қолжетімді. «Альфа-банк» болса, шектеулер Батыс нарықтағы жаңа акциялар мен облигацияларға қатысты, санкция операциялық қызметтерге кедергі келтірмейтінін жеткізді. Банк ВТБ (Қазақстан) да қазіргі уақытта өтімділік пен капиталдың жоғары деңгейін сақтай отырып, қаржылық қызметтердің негізгі түрлерін ұсынуды жалғастырмақ. «Қабылданған шектеулер клиенттер қаражаттарының сақталуына және қолжетімділігіне әсер етпейді. Банк клиенттер алдындағы өз міндеттемелерін орындайды. Қолма-қол ақшаны елдің бүкіл аумағындағы ВТБ-нің кез келген банкоматынан және серіктес банктерден алуға болады», делінген мәлімдемеде.
Бәрі де жақсы-ақ делік. Бірақ Ресейдің SWIFT төлем жүйесінен ажыратылуы банктердің басына қара бұлт үйіретіні сөзсіз. Банктердің ғана емес, жалпы қаржы нарығына төнген қатер. Ажыраудан кейін бүкілресейлік банктердің халықаралық нарықпен байланысы үзіледі, жеке және заңды тұлғалар тауарларды импорттау, экспорттау, қарыз алу мен инвестициялау мүмкіндігінен айырылады. Айтпақшы, SWIFT-тің Society for Worldwide Interbank Financial Telecommunications болып тарқатылатынын, қаржылық мекемелердің жаһандық кооперативі екенін де айта кетейік.
«Ресей экономикасы үшін тым ауыр. Ақша «А» дан «Б»-ға жету үшін бірнеше эмитент арқылы өтеді. Бұл өз кезегінде комиссиясы үлкен әрі ұзақ уақыт алады. Экспорт, импорт, жалпы тауар айналымы бәсеңдейді. Ақша айналымы ұлттық валютасын әлсіретеді. Импортталатын тауарлардың ассортименті тарылады, тіпті кейбір тауарлардың тапшылығы да орын алуы мүмкін», деп жазады сарапшы Нұрсұлтан Ерболатұлы.
Freedom Holding Corp иесі Тимур Турловтың айтуынша, егер тыйым салатын қосымша санкциялар болмаса, SWIFT-сіз де доллармен есеп айырысуға болады. Экономист Қасымжан Қаппаровтың сөзіне қарағанда, SWIFT жүйесінің ажыратылуы салдарынан «Сбербанк» пен ВТБ шетелдік банктерге қаржы аудара алмайтын болады.
«Қазір мұндай шара Иран мен Солтүстік Корея банктеріне қатысты қолданылуда. Қазақстанда ресейлік банктердің еншілес банктері жұмыс істейді – «Сбербанк», ВТБ, «Альфа». Бас банктердің жабылуы қазақстандық еншілес банктер үшін қиындықтар туғызуы мүмкін. Басқаны былай қойғанда, ресейлік компаниялар қолданыстағы келісімшарттар бойынша Қазақстанға қаржы аудара алмайды. Бұл сыртқы сауда операциялары бойынша экономикалық қарым-қатынастың тоқтауына әкеледі. Сондай-ақ SWIFT-тен ажырау теңге курсына да жағымсыз әсер береді», деп жазды экономист.
Телеграмдағы RiskTakersKZ каналының жазуынша, ресейлік екінші деңгейлі банктерге салынған санкцияның Қазақстанға сөзсіз әсері болады.
«Квазимемлекеттік компаниялар уақытша бос ақша қаражаттарын орналастыруға аса ықыласты бола қоймайды. Алайда бір сәттік қатты ақша ағыны болмайды, бірақ қорландыру баяулайды. Оның үстіне «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және өзге де ұйымдардың комплеанс қызметі басшылыққа әлеуетті тәуекелдері туралы хабарлап отыруы керек. Квазимемлекеттік компаниялар басшылығындағы адамдар Ресей әрекетімен келіспеуі мүмкін және бұл банктерді таңдау кезінде көрінеді. Айтпақшы, аз уақыт бұрын нарықта «Сбердің» «Халық банк» акцияларын сатып алуы туралы ақпарат тарады. Сол кезде бұл ақпаратқа күмәнмен қарап едік, енді оның да еш мәні қалған жоқ. Ондай келісімнің жүзеге асуына ешкім жол бермес», деп жазады канал.
Украинадағы ахуал аясында S&P халықаралық рейтинг агенттігі Ресейдің шетел валютасындағы ұзақ мерзімді тәуелсіз несие рейтингін ВВВ-дан ВВ+ деңгейіне, ұлттық валютасындағы рейтингін ВВВ-дан ВВВ- деңгейіне төмендетті. Агенттіктің мәлімдеуінше, санкциялар Ресейдің экономикалық және сыртқы сауда белсенділігіне, қаржылық тұрақтылығына тікелей және жанама әсерін тигізеді. Осылайша, Ресейдің несие рейтингі Қазақстаннан да (ВВВ-, тұрақты) артта қалды. Сарапшы Айбар Олжайдың айтуынша, Ресей несие рейтингінің ВВ+ деңгейіне түсуі қаржыгерлер тілімен «мусор» деп аталады. Оның сөзіне сүйенсек, жақында Қазақстан орыс гастербайтерлерімен бетпе-бет келуі ықтимал.
«Қазірден бастап болашақ орыс гастербайтерлерін тиімді пайдалану, әсіресе техникалық мамандық иелерін жаңа инновациялық салалар құруға жұмылдыру бойынша жоспар құру қажет. Сонымен бірге санкциядан не істерін білмей отырған, бұған дейін Ресейде жетістікке жеткен, технологиялары бар IT компанияларды өз юрисдикциямызға алып, оларды Қазақстанға ірі салық төлеп, біздің мамандарға жұмыс орындарын ашатындай шұғыл келіссөздер өткізуге болады. Ол бюджеттің көптеген проблемасын шешеді», дейді сарапшы.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бір-екі банкке тәуелді ел емес екенімізді айтады.
«Адамдардың өзге де банк қызметтерін пайдалануына мүмкіндік беретін резерв бар. Қазақстан – SWIFT-тің белсенді қатысушысы. Егер Ресейді SWIFT-тен ажыратып тастайтын болса, біз тығырықтан шығар жол табамыз», дейді министр.
Батыс елдері Ресейді SWIFT-тен ажыратуды толық мақұлдады. Бірақ шектеу ішінара енгізілуі мүмкін. Қазір SWIFT нақты қандай ресейлік банктердің қара тізімге кіретінін талқылауда. CNN-нің хабарлауынша, SWIFT-тен ажырау Ресейдің экспорт-импорттық операцияларына кері әсер беріп, халықаралық қаржы операцияларын қиындатады. «Ресейлік компаниялар мен олардың шетелдік клиенттері, әсіресе доллармен төлем жасайтын мұнай мен газ сатып алушылары үшін шок болуы мүмкін», деп хабарлайды арна.