Осыған байланысты біз де жұмыс берушілер мен жұмысшылардың арақатынасын реттеп отыратын кәсіподақ құру талабын бастағанбыз. Бірақ Сыр бойында мұнай өндіретін «КазПетролГрупп» компаниясы басшылығы біздің бұл талабымызды теріс көрді. Құптамағаны былай тұрсын, сол үшін жұмысымыздан босатылдық. Дегенмен, алған бетімізден таймадық. Ең бастысы – әділдіктің жеңеріне сендік. Облыстық кәсіподақтар орталығына, еңбек саласындағы бақылау басқармасына жүгініп, қалалық сот шешімі арқылы жұмысымызға қайта оралдық.
Бақандай төрт ай бойы бізді сарсаңға салған мәселе былтырғы жылдың қыркүйек айынан басталған еді. «КазПетролГрупп» мұнай компаниясында жұмыс істейтін бір топ жұмысшы өзара ақылдаса келіп, кәсіподақ ұйымын құруды жөн деп тапқанбыз. Бірақ, бұл ойымызды басшылық құптай қойған жоқ. Керісінше, түрлі жолмен қатарымызды сиретуге тырысып бақты. Ол ойлағандары іске де асып жатты. Тек 12 жұмысшы ғана бастапқы ойымыздан айнымай, «Қызылорда облысы кәсіподақ орталығы» арқылы кеңестер алдық. Бірақ жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынасты реттейтін ұйым құруға кіріскенімізге ай толмай жатып бізбен компания арасында жасалған келісім-шарт бұзылды. Мына заманда жұмыссыз қалу кімге де оңай емес. Мәселені заңды жолмен шешу үшін «Қызылорда облысы кәсіподақ орталығынан», еңбек саласындағы бақылау басқармасынан құқықтық көмек сұрадық. Олар аз уақыттың ішінде мәселені зерттеп, құқығымызды қорғауға белсене араласты. Кәсіподақ орталығының бастамасымен мәселеміз әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның қарауына шығарылып, кәсіподақ алаңында бірнеше рет талқыланды.
Жасыратыны жоқ, көтерген бастамаңның дұрыстығын дәлелдей алмай жігерің – құмға, ынтаң – ұнға айналатын кездер де болады. Осындайда тиісті орындарға жүгінесің. Бұл ретте қалалық соттың жұмыс берушінің бізбен еңбек шартын бұзу әрекетін заңсыз деп танығаны біздің талабымыздың дұрыстығын дәлелдей түсті. Сотта бізбен еңбек шарты бұзылғанда Еңбек кодексінен 2020 жылғы 4 мамырда алынып тасталған 50-баптың 3-тармағы негізге алынуы заңсыз екендігі анықталды. Судья Меруерт Тоғызбаеваға істі әділ қарап, біздің жұмысымызға қайта тұру, мәжбүрлі бос жүрген уақытымызға жалақы төлеу туралы арызымызды қанағаттандырғаны үшін алғыс айтамыз.
Бұл сот ісі Кәсіподақтар федерациясының ерекше назарында болды. «Қызылорда облысы кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев, оның орынбасары Марат Бәйімбетов, осы орталық өкілі Майра Боранбаева қиын сәтте қасымыздан табылды.
Сонымен әділдік жеңді. Сот шешімімен жұмысымызға қайта орналастық. Ақпанның жиырма бірі күні «вахтаға» аттанып кеттік. Кәсіподақ ұйымын құру туралы ойымыздан әлі айнығанымыз жоқ. Ұжымдағы жағдайды Кәсіподақтар федерациясының бақылауында ұстайтын болды. Осы орайда біздің құқығымызды қорғауға көмек берген азаматтардың барлығына Алғыс айту күні өзіміздің ризашылығымызды жеткізгіміз келеді.
Азамат ҚАЛЖАНОВ,
«КазПетролГрупп» компаниясының мұнайды дайындау және айдау операторы