Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығы жанында жастарға қызмет көрсету орталығының (ЖҚО) ашылу рәсімі өтті. Ол жерде жастарды жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламалары, тұрғын үй сатып алу, заң, сондай-ақ волонтерлік мәселелері бойынша тегін кеңес ала алады. Орталық жұмысының негізгі мақсаты – жастарға және жастар ұйымдарының қызметіне ақпараттық-консультациялық көмек көрсету.
Облыстық жастар-ресурстық орталығы басшысы Мәнсия Есекеева өз сөзінде қалада жастарды қолдау бойынша қызмет көрсету орталығы жұмыс істеу керектігін атап өтті. Осы себепті жастарға арналған осындай орталық алғаш рет ашылып отыр. Онда бірнеше қызмет түрлері көрсетілетін болады. Мысалы, бүгінде «Отбасы банкі» қолжетімді тұрғын үй сатып алу мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетеді, ал жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері жастарды қолданыстағы жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламалары бойынша хабардар етеді.
Аталған орталықтың қызметі жөнінде Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев баяндап, қала студенттеріне арналған кеңес беру алаңы дәл сол сәтте іске қосылды. «Біз, Жоғары қазақ гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері, жастарға қызмет көрсету орталығының ашылуына келдік. Болашақта көмекке қайда жүгінуге болатынын білеміз. Қаламызда осындай орталықтың ашылуы қазіргі жастар үшін тамаша жаңалық деп есептеймін. Себебі, олардың әрқайсысы жұмысқа орналасу, психологиялық, сондай-ақ басқа да мәселе бойынша өтініш білдіре алады», деді 3-курс студенті Гүлзада Қожамұратова.
Айта кету керек, кез келген адам жұмыс күндері аталған жастарға қызмет көрсету орталығына жүгіне алады.