Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Ұлттық банк пәрменді шаралар қабылдайды
Қаржы нарығындағы қазіргі жағдай туралы Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндады. Оның айтуынша, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болып табылады. Ресей Федерациясы біздің негізгі сауда әріптесіміз, оның үлесіне Қазақстан импортының 42%-ы тиесілі. Осыған байланысты геосаяси жағдайдың шиеленісуі және Ресейге қарсы санкциялардың енгізілуі біздің экономикамызға да ықпалын тигізуде. Ресей рублінің айтарлықтай әлсіреуінен Қазақстанның қаржы нарығына жасалатын қысым да өсе түскен. Сыртқы күтпеген өзгерістердің теріс салдарын барынша азайту мақсатында Ұлттық банк инфляцияның айтарлықтай өсу тәуекелдерін жеңілдетуге, теңгедегі жинақтарды қорғауға және елдің алтын-валюта резервтерінің орынды жұмсалуына бағытталған шаралар топтамасын іске асыруда. «24 ақпанда Ұлттық банк базалық ставканы 13,5%-ға дейін көтеру жөнінде кезектен тыс шұғыл шешім қабылдады. Бұл шешім ұлттық валюта мен инфляция деңгейіне жасалатын қысымды төмендетуге, сондай-ақ теңгедегі активтердің сақталуына бағытталды» деді Ғ.Пірматов.
Екіншіден, Үкіметпен бірге бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыру тез арада басталып кетті. Бюджет қаражаты есебінен жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша өтемақы (сыйақы) есептеуді көздейтін теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы жарияланды.
Үшінші, базалық ставка өскеннен кейін халықтың теңгедегі салымдары бойынша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсыныс жасаған шекті ставкалар да өсті.
Төртінші, қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін ескере отырып, Ұлттық банк өткен аптада 176 млн доллар валюталық интервенция жүргізді. «Біз интервенциялар туралы ақпаратты жедел жария етеміз. Ұлттық банк нақты уақыт режімінде жағдайдың дамуын бақылап, Ресейге қарсы жаңа санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне тигізетін әсерін бағалап отырады. 26 және 27 ақпанда АҚШ және Еуропа елдері Ресейдің жекелеген банктерін SWIFT-тен ажырату және Ресейдің Орталық банкі активтерінің жұмысына тыйым салу арқылы Ресейдің қаржы секторына қатысты бұрын-соңды болмаған шектеу шараларының жаңа топтамасы туралы жариялады», деді Ұлттық банк төрағасы.
Сыртқы нарықтағы жағдайға байланысты Ұлттық банк теңге-доллар жұбы бойынша сауда-саттықты франкфурттық аукцион режімінде өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл ретте артық құбылмалықты болдырмау үшін Ресейдің Орталық банкінің шаралары жария етілгенге дейін теңге-доллар жұбымен сауда-саттықты ашу кейінге қалдырылды. Сауда-саттық қорытындысы бойынша теңге бағамы бір доллар үшін 495 теңге 00 тиын деңгейінде қалыптасты. Сауда-саттық көлемі 159,5 млн долларды құрады.
«Ресейлік жекелеген банктердің SWIFT-ке кіру рұқсатын бұғаттау Қазақстан ішіндегі төлемдерді жүргізуге әсер етпейтінін және елдің төлем нарығына тікелей қауіп төндірмейтінін атап өтеміз. Қазақстан банктерінің ел ішінде клиенттік және меншікті төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу жөніндегі барлық операциясы штаттық режімде жүргізіліп жатыр. SWIFT жүйесінен ажыратылған Ресей банктерінің клиенттерімен трансшекаралық операцияларды қамтамасыз ету үшін өзара есеп айырысуларды жүргізудің балама тетіктері дайындалды», деді Ғ.Пірматов.
Ұлттық банк нарықтарды қадағалап, жағдай бұдан әрі нашарлаған кезде қаржылық және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін пәрменді шаралар қабылдауын жалғастырады. Ол үшін Ұлттық банкте қажетті тетіктердің бәрі бар және Ұлттық банк оларды орынды пайдалануда. Мемлекеттің жалпы халықаралық резервтері 25 ақпанда 87,7 млрд доллар (айдың басынан бастап өсім 346 млн доллар), оның ішінде Ұлттық қордың активтері – 54,0 млрд доллар, алтынвалюта резервтері 33,7 млрд доллар болды. «Ұлттық банк нарықтық бағам белгілеуге кедергі келтірмей және белгілі бір бағам деңгейінің таргеттелуін болдырмастан еркін өзгермелі бағам кезінде инфляциялық таргеттеу режімін ұстануды жалғастырады. Бұл ретте біз қаржылық тұрақтылық үшін тәуекелдер күшейген жағдайда валюталық интервенцияларды жүргізуді жалғастырамыз. Қабылданатын шаралар кешені теңгедегі активтердің тартымдылығын сақтауға, долларлану тәуекелдерін және айырбастау бағамына қысымды төмендетуге, сондай-ақ инфляцияның елеулі түрде өсу тәуекелдерін жеңілдетуге бағытталған», деді Ғ.Пірматов.
Мәселені Премьер-Министр Әлихан Смайылов қорытындылады. «Барлығына белгілі сыртқы саяси ахуалдың күрт шиеленісуі жағдайында Үкімет пен Ұлттық банк Бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыруға кірісті. Жоспар инфляцияны бақылауда ұстауға, валюта нарығында тұрақтылықты сақтауға, жұмыспен қамтуды қолдауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталып отыр», деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ Үкімет Ұлттық банкпен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі жаңа шаралар кешенін қабылдады. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша қаржыландыру, оның ішінде субсидиялау мен кредиттерге кепілдік беру ұлғайтылады. Бизнеске шамадан көп әкімшілік жүктемені жоя отырып, кемшіліктерге талдау жүргізілді. Басым салаларда мемлекеттік органдардың реттеушілік актілері қайта қаралады. Биыл «Ауыл – ел бесігі», Өңірлерді дамытудың кешенді жоспары және басқа да бағдарламалар аясында республикалық бюджеттен өңірлерді дамытуға қосымша қаражат бөлінеді.
Сонымен қатар Үкімет отырысы барысында отандық индустриялық-өнеркәсіптік кешенді қолдау және дамыту мәселесі қозғалды. «Отандық өнеркәсіпті дамыту үшін экономиканы индустрияландыру және инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы импорттық тауарларды алмастырудың маңызы ерекше. Бұл орайда мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысын өсіруге міндеттеме алады», деді Премьер-Министр отырыс барысында.
Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін субсидиялау жүйесінің жаңа тәсілдері әзірленіп жатыр. Ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу арқылы ауыл шаруашылығы кооперациялары мен отбасылық шаруашылықтарды дамытуға қосымша жағдай жасалады. «Бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған жобалар басым түрде мемлекеттік қолдауға ие болады. Биыл осы және басқа да шаралар қабылданады. Оларды іске асыру үшін Үкімет барлық күш-жігерін жұмсайды деп сендіремін. Біздің басты міндетіміз – халқымыздың әл-ауқатын арттыру», деп түйіндеді Ә.Смайылов.
Кәсіпкерлік салада –жаңа реттеуші саясат
Үкімет отырысында кәсіпкерлік қызметті реттеудің жаңа тәсілдерін іске асыру мәселелері қаралды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нариман Әбілшайықов баяндама жасады.
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, Мемлекет басшысы 2021 жылғы 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері жөніндегі заңға (бұдан әрі – Заң) қол қойды. «Заңды іске асыру мақсатында биылғы 1 ақпанда заңның қолданылуын қамтамасыз ету үшін қабылдануы қажет құқықтық актілердің тізбесін бекітуді көздейтін Премьер-Министр өкімінің жобасы Үкіметке енгізілді. Тізбе 164 нормативтік-құқықтық актіні қамтиды», деді Ә.Қуантыров.
2021 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қазақстанда кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеу саясатын енгізу мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Заңның қолданылуын қамтамасыз ету үшін қабылдануы қажет құқықтық актілердің тізбесі 164 НҚА-ны қамтиды. Мемлекеттік бақылаудың жаңа формалары тексерістерден профилактикалық іс-шараларға көшуді қамтиды. Заң аясында тексерістер мен профилактикалық бақылау жүргізу кестелерін дайындауға адамның барынша аз қатысуын қамтамасыз ететін, тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру жөніндегі нормалар заңнамалық түрде бекітілді. Үкіметке мемлекеттік органдардың бизнеске қоятын талаптарын қысқарту мақсатында тәсілдерді сапалы іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Қазіргі кезде мұндай талаптардың 40%-ы жаңа тәсілдерге сәйкес келмейді. Реформаны жаңадан іске асыру бизнес ортаны реттеу тиімділігін арттыруға және кәсіпкерлікті жандандыру үшін қолайлы әрі ынталандырушы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Бизнес шамадан тыс әкімшілік жүктеменің азайғанын сезіне бастауы тиіс. Ол үшін Міндетті талаптар тізілімін құруды және сапалы қалыптастыруды қамтамасыз ету қажет.
Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» палатасымен бірлесіп, реттеудің жаңа тәсілдеріне сәйкес Міндетті талаптар тізілімін құрудың кестесін бекітуді тапсырды. «Қаржы министрлігі Әділет министрлігімен бірлесіп, бюджетті нақтылау аясында «Әділет» ақпараттық жүйесінің базасында реестрді құруға қаражат қарастырсын», деді Ә.Смайылов.
Сондай-ақ Премьер-Министр қабылданған заңға сәйкес бұған дейінгі реттеушілік актілерге олардың жаңа базалық тәсілдерге сәйкестігі тұрғысынан тексеру және бағалау жұмыстарын жүргізу қажет екенін атап өтті. Барлық мүдделі мемлекеттік органдар биылғы 1 шілдеге дейін аталған актілерді қайта қарау тапсырылды. «Мемлекеттік бақылау және бизнестің есеп беру жүйесін автоматтандыру қажет. Сондықтан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және Ұлттық экономика министрліктеріне Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетімен бірге осы жүйені автоматтандыру бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», деп қорытындылады Үкімет басшысы.
Әлеуметтік-еңбек салаларына цифрлы трансформация қажет
Үкімет отырысында әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру мәселесі де қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндама жасады.
Биылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша әлеуметтік-еңбек саласында барлығы 12,6 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 9,1 млн-ы немесе 72%-ы электронды түрде көрсетілді. Үкімет басшысы атап өткендей, цифрландыру мемлекеттік сервистің барлық түрін қамтуы тиіс, бұл үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін түгел интеграциялау қажет. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтер 100% смартфон арқылы қолжетімді болуы тиіс. Бірінші кезекте халық ең көп жүгінетін әлеуметтік еңбек салаларына цифрлы трансформация қажет. «Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірыңғай ақпараттық жүйе құруды аяқтау қажет», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы цифрлы форматтың мүгедектігі бар адамдар үшін өте маңызды екенін атап өтті. Сондықтан оларға арналған барлық қызметті, әсіресе, мүгедектікті медициналық-әлеуметтік сараптама арқылы сырттай белгілеу қызметін цифрландыру керек.
Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруды күшейту үшін Премьер-Министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, жыл соңына дейін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық шарасын электронды форматқа ауыстыруды қамтамасыз етуді және жұмыс іздеп жүгінген азаматтардың кемінде 40%-ына онлайн режімде қызмет көрсетуді тапсырды.
Цифрлық даму министрлігіне Еңбек министрлігімен бірлесіп, биылғы жылғы 25 наурызға дейін Smart Data Ukimet базасында «Отбасының цифрлы картасы» жобасын іске асыру жұмыстарын аяқтау жүктелді. Бұдан басқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен және әкімдіктерімен бірлесіп, биылғы 1 маусымға дейін медициналық ақпараттық жүйелерді «мүгедектікті сырттай белгілеу» жобасына қосу және мемлекеттік қызметтің осы түрін сырттай алатын адамдардың үлесін 20%-ға дейін жеткізу тапсырылды.