Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС, «ЕQ»
Соғыс. Әлем жұртшылығы тағы да осы сөзді естіді, естіп қана қоймай, мына дүниенің әп-сәттегі өзгерісі үшін алаңдады, күрсінді, бейбіт күнде атылған әр оқтың зардабы мен зияны үшін қасіреттенді. Не қылмақ керек, не істеу қажет? Бәрі ойдың сұрағы, санаға түскен ауыр салмақ. Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстардың адамзат қоғамындағы, адам жүрегіндегі жарасы әлі жазылған жоқ. Біз білетін әрі білмейтін Екінші дүниежүзілік соғыс әр елге әртүрлі әсер еткені шындық. Қарапайым адамдардың тағдыры өзгеріп кеткен сол тұстағы өмірді бұл күндері біз тарих бетінен, сақталған архивтер мен айтылатын аңыз іспетті әңгімелерден ғана біле аламыз.
1939 жылдың 1 қыркүйегінде Балтық теңізінің Вестерплатте түбегінде Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Гитлершіл басқыншылардан бассауға сұрап, ары-бері жосыған поляк халқы шарасыздан Украина, Белоруссия және Қазақстанға топ-тобымен көшірілді. Қиын жағдайдан басын аман алып қалуды ойлап, елімізге қоныс аударған поляк азаматтары Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе және Жамбыл облыстарына келіп орын теуіпті. Соғыс өрті ғаламды шарпып жатқан тұста Қазақстанға көшіп келген поляк отбасының балалары қамқорлыққа алынып, олар үшін алғашқыда орыс-поляк тіліндегі аралас мектептер, кейіннен поляк тіліндегі мектептер ашылғаны туралы деректер кездеседі.
Қазақ еліне қоныс аударғандар арасында жоғары білімі барлар мол болғандықтан, бұл мектептерге мұғалім іздеу еш қиындық туғызбапты. Архив деректері осы жағдай бойынша республика көлемінде 258 мұғалім жұмыс істегенінен дерек береді. Сонымен қатар олар өздерінің ұлттық әдебиет, драма, халық билері және қолөнер үйірмелерін ұйымдастырып, арнаулы көрмелерге қатысып, ең жақсы экспонаттарын Поляк патриоттары одағының Мәскеудегі көрмесіне жіберіп отырған. Поляк патриоттар одағының поляк театры Қазақстандағы поляктарға концерт қойып, өз тілдерінде газет, журналдар шығарған.
Осы тұста қазақ жеріне жер аударылып келген Наталия Богданович атты поляк қыз туралы айтудың реті келіп тұр. Ол кешегі аумалы-төкпелі кезеңде Дүрия атты әженің қамқорлығында болып, қам-қайғысыз ержетеді. Жаһанға тыныштық орнаған соң еліне қайтқан ол мейлі қайда болса да, өзіне бауырмалдық сезім сыйлап, өз қызындай көрген Дүрия әжені сәбилік махаббатпен еске алып жүріпті. Тіпті поляк қызы Наталия өзінің ойын, өткен күндеріне деген әсерін жасыра алмай, ақпейіл де адал, адамгершілігі мол қазақ азаматтарына деген жүрек сөзін Польшаға іссапармен барған әскери тарихшы Асқанбек Алданазаровқа хат арқылы баяндайды. Асқанбек Сапарұлы өмірінің көп бөлігін Польша аумағында Екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан қазақстандықтарды зерттеуге арнаған ғалым. Ол осындай ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде Польшаға ғылыми іссапармен барып,1972 жылы «Участие казахстанцев в боях за освобождение Польши от немецко-фашистской оккупации (1944-1945 гг.)» тақырыбында диссертация қорғайды. Оның осы сапары барысында жинақтаған қолжазбалары, күнделіктері, жұмыс дәптерлері мен жазбалары, фотосуреттері, сызбалар және карталар, хаттар тарихшының жеке қор құжаттарының бір бөлігі ретінде Алматы қаласы Орталық мемлекеттік архивіне тұрақты сақтауға қабылданып, №419 қордың 5-сінде тұр. Ғалымның жинаған материалдарын ашып қалсаңыз, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы поляк пен қазақ халқының ортақ тағдырын тығыз байланыстыратын көптеген архивтік материалдарды кездестіреміз. Біз сөз етіп отырған Наталия Богданович пен Дүрия әженің қарым-қатынасы да осыдан келіп шыққан құнды материалдың бірі.
Бір үйде тұрып, қиын-қыстау күндерді бірге өткерген Наталия мен Дүрия әженің арасындағы байланыс ғалым Асқанбек Сапарұлы арқылы қайта жалғасын тапқан. Біз зерделеп отырған осы тақырыпқа қатысты аталған архив қорында көптеген естеліктер, хат алмасулар мен суреттер де сыр шертеді. «Іздегенге сұраған» демекші, Асқанбек Алданазаровтың қор құжаттарын ақтарып отырып, поляк қызы Наталия Богдановичтің Дүрия әжеге жазған хатын тауып алдық. Хаттың мазмұны былай:
«Варшава, 23.02.1971
Аса құрметті полковник мырза, сол бір жылдары Қазақстанда болған кезіміздегі естеліктермен бөліскелі отырмын. Біз 1940 жылы Қазақ жеріне анам және төрт кіші бауырыммен бірге барып, кеңшарда бірнеше поляк отбасымен бірге тұрдық. Егер қателеспесем Ақтөбе облысы, Новороссийский ауданы, Қызылқайың кеңшары, үшінші ферма деген жер болуы керек. Мен сіз арқылы сәлем жолдай отырып, қазақстандық аналарға зор алғысымды айтқым келеді. Өмір бойы мен оларға қарыздармын. Қазақтар – ерекше халық. Мен өз ойымды соңына дейін жеткізіп айта алмай отырмын. Ойымды толық жеткізе алсам, бұл бір үлкен поэма немесе романға айналар еді». Польшадан келген хат осылай аяқталады. Хат соңына Наталия Богданович деп қол қойылған. Ал хат 1971 жылы үшінші мамырда елге келген сияқты, өйткені хаттың басында осындай уақыт жазулы тұр.
Бұл хатты Наталия еліне қайтып барған соң жазыпты, оның бұл хаты Дүрия әжейге ғана емес, тұтас қазақ халқына деген ыстық сәлемі екені даусыз. Екеуі қайта хат алысқан сәтте поляк тілінде шығатын «Дружба» атты журнал Дүрия әженің суретін мұқабаға басып, ол туралы арнаулы мақала жарық көреді. Бұл да мемлекеттер мен халықтар арасындағы шынайы достықтың белгісі. Асқанбек Алданазаров Польшадан тапқан деректер бойынша 1942 жылы 116 мың поляк Қазақстанда тұрақтап қалған, оның ішінде 12 мың бала болған. Әрине, Дүрия әжей сияқты құрты мен майын беріп, мейірім сыйласа кім болса да, Қазақстанда тұрақтап қалғысы келеді ғой. Наталиядан хат алған соң Дүрия әже оған матадан көйлек тігіп, салып жібереді. Әжесін сағынған Наталия әлгі көйлекті киіп, суретке түсіп, Дүрия әжеге хат жолдайды. Сол сурет бізге материал ұсынған қордың құжаттарында әлі сақтаулы.
Қиын күндерде Қазақстаннан пана тауып, кейін еліне оралған өзге этнос өкілдері сол тұста көмек қолын созған абзал жандарға хат жазып, сағынышын білдіріп, алғыс айтуды өзіне парыз санайды. Наталияның жазған хатында поляк халқының Қазақ еліне деген жүрек сөзі, адалдық лебі, қала берді сағынышы мен өткен күндерге деген ыстық махаббаты бар.