28 Наурыз, 2014

Әбиевшілердің арғы ойы не?

431 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
28-03-Kosndi2013 жылдың 9 қаңтарында «ата-анамыз» деген өтінішпен кабинетіме  Амангүл Сұңғабай деген ана 3-4 адамды бастап кірді. Жанындағы азаматты Тоқберген Әбиев деп таныстырды. «Сізге мына кісінің сұрақтары бар екен?»,- деп Амангүлді сөзге жетеледі. Алайда, өзінің тілшілікпен келгені жөнінде немесе бейнекамераға түсіретіні жайында ештеңе айтқан жоқ. Мен Амангүлдің сұрақтарына жеке-жеке жауап бердім. Сөз соңында олардың мені жасырын камераға жазып отырғанын байқап орынбасарларыма: «Мыналар менің сөзімді жасырын камераға жазып отырыпты. Дереу тоқтатыңдар!»,- дедім.  Сол-ақ екен, олар тайып тұрды. Мен ауылдық учаскелік инспектор Шыңғысқа, аудандық ІІБ бастығының орынбасары Ермек Медеубаевқа телефон шалып, болған жайды мәлімдедім.Ал бірнеше күннен кейін аталған кадрлар «Абиев-кз» сайтында жарияланды. Дәл бір жемқорларды ұстап алғандай, бұл шуды республикалық деңгейге дейін көтеріп, менің және мектебіміздің, аудан мен облысымыздың бедел, атақ-абыройына кір келтірді. Жөнді-жөнсіз кінәлауларды әжуа суреттермен көрсетті. Тіпті мектебіміздің оқушыларына дейін сайттағы кескінді көріп, рухани соққыға ұшырады. Нашар көзқарастар қалыптастырды.Бір қызығы, Әбиев және оның қолшоқпарына айналған Амангүлдің көтерген шуы бойынша Ақмола облыстық білім бақылау департаменті 5-8 ақпан аралығында төрт күн бойы жоспардан тыс мемлекеттік тексеріс жүргізді. Содан кейін де облыстық, аудандық құқық қорғау органдары бірнеше рет тексеріс жүргізіп, тиянақты дәлелдер таппады. Тексерістер мұғалімдеріміздің жүйкесін жұқартып, оқушылар мен ата-аналар арасындағы әртүрлі алып-қашпа әңгімелерге мұрындық болды.Осы орайда, бізге де, оқырманға да «Әбиев деген кім?» деген заңды сұрақ туады. «Закон и правосудие» басылымының бұрынғы бас редакторы болған Тоқберген Әбиев мырза Қазақстан қаржы полициясы жағынан 2008 жылы мамырда «сот органдары қызметкерлерінің үстінен астыртын айғақ жинап беру үшін қаржы полициясының жауапты қызметкеріне 1600 доллар және 50 мың теңге пара бермек болды» деген айыппен тұтқындалып, түрмеде 3 жылдық жазасын өтеген соң бостандыққа шығып, қазір біз тілге тиек етіп отырған «Abiev.kz» сайтының жетекшісі әрі жүргізушісі болып қызмет атқарады екен. «Азаттыққа» берген бір сұхбатында ол: «Түрме адамды өзгертпей қоймайды. Адам не жаман жағына, не жақсы жағына өзгеретіні сөзсіз. Жақсы дегеніміз – өз ісін саралап, өмірге деген көзқарасы өзгеру деген мағынада. Онда көп жайттарды ойлануға мүмкіндік бар, уақыт көп. Сондықтан қазір көп нәрсеге деген көзқарасым өзгерді. Бұрын құқық қорғау жүйесін білсем, енді саясаттан хабардар болып қалдым. Мен бұрын жемқорлықпен күресте президентке көмектесіп келсем, қазір ойлана келе президенттің саясатынан көңілім қалды. Бірақ жұмыс істеу керек. Сондықтан өз ісімді одан әрі жалғастырамын», – депті. Бұл арада, ендігі «жалғастыратын ісі», «өзгергені» қалай болар екен? - деген тағы бір сұрақ туады. Т.Әбиевтің өз пайымынша журналистиканы, заңды жақсы білетін сияқты. Бірақ, Т.Әбиев өзінің журналистік құқығын артығымен пайдаланып отырғанын білмеген бе, білсе де әдейі сондай қадамға барып отыр ма? Ол жағы аса анық емес. Себебі, ҚР БАҚ туралы заңының  21-бабында көрсетілген журналистiң мiндеттерiнде: «шындыққа сәйкес келмейтiн ақпаратты таратпауға; жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерiн құрметтеуге; азаматтармен сұхбат жүргiзген кезде дыбыс- немесе бейнежазбаны пайдалануға келiсiм алуға» құқылы екені көрсетілген. Ал Тоқберген Әбиев мырза бұл қағиданы өрескел бұзып отыр. Ол өзінің сайты арқылы «шындыққа сәйкес келмейтiн ақпаратты таратты; жеке (менің) және заңды тұлғалардың(мектеп, аудан, облыс әкімшілігі) заңды құқықтары мен мүдделерiн құрметтемеді; менімен сұхбат жүргiзетіндігі және оны камераға жазып жатқандығы жайында менен келісім алмады.  Азаматтық кодекстің 145-бабында: «Қандай да бiр адамның суреттiк бейнесiн оның келісімiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда - мұрагерлерiнiң келісімiнсiз пайдалануға ешкiмнiң де құқығы жоқ» делінген. «Абиев.кз» немесе оның жетекшісі Тоқберген Әбиев және олардан «журналист» деген куәлік алып отырған Амангүл Сұңғабай, менен алған кескін жазбаларды менің келісімімсіз ақпаратта жариялау арқылы менің жеке өміріме қол сұғып, ар-намыс, атақ-абройыма кір келтіруге неге әуес болды. Менің ғана емес мектеп мұғалімдерінің, басқа да әкімшілік тұлғалардың қоғам алдындағы атақ-абыройын төмендетіп, сайттың оқырмандары алдында масқаралауға барды. Сондай-ақ, сол келгенінде қалыпты күймен жүріп жатқан оқу үрдісіне кедергі келтірді. 22 қаңтарда мектеп залында өткен әкімнің есеп беру жиналысын шуға айналдырған «Әбиев»-шылдар жиналыс аяқталған соң, зал ішінде дауыс көтеріп, әкімдерді қуып, мектеп директорына, оқу ісі меңгерушісіне қарсы сөздер айтып даурықты. Жәй ғана даурыққан жоқ,  С.Амангүлді желіктіріп аудан әкімінің орынбасары А.Қараманұлының алдындағы қағаздарын жыртып, білім бөлімінің басшысы Қ.Есенбекұлының жағасынан алатын «театрланған қойылым» жасады. Тағы да еш келісімсіз келсе-келмес кадрлар түсіруге кірісті. Оқиға үстінде екі езуі екі құлағына жеткен Тоқберген мырза Амангүлдің қасында болып, оған дем берген сыңай танытып, мәселенің ушығып, шудың көбеюіне себепкер болды. Әрі осы көріністің бәрін түсіріп алып, кейіннен өзінің сайтында жариялады. Тоқберген Әбиев және ол желіктіріп, тілші куәлігін берген Амангүл Сұңғабай жоғарыдағы шулары арқылы бүкіл ауыл, аудан, облысты масқаралайтын әрекетке барып, қоғамдық тәртіпті бүлдіруге, елдің мазасын алуға барды. Қылмыстық  кодекстің 257-бабында көрсетілген бұзақылықтар жасады. Нақты айтқанда, 241- бапта көрсетілген халықты жаппай тәртіпсіздікке бастайтын әрекеттер қалыптастырды. Әкімшілік кодекстің 386-, 390-, 392-, 404 баптарындағы әрекеттердің қалыптасуына негіз қалады. Біз енді, Әбиевтің қалай «өзгергенін», «ісін қалай жалғастырғанын» толық көрдік. Осы сәтте «оның қасындағы Амангүл Сұңғабай деген кім? - деген тағы бір сұрақтың шекесі көрінеді. Амангүл Сұңғабай - Қоянды ауылының тұрғыны. Моңғолияда туған. Күйеуінен ажырасқан. Тұрақты жұмысы жоқ. Үш баласы бар, екеуі мектепте оқиды.Өзінің өмірде көрген жоқшылығының есесін өзгелерден алғысы келетін психикалық өзгеріске ие. Өзін заң білетін, оқыған адам ретінде көрсетуге тырысады. Арыз жазудан шаршамайды. Арнайы оқу орынын тауыспаса да көп ешкімге көрсете бермейтін дипломы бар. Қоянды ауылында «Жаңа қадам» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұх Оразханның соңынан «шырақ алып түсіп» сол кезде атышулы болған. 2012-2013 оқу жылында Қоянды мектебінің бастауыш сынып мұғалімдері – Гүлжайнат Мұратқызы Сапарова мен Алтын Дауылбайқызы Бітікованың үстінен жалған айыптаулар келтіріп, ол деректер дәлелсіз деп танылған. 2013 жылдың мамыр айында аудан әкімінің мектепте өткен жиналысында ортаға шығып әкімге және аудандық білім бөлімінің басшысына «жемқорлар!» деп айқайлаған. Ал осы жылдың қыркүйек айында аяғы ауыр Алтын Дауылбайқызына тағы да айыптаулар тағып, оның денсаулық және көңіл күй жағдайының әлсіреуіне, ем алуына себепкер болған. Тағы осы жылдың 27-ші қыркүйегінде өткен Қоянды мектебінің ата-аналармен болған мектепішілік жиналысында және 2014 жылы 22 қаңтардағы әкімдердің есеп беру жиналысында негізсіз айыптаулармен шу шығарып әкімшілік кадрларының жағасынан алған.  Ол осы және басқа да әртүрлі әрекеттері арқылы халықтың ішіне ірткі салып, үкіметке деген наразылықтың қалыптасуы үшін жанталаса жүгіреді. Сол үшін де Қоянды ауылының ақсақалдары 12 ақпанда ауыл әкімі Қайролла Ташетовтың қатысуымен арнайы ақсақалдар кеңесін өткізіп, Амангүл Сұңғабайды ауылдан аластауды талап еткен.Енді қараңыз, «екі қарақшы тоғайда табысыпты», дегендей осы Амангүл Сұңғабайға Тоқберген Әбиевтің тілші куәлігін беріп, желіктіруі, ол берген ақпараттарды жөнді-жөнсіз «Аbiev.kz» сайтында жариялауы нені ұқтырады? Әлдекімдер Қоянды сынды шешуге тиісті мәселелері біршама қордаланған ауылды әлде қандай бір тұрақсыздыққа бастау үшін белгісіз әрекеттерге барып отырған жоқ па? Осынша күрмеуі күрделі мәселелерді күнде көріп отырған құқық қорғау орындары не бітіріп отыр? «Ауырып ем іздеген жөн бе, ауырмайтын жол іздеген жөн бе?». Отты тұтанбай тұрып өшіру керек пе, өртке айналған соң байбалам салу қажет пе? «Әбиевшілердің» арғы ойы не? Ал олардың арызы бойынша заңды-заңсыз тексерулер ұйымдастырып, мектепті ғана емес, аудан мен ауылды әлекке салған мекемелердің ісін қалай түсінуге болады? Ел бірлігі мен халық тыныштығының маңыздылығын ескере отырып, бұл жағдайларды құзырлы мекемелердің құлағына жеткізгім келді. Жәди Шәкенұлы, Қоянды ауылдық орта мектебінің директоры. Қазақстан Жазушылар одағының және Еуразия Жазушылар одағының мүшесі. Мәтін: Жәди Шәкенұлы. Фото: Ru-vederko.Iivejournal.com.