Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық прокуратурасы алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертіне шалдыққан ауруларды еріксіз емдеуде аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің өрескел заң бұзушылықтарға жол бергенін анықтады.
Азаматша Ж.Көбенова баласы А.Досалиевтың спритті ішімдік ішіп алып, отбасына тыныштық бермейтінін, араққа салынып кеткенін және өз еркімен қоя алмайтынын көрсетіп, аудандық ішкі істер бөліміне шағымданады. Осы арыз негізінде аудандық ішкі істер бөлімі оны араққұмарлықтан еріксіз емдеу мекемесіне жіберу туралы аудандық сотқа ұсыныс келтіреді. Нәтижесінде соттың 2013 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысымен Асылхан Досалиев Қызылорда қаласындағы медицина тәуелділігі орталығына 6 ай мерзімге еріксіз емдеуге жіберілген.
Ал Қазақстан Республикасының «Алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертіне шалдыққан ауруларды еріксіз емдеу туралы» Заңының 3-бабына сай, алкоголизмге шалдыққан деп тануды Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген тәртіппен тиісті медициналық куәландырудан кейін мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады. Аталған заңның 4-бабында сондай-ақ алкоголизмге шалдыққан ауруларды еріксіз емдеуге жіберуді рәсімдеуді ауру туыстарының, ішкі істер, прокуратура органдарының бастамасымен медициналық қорытынды бар болған жағдайда мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асыратыны айқындалған.
Алайда, А.Досалиевты еріксіз емдеуге жіберу денсаулық сақтау мекемесі емес, ішкі істер органы рәсімдеп, аудандық соттың заңсыз қаулы қабылдауы негізінде жүзеге асырған. Аудандық ішкі істер бөлімінің А.Досалиевты оның анасының арызына сәйкес, маскүнемдіктен емдеу мекемесіне еріксіз жіберу туралы сотқа ұсыныс беруге заңмен көзделген өкілеттігі болмаған.
Осы тектес заң бұзушылықтар, азаматтар Ж.Дәукеновке, Е.Апеллевке, А.Алтынбековке, С.Әділовке, Р.Шалқыбековке, Е.Көшербаевқа, М.Фофановқа, Н.Әлиге және А.Нұрәлиевке қатысты қабылданған қаулыларында да орын алған. Осының салдарынан, аталған азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына елеулі түрде нұқсан келтіріліп, олардың конституциялық құқықтары өрескел бұзылған.
Осыған сәйкес, Жаңақорған аудандық прокуратурасы аудандық ішкі істер бөліміне заңдылықты бұзушылықты жою жөнінде ұсыныс енгізіп, нәтижесінде кінәлі қызметкерлердің тәртіптік жауапкершіліктері қаралды.
Ақмарал Жанесенова,
Жаңақорған ауданы прокурорының көмекшісі.
Қызылорда облысы.
Фото: vse-znat.ru.