Экология • 01 Наурыз, 2022

Экологияны жақсарту – «АрселорМиттал Теміртау» назарында

397 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өндірісті жаңғырту, зиянды қалдықтарды азайту, заманауи тазарту сүзгілерін ор­нату, «жасыл белдеу» құру – экологияны жақсартуда басымдық берілетін ба­ғыт. Бұл ретте «АрселорМиттал Теміртау» бірқатар іс-шараны жүзеге асы­руда. Теміртау әкімдігінде өткен кездесуде осы бағдарламаның тиімділігі тал­қыланды.

Экологияны жақсарту –  «АрселорМиттал Теміртау» назарында

 

Негізінен, қалдықтардың көбі аг­ло­ме­­рациялық өндіріске тиесілі. «Арсе­­лор Миттал Теміртау» АҚ экология жө­ніндегі директоры Мадина Қуан­таеваның айтуынша, зиянды шыға­рындыларды азайту үшін тазарту құ­ры­лыстарын қайта жаңарту жүргі­зілу­де. Мысалы, агломерат корпусы бойынша жоба 100% орындалды. Эколо­гия­лық әсер – 2021 жылдың екінші жарты­жыл­дығында нысан енгізілген сәттен бас­тап шаң шығарындыларын 200 тоннаға азайту.

Тазарту құрылыстары бірқатар нысан да жаңғыртылған. №5 агломерацияда электрсүзгішті орнату есебінен шаң шығарындылары алдыңғы осындай кезеңмен салыстырғанда 500 тоннаға төмендеді. Осыған ұқсас қондырғылар тағы екі агломерацияда салынады. Сон­дай-ақ газоаналитикалық жабдықтар толық орнатылған.

Сонымен қатар электр сүзгілері әк­тасты күйдіру цехына орнатылады. Ав­томатты мониторинг құралдары газ бен шаң шығарындылары туралы деректерді тіркейді.

Қазандық цехтарындағы күрделі және ағымдағы жөндеулерді орындау есе­бінен шаңның 300 тоннадан аса төмен­деуі секілді экологиялық әсері байқалған.

Мадина Қуантаева компанияның басқа бөлімшелеріндегі экологиялық жобалар туралы да айтып берді. Кокс-химия өндірісінде түтін құбыры, 242 газ шығаратын көтергіш және басқа құ­рылымдар ауыстырылды. Қазіргі уа­қыт­та кокс газын тазарту жүйесі мен та­зарту қондырғыларын қайта құру жұ­мыстары жүргізілуде. Химиялық өнім­де­рді аулайтын жаңа цех салынады.

Бұл ретте 2020 жылмен салыс­тыр­ғанда ластаушы заттардың жалпы шығарындысының 2 300 тоннаға тө­мендеуі кезінде өндірістік экология­лық бақылау нәтижелері бойынша кәсіп­орынның өнімділігі артты. Бұл 2021 жылы орындалған іс-шаралар тиімді­лі­гі­нің жақсы көрсеткіші.

Биыл кокс цехының аспирациялық қондырғыларын, вагон аударғыштардың шаң тазалау жабдықтарын қайта құру бойынша жобалар жоспарланған. Ком­­пания кокс газын күкіртсутектен тазар­ту­дың толық циклын енгізу туралы ше­шім қабылдады.

Домналық өндірісті жаңғырту бо­йынша ірі жоба көзделген. Оны іске асыру 2024 жылға белгіленген. Жаңарту энергетикалық өндірісте де жүргізіледі.

«Табиғи газды пайдалануға көшу – маңызды аспект. Бұл салада жобалау жұмыстары жүргізілуде. Компанияның болат департаментіне осы мақсатқа 300 млн текше метр табиғи газ бөлінді. Газ құбырын іске қосу 2022 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. Газ ЖЭО-БҮС, ТМИЦ-1 және домна цехына беріледі, газға көшу нысандарда кезең-кезеңімен жүргізіледі», деп түсіндірді компанияның экология жөніндегі директоры М.Қуантаева.

Компания Теміртауды көгалдан­дыруға да қатысады. Комбинат аума­ғында 5 мыңнан астам ағаш, қаланың орталық даңғылдарының бірі – Метал­лургтер даңғылында 6 мыңға жуық ағаш отырғызылды. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Жасыл белдеу» акциясы аясында ұйымдар мен экоеріктілерге 3мыңнан астам көшет ұсынды.

Кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағының шекарасындағы ауа сапасы туралы ақпарат ашық түрде жарияланады. Атмосфералық ауаның жағдайы туралы мәліметтер «АрселорМиттал Теміртау» сайтында бар, сондай-ақ металлургия комбинатының орталық өткелі алдындағы мониторда көрсетіледі.