Қазақстан • 02 Наурыз, 2022

Жаңа Қазақстан құру жолындағы аса маңызды қадам

349 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Партиямыздың кезектен тыс XXII съезінде Президентіміз Қ.К.Тоқаев еліміздегі жетекші саяси ұйымды одан әрі жаңғыртудың нақты бағыт-бағдарын белгілеп берді.

Жаңа Қазақстан құру жолындағы аса маңызды қадам

Партия Төрағасы ұйымның атау­ын Amanat деп өзгерту туралы ұсынысқа қолдау білдірді. Бұл сөз – халқымыз үшін терең мағыналық мәнге ие киелі ұғым. Ол мемлекеттілігімізді және Тәуелсіздігімізді сақтау жолында бабаларымыз бен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті арттыратын қасиетті парыз дегенді білдіреді.

Ребрендинг пен жаңа атау партияда болып жатқан ауқымды өзгерістердің бір бөлшегі ғана. Бұл істе маңдайшадағы жазуды өзгертумен шаруа бітпейтіні белгілі. Сондықтан саяси ұйымның қызметі мен жұмыс тәсілін жүйелі түрде өзгерту аса маңызды.

Партия барша қазақстандықтың мүд­десін қорғайтын негізгі ұйым ретін­дегі жұмысын жалғастыра береді. Мемле­кет басшысы атап өткендей, Ama­nat әділдіктің, бірлік пен алға ілгері­леудің, халықтың пікірі мен ел мүдде­сін ескеретін, азаматтарымыздың игілігі жолында қызмет ететін партия болуға тиіс.

Ол үшін партия жұмысындағы негізгі басымдық орталықтан жергілікті деңгейге, яғни өңірлік филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарына ойысу керек. Ұйым үшін сайлаушылармен жұмыс істеу, азаматтарды алаңдатқан мәселелерге назар аудару, халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, оны тиісті деңгейге жеткізу аса маңызды. Яғни Amanat, шын мәнінде, халық пен атқарушы билік арасындағы алтын көпірге айналуы қажет.

Осы ретте партия Төрағасы жұмыс барысында бюрократиядан, формализмнен және қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту аса маңызды міндет екенін айрықша атап өтті. Тың бастамалар тек орталықтың нұсқауымен ғана қолға алынбауы керек. Күн тәртібін әзірлеуге партияның жергілікті жерлердегі мүшелері де белсенді атсалысуы қажет. Әсіресе, бастауыш партия ұйымдарында маңызды мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынуға мүмкіндіктер бар. Өйткені олар елмен тікелей байланыста болғандықтан, көпшіліктің көкейіндегі өзекті проблемаларды жақсы біледі. Сондықтан бас­тауыш партия ұйымдарының әлеуетін кеңінен пайдалану керек.

Кейбір заң жобалары қоғамда қызу пікірталас тудыратыны белгілі. Пар­тиялық институттар арқылы әлеуметтік маңызы жоғары сондай нормаларды тал­қылауға жұртшылық пен өңірлердегі бел­сенді азаматтарды жұмылдыру қажет.

Президентіміз белгілеп берген мін­дет­тердің маңызды бөлігі кадр даярлау және әлеуметтік лифт қалыптастыру мәселелеріне қатысты болды. Жаңарған партия белсенді жас­тар үшін саяси ме­неджмент мекте­біне айналуға тиіс. Партия қызметі көш­бас­шылық қа­сиет­терді қалыптастыруға, аза­маттармен тиімді кері байланыс орна­туға және орын алған мәселеге байла­ныс­ты жедел үн қатуға зор мүмкіндіктер береді.

Бұдан былай Amanat Мемлекет басшысының елімізді жаңарту бағдарын іске асыруға белсенді қатысып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық және саяси қайта жаңғырудың тірегі әрі өзегі ретінде жұмыс істейді. Президентіміз және партия Төрағасы Қ.Тоқаев бар­ша партияластарды тың идеялар мен ұсыныстар жинау жөніндегі респуб­ликалық акция ұйымдастыруға, рефор­ма­ларды әзірлеу және жаңа басымдық­тарды айқындау ісіне белсенді қатысуға шақырды.

Осылайша, партияны трансформа­циялау демократиялық жаңару және жаңа әділетті Қазақстан құру жолындағы аса маңызды қадам болатыны сөзсіз.

Алдағы уақытта барлық партия­лас­­тардың партия Төрағасы айқындап бер­ген басымдықтарды іске асыру үшін жұдырықтай жұмылып әрекет етуі аса маңызды. Бұл іске Сенат депутаттары да үлес қосып, елдік мүдде жолындағы қызметтерін белсенді түрде жалғастыра береді.

 

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Парламент Сенатының Төрағасы