Қоғам • 28 Ақпан, 2022

Жүректен шыққан жылы сөз

1306 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Рахмет сіздерге! Алла жар болсын!». Бұл – қаңтар оқиғалары кезінде жазықсыз жапа шеккен 200-ден астам адамға тегін адвокаттық көмек көрсетіп, бостандыққа шығуларына түрткі болған «Аманат» тәуелсіз комиссия мүшелеріне жиі айтылатын сөздердің бірі. Жүректен шыққан осы екі ауыз сөзден-ақ қиын сәтте әділдік іздеп, құзырлы органдардан араша сұрап шырылдаған халықтың риясыз көңілін, шынайы ықыласын аңғаруға болады. 

Жүректен шыққан жылы сөз

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

«Қасіретті қаңтар» Қазақ­стан тарихын жаңа бет­бұ­рыс­қа алып келді. Біз тәуелсіз еліміздің тағдырын сөз еткенде қаңтар оқиғаларына дейін және кейін деп сараптайтын болдық. Басымыздан өткерген қайғылы қаңтар оқиғалары бізге үлкен сабақ болғаны да анық. «Аманат» – осы оқиғаларға байланысты негізсіз қудаланған аза­маттардың құқықтары мен бос­тандықтарын қорғау үшін құрылған комиссия. «Ама­наттың» құрамында сегіз адам бар. Оның екеуі кәсіби заңгер, комиссия төрағасы Абзал Құс­пан мен Мәди Мырзағараев, сондай-ақ Ұлттық кеңес мүшесі Уайс Ерсайынұлы бар.

Қаңтар оқиғаларын тергеу кезінде жазықсыз жапа ше­гіп, құқықтық көмекке зәру болған­дарға қолдарынан келгенін аянып қалмаған аманаттықтар­ға қарапайым азаматтардың айтар алғысы көп. Солардың бірі – Алматы қаласының тұрғыны Жасұлан Амангелдинов. Қанды қаңтар кезінде бір көзінен айы­рылып, бір құлағы естімей қалған, кейіннен тергеу изоля­торында азап көрген азамат: «Аманат» ұйымына, соның ішінде Абзал Құспан бастаған ағаларымызға айтар алғысым шексіз. Үйіме, отбасыма аман-есен оралуыма себеп болған ағаларымның жасап жатқан бар жақсылығы Алладан қайт­сын. Басыма осындай қиын іс түскенде жаныма медеу болып, еңсемді көтерді. Сынып кетпеуіме де бірден-бір себепші болған – солар», дейді. Отыз жастағы Жасұланның тергеу изоляторында көрген қорлығы мен азабы бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген болатын. Аурухана төсегінде жатқан жерінен сүйреп әкетіп, ойларына келгенін істеген жандайшаптардың қорлығынан алып шыққан адвокат Абзал Құспанға риясыз рахметін айт­қан жігіттің тағдыры ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Ал бауыры Жандостың тағдыры үшін шыр-пыр болған Елдос Қарсыбаев: «Бауырымның тергеу абақтысынан босап шығуына «Аманат» тәуелсіз комиссиясы мүшелерінің көп көмегі тиді. Алғыс айту күні қаңтар оқиғасы кезінде негізсіз қамауға алынған әр қазақтың тағдырына араша түскен Абзал Құспан, Еркін Рақышев секілді азаматтарға шын жүректен алғыс айтамыз. Ол кісілердің арқалаған аманаты ауыр. Сондықтан да қиын да жауапты істеріне тек абырой тілеймін. Еліміздің осындай азаматтары аман болсын!», деген жүрекжарды тілегін білдірді.

Алғыс – адамның жүрегінен шығатын шынайы, таза ілтипат. Оны өтірікпен, жағымпаздық­пен жылтыратып тапсырыспен жасап шығара алмайсың. Ал кешегідей ел басына, ер басына күн туған сын сәтте ең бірінші адамдығы мен азаматтығынан айнымаған аманаттықтардай адвокаттардың алғысқа бөленуі еріксіз қуантады. Естеріңізде болса, қаңтар оқиғаларына байланысты еліміз бойынша 800-ге жуық адам қамауға алынған еді. Аманаттықтардың араласуымен олардың 200-ден астамы бостандыққа шықса, оның ішінде 2 әйел және 12 кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншек бар.