Негізінен, қалдықтардың көбі агломерациялық өндіріске тиесілі. «Арселор Миттал Теміртау» АҚ экология жөніндегі директоры Мадина Қуантаеваның айтуынша, зиянды шығарындыларды азайту үшін тазарту құрылыстарын қайта жаңарту жүргізілуде. Мысалы, агломерат корпусы бойынша жоба 100% орындалды. Экологиялық әсер – 2021 жылдың екінші жартыжылдығында нысан енгізілген сәттен бастап шаң шығарындыларын 200 тоннаға азайту.
Тазарту құрылыстары бірқатар нысан да жаңғыртылған. №5 агломерацияда электрсүзгішті орнату есебінен шаң шығарындылары алдыңғы осындай кезеңмен салыстырғанда 500 тоннаға төмендеді. Осыған ұқсас қондырғылар тағы екі агломерацияда салынады. Сондай-ақ газоаналитикалық жабдықтар толық орнатылған.
Сонымен қатар электр сүзгілері әктасты күйдіру цехына орнатылады. Автоматты мониторинг құралдары газ бен шаң шығарындылары туралы деректерді тіркейді.
Қазандық цехтарындағы күрделі және ағымдағы жөндеулерді орындау есебінен шаңның 300 тоннадан аса төмендеуі секілді экологиялық әсері байқалған.
Мадина Қуантаева компанияның басқа бөлімшелеріндегі экологиялық жобалар туралы да айтып берді. Кокс-химия өндірісінде түтін құбыры, 242 газ шығаратын көтергіш және басқа құрылымдар ауыстырылды. Қазіргі уақытта кокс газын тазарту жүйесі мен тазарту қондырғыларын қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Химиялық өнімдерді аулайтын жаңа цех салынады.
Бұл ретте 2020 жылмен салыстырғанда ластаушы заттардың жалпы шығарындысының 2 300 тоннаға төмендеуі кезінде өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша кәсіпорынның өнімділігі артты. Бұл 2021 жылы орындалған іс-шаралар тиімділігінің жақсы көрсеткіші.
Биыл кокс цехының аспирациялық қондырғыларын, вагон аударғыштардың шаң тазалау жабдықтарын қайта құру бойынша жобалар жоспарланған. Компания кокс газын күкіртсутектен тазартудың толық циклын енгізу туралы шешім қабылдады.
Домналық өндірісті жаңғырту бойынша ірі жоба көзделген. Оны іске асыру 2024 жылға белгіленген. Жаңарту энергетикалық өндірісте де жүргізіледі.
«Табиғи газды пайдалануға көшу – маңызды аспект. Бұл салада жобалау жұмыстары жүргізілуде. Компанияның болат департаментіне осы мақсатқа 300 млн текше метр табиғи газ бөлінді. Газ құбырын іске қосу 2022 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. Газ ЖЭО-БҮС, ТМИЦ-1 және домна цехына беріледі, газға көшу нысандарда кезең-кезеңімен жүргізіледі», деп түсіндірді компанияның экология жөніндегі директоры М.Қуантаева.
Компания Теміртауды көгалдандыруға да қатысады. Комбинат аумағында 5 мыңнан астам ағаш, қаланың орталық даңғылдарының бірі – Металлургтер даңғылында 6 мыңға жуық ағаш отырғызылды. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Жасыл белдеу» акциясы аясында ұйымдар мен экоеріктілерге 3мыңнан астам көшет ұсынды.
Кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағының шекарасындағы ауа сапасы туралы ақпарат ашық түрде жарияланады. Атмосфералық ауаның жағдайы туралы мәліметтер «АрселорМиттал Теміртау» сайтында бар, сондай-ақ металлургия комбинатының орталық өткелі алдындағы мониторда көрсетіледі.