Қоғам • 28 Ақпан, 2022

Елдің ісі ер қолында

1657 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақ халқының бір жақсы қасиеті өткен жылдардың қиындығы, ел-жұртқа жайлылығы жөнінде неше түрлі сараптама жасап, аяғын жақсылыққа әкеліп тіреп отыратындығында. 2021 сиыр жылы қазақ халқы үшін емес-ау, әлем халықтарын әбігерге салған ауырлау жыл болды. «Тәж тажалдан» елге белгілі зиялы қауым өкілдері мен қазақтың небір асыл ұл-қыздары мәңгілікке сапар шекті.

Елдің ісі ер қолында

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

 «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, табиғи қуаңшылық пен егістіктерге су жетіспеушілігі, алыпсатар делдалдардың жымысқы әрекеттері, қымбаттаған түрлі дүниелер елімізді тығырыққа тіреді. Осының бәріне шыдаған халқымыз жыл соңында егемендігіміздің отыз жылдығын ел болып атап өтіп, болған іске бекем болудың үлгісін көрсете білді.

Ұшар басынан етегіне дейін ақ ұлпа қарға малынып, күмістей жарқырап жататын Алатаудың маңайында биыл қар аз. Жер беті қоңырқошқылданып, сүреңсіздеу кейіпте жатыр. 2022 Барыс жылы да күн бұлыңғырланып, зеңгір көкті тарғыл бұлт бүркеп, ел еңсесін ауыртпалық басқандай болып тұрды. Өткен жылдың соңына таман қара басының қамын ғана ойлайтын монополистер мен алыпсатарлардың өзара ымыраласуының себебінен табан астынан 60 теңгенің сұйық газы 120 теңгеге көтеріліп, «шықпа, жаным, шықпа» деп отырған халық наразылығы әлеуметтік желі беттеріне шыға бастады. Ашкөз тойымсыздардың бұл қылықтарын сынға алғандардың өтініш-арыздары айтылып та, жазылып та жатты. «Аға деп барсаң ағаға, ағаның көңілі көкте жүр, бауыр деп барсаң бауырға бауыры оның көк темір» деп Есенқұл ақын айтпақшы, «Тәж тажал» құрғақшылық, қымбатшылықтан запа шеккен халық биылғы барыс жылынан үмітті еді. Бірақ олай болмады. Сұйық газдың бағасының күрт жоғарылауы Жаңаөзен, Атырау халқының на­ра­зы­лы­ғын күшейтіп, ереуілге шығуға әкеліп тіреді. Президентіміздің тапсырмасымен онда барған үкімет өкілдері бұрын оны байқамағандай, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты сезбегендей кейіп танытып, бейбіт шерушілермен мәмілеге келген сыңайда бағаны амалсыздан бұрынғы қалпына келтіруге мәжбүр болды.

Дүрбелең қатты белең алған тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіп­сіз­­дік кеңесінің төрағасы әрі Пре­зидент ре­тін­де теледидардан Үндеу жасап, ұйым­дастырушылардан келеңсіздікті тоқ­­татуын қайта-қайта өтінді. Қала ғима­рат­­­тарын қирату, тонау орын ала бастады. Бұл қазақ халқына тән қасиет емес еді. Мем­лекетке қорған болып, халықтың қа­уіп­сіздігін қорғайтын құзырлы мекеме қызметкерлері ғимараттарын бос қалдырып, табанын жалтыратып тайып отырды. Істің соңы күрделеніп, мемлекет төңкерісіне бағыт ала бастағандай болды. Қазақстан халқының қауіпсіздігі мен егемендігіне нұқсан келмесі үшін Президент шұғыл шаралар қабылдап, ҰҚШҰ (ОДКБ) ұйымынан көмекке күш сұрайтынын жария етіп, лаңкес, со­дыр терроршылар отанымызға басып кіргенін мәлімдеп, шарасыздықтан оларға қатаң жаза қолданатынын айтып, соңғы шараларға баруға мәжбүр бол­ды. Барлық қалада коменданттық сағат орнады. Бейбіт шерудің арты бейіт­ке сүйек көтертті, бас көтерушілерді жап­пай темір торға қамай бастады. Бұл оқиға 1986 жылы өзіміз үш күн ішінде бол­ған Желтоқсан көтерілісін көз алды­мыз­ға келтірді. Ол кезде институтты бітіргеніме екі жыл болған Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылында жетекші маман болып жүрген кезім еді. 14 желтоқсан кезекті демалысыма шығып, 15 желтоқсан Алматыда ақын інім Әзімбек Жанқұлиев, жезқазғандық күйші Алпысбай Тұрсынбеков үшеуміз жолығып, Байсейітов көшесінің бойын­да­ғы Абай көшесінен жоғарырақ қы­мыз­ханада бас қосып, өткен студенттік күн­дерімізді еске ала, жақсы көңіл күй­мен тарасқанбыз. 1986 жыл. 16 жел­тоқсан күні теледидарда кешкі жаңа­лық­­тардан диктор Ласкер Сейітов, Қа­зақ­стан Коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев жұмысынан босатылып, орнына Ресейден Ульянов облысының бірінші хатшысы Г.Колбиннің келгенін хабарлады. 17 желтоқсан күні сағат ондар шамасында халық көтеріліп, зиялы қауым өкілдері бар, көбінесе жастар алаңға жинала бастады. Бәріміз алаңға бардық. Түс ауа алаңдағы мінберге халықты тоқтату мақсатында 4-5 кісі көтерілді. Есімде қалғандары жоғары шенді қызметкерлер: З.Камалиденов, Мирошник, Н.Назарбаев. Бір кезде шетте тұрған кісі, «Мен министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпын» деп сөз бастап, «Орталық комитеттің шы­ғар­ған шешіміне қарсы келмейік, жас­тар тараңыздар» деп басу айтты. Оны құлаққа ілген ешкім бола қоймады. Халық, басшылық мәселесі шешімін таппай алаңнан тарамайтынын мәлімдеді. Кешкісін апыр-топыр әскер шақырылып, жиналған халыққа көз ашытатын түтінді дәрілер лақтырылып, өрт сөндіретін машиналарымен су шаша бастады. Бұл, әрине, жоғарғы жақтың тапсырмасын орындаушы қауіпсіздік комитеті КГБ қызметкерлерінің құйтырқы әрекеттері еді. Қалай десек те, ТМД аумағында кеңес дәуірінің қыспағынан елінің бос­тан­дығын сұрап, бірінші болып бас кө­тер­ген қазақ жастары екені даусыз еді. Бәрі бүгінгідей көз алдымда сайрап тұр.

 Төртінде басталған ереуіл қаңтардың 10-на қарай саябырси бастады. Прези­ден­ті­міз Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардың 11-і күні халыққа тағы Үндеу жа­рия­лады. Мемлекет қызметкерлері, және шексіз байып алған ат төбеліндей алпауыт олигархтар, монополистермен халық арасының жер мен көктей ал­шақ­тауы, елдің кедейленуі, жастардың жұмыссыздығы, жұрттың жүйкесін жұ­қарт­қан жүйенің осы мәселелерге себеп болғандығын басып айтты. Үкімет басшысының бар мәселені уысынан шығарып алғандығын сынға ала отырып, А.Маминді орын тағынан босатты. Отанымызға лаңкес, содырлардың еркін кіргенін, сыртқы, ішкі қауіпсіздікті қадағаламай еліне опасыздық жасаған ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовті, және орынбасарларын орнынан алып абақтыға жапты. Қақтығыста кәсіпкерлер запа шегіп, құқық қорғау қызметкерлері мен жазықсыз жастар оққа ұшты. «Кесені қолыма алып қарай бердім, ішінде нақақ көзден жас бар ма деп?», деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтпақшы, жа­зықтылар өз жазасын алар-ау, бейбіт шеруге шығып, арандатушылардың ке­сі­рі­нен жапа шегіп, он екіде бір гүлі ашылмай набыт болғандардың ана­ла­ры­ның көңілдерінің көгілдір шықтары, көзінің жасы болып тамшылап, кесеге толғаны жүрегіңе салмақ салады. Бұл жазықсыз жастардың қаны, обалы кімнің мойнында екені бір Аллаға ғана аян.

Осы жағдайды қарап отырып, біздер әркез науқаншылдыққа салып ұран­да­та бермей, неге ақ табан ат мініп, қара сойыл сүйретіп өткен тарихымыз­дан сабақ алмадық екен деген ой келе­ді. ХV ғасырдың екінші жартысында 1460-жылдардың орта шені мен 70-жыл­дар­дың бас кезінде Алтын Ор­да­дан бөлінген Ақ Орда хандарының ұр­пақтары Жәнібек пен Керей Қазақ хандығын, мемлекеттілігін құрған мезеттен бастап, қазақ халқына тыныштық болмағанын тарихымыздан білеміз. 1640 жылы қазақ жеріне алғаш жорығын бастаған Жоңғар шапқыншылығы 1760-жылдарға қарсы аяқтала бастады. Жүз жылдан аса қазақ жеріне шап­қын­шылық болғаны, қаншама хал­қы­­мыз осыдан зардап шегіп, жойы­лып кет­кені тарихымыздың қаралы бет­те­рін­де тайға таңба басқандай болып, сорақы әріптермен жазулы тұр. Осы кезеңдердегі хан, би, батырларымыздың ерлігі турасында Қазақ радиосынан қан­шама хабар өткіздім. Оны біреу тың­даса, күйбең тіршілікпен жанын әрең бағып, базарда арба сүйретіп жүрген қарапайым халықтың тыңдауға уақыты да болмаған шығар-ау. Ал егемендік алған отыз жылда мемлекеттің, халықтың несібесінің есебінен байығандарға ұлт­тық құндылықтың қажеті шамалы болса керек. Елім, жерім деп еңіреп өткен, халқының тарихында алтын әріп­термен өрнектеліп жазылып қалған қас­қа жолды Қасым хан, ескі жолды Есім хан, одан бергі Тәуке, ХVІІ-ХVІІІ ғасыр­ларда қазақ даласын жоңғар шап­қын­­шы­лы­ғы­нан қорғап, сапты аяққа ас құйып, сабына қарауыл қойып ас іш­кен Абылай хан, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Райымбек, Қойгелді батырлар, Төле, Қа­зыбек, Әйтеке, Жолбарыс билер хал­қының мәңгі есінде. 1723 жылы шы­ғысымыздан сексен мың әскермен лап қойған жоңғар шапқыншылығы кезін­де, қираған ауыл, тоналған елде есеп болмай, қарсы соғысқан қазақ жа­сақ­­тарының басым бөлігінен көбі қы­ры­лып, қазақ елі босқынға ұшырап, «Қа­ра­таудың басынан көш келеді, Көш­кен сайын бір тайлақ бос келеді», деп боз­даған еді.

Екпіні қатты жоңғарлар Түркістанға ту тіккенде Төле би бабамыз елін, жерін сақтап қалу үшін Қожабек пен Жолан атты екі баласын бірдей кепілдікке беріп, амалсыздан Қалдан Сереннің алдына тізе бүгіп, он бес жылға бодан болып, салық төлеуге келісіп, келісімшарт жасасқанын бар қазақ білсе керек. 1640 жылдан 1760 жылға дейінгі аралықтағы хандарымыз және халқымыздың бәрі көрген құқайы осылай болды десек, өтірік айтқандық емес шығар. 1847 жылы 43 жасында өмірден өткен, халқына темір ноқта ки­гізбеу үшін он жыл ат үстінен түспей отар­­лаушылармен шайқасқан соңғы ханы­мыз Кенесары, Наурызбай, Ағыбай, Бұғыбай, Бұқарбай, Сұраншы, Саурық батырлар, елінің егемендігі үшін күресіп, Қоқан лашкерлерінің бұйрығымен үш зеңбіректің ұңғысына тірідей байланып атылған Байзақ датқа, кешегі біз бес күн бойы зәреміз зәр түбіне кетіп, жанымызды қоярға жер таппай шүберекке түйіп шырылдап, тыпырлаған сағаттарды олар бар ғұмырларында бастарынан өткізіп кеткен еді.

Міне, кешегі күнгі бейбіт шеруді пайдаланып, сыртқы, ішкі саяси күштердің айдауымен елімізге, егемендігімізге қа­тер төндірген біздер, «лаңкес содыр, терроршылар» деп баға берген әре­кет Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа да, сол хандар басынан өткізген қатерлі сағаттарды есіне салып, тура солардың қанды жорықтағы хал-күйін кештіргендігі хақ. Осыдан-ақ мамыражай тыныш күн мен қан-қасап аласапыранның бағасын біле беріңіз. Бабаларымыз ұл­т­арақтай жер үшін жанын салып, қа­нын төгіп қорғап, асты-үсті байлыққа толы жерімізді ұрпақтарына аманаттап беріп кеткенін, кеше қолымыздан суси жаздаған егемендігіміздің құны қан­ша­лық­ты қымбат екенін таразы басына салып бағамдап, әр пенденің білетін кезі келген шығар.

«Ауруыңды жасырсаң өлім әшке­ре­­лей­ді» деген сөздің де барын біле­міз. Президентіміз, қазақ елінің байлығының жартысынан көбін көк серкеше тақымына басқан «шынжыр балақ, шұбар төс» 162 баймен ақшаға құныққан қандыкөз монополистер мен латифундистердің аттарын атамаса да барын айтты. Ашкөздердің сыртқа тыққан ақшаларын елге қайтарып, ха­лық игілігіне жаратуды қолға алуын, осы уақытқа дейінгі құпияны ел алдына жайып салуы және 50 мың теңгеге жан баққан қарапайым халықтың жағдайын ашына айтуы, халқына жанашырлығы емес дей аласыз ба? Кім білсін, бұл бастамасы тасбақаның таңдайына жапсырған қасиетті мәриям жапырағын алғаннан да қиын болмасына кім кепіл.

Асқақ ойлы, ғұлама Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыз замандасы, ел билеген Ұбайдолла хан жөнінде: «Өзі тақуа, діндар адам, оның тұсында «игілік пен әділеттілік самалы әлемді хош иіске бөледі. Ал оның алақаны жомарттық теңізінің түбіндегі лағылды дүр тостаған сынды болатын, ақылман билері де баршылық еді», деп жазып қалдырыпты. Не деген парасаттылық десеңізші. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан құрамыз» деуінің өзінде үлкен астар, халқының болашағының жарқын болатындығына зор үміт жатқаны байқалса керек. «Жүк ауырын нар көтерер, іс ауырын ер көте­рер, Ердің ісі елдің мойнында, Елдің ісі ердің қолында» деп бабаларымыз айтпақшы, мұндай кезеңде қуанышың от, арманың күл болмасы үшін, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ел болып ұйыса, бар ауыртпалықты бірлесе көтеру керек дер едік.

 

Зарлы Қойшығұл (Қошан) МҰСТАФАҰЛЫ,

Журналист