Пікір • 02 Наурыз, 2022

Президент бастаған ісін жүйелі жалғастырады

159 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Уақыт бүкіл қазақ қоғамынан жаңаруды, тазаруды, барынша бекем ұлт болуды талап етіп отыр. Қазақтың басына талай сын-сағат, қауіп пен қатер төнген. Мемлекет басшысы: «Біз осындай ынтымақтың арқасында қаңтардағы қиын-қыстау күндерде мемлекеттігіміз бен тұтастығымызды қорғап қалдық», деді. Түсінген адамға терең сөз.

Президент бастаған ісін жүйелі жалғастырады

«Қазір бүкіл әлемдегі ахуал өзгеріп жатыр. Жаңа құндылықтармен қатар күрделі сын-қатерлер пайда болуда. Осындай аумалы-төкпелі уақытта еліміз дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Біз «Жаңа Қазақстанды» құруға кірістік. Бұл – өте ауқымды міндет. Тіпті болашақтағы тағдырымызды шешетін аса маңызды жұмыс деуге болады», деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі – бәрімізге нақты бағдар. Президент елдегі жетекші саяси ұйымды жаңғырту туралы айтқанда қазақтың «ұйытқы» деген әдемі сөзін қол­данды. Шын мәнінде барлық іс-әрекетке ұйытқы болар күш керек. Жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті шамалы. Қолдағы барды ұқсату қажет.

Өзгерісті ең алдымен өзімізден бас­та­йық деген Президент партияның аты затына сай болсын деген тілек білдірді. Мә­жіліс Төрағасы Ерлан Қошанов саяси ұйым­ның атауын «Аманат» деп өзгертуді ұсынды. «Аманат» деген сөз қазақ үшін қасиетті.

«Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлі­гіміз, кең-байтақ жеріміз – бізге бабалар­дан жеткен аманат. Осы қастерлі құн­ды­лықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұр­пақ сабақтастығы дегеніміз, міне, осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған», деп Қасым-Жомарт Кемел­ұлы аталған ұсынысты қолдады.

Партияның атауы өзгерді. Енді оның құры­лымы да, сапалық өлшемі де өзгеруі тиіс. Маңдайшаны ауыстырғаннан ешкім­нің маңдайы жарқырай қоймайды. Маз­мұнды іс-әрекет, партиялық аппараттың уақытқа икемделуі, «жанарында оты бар» жандардың жарқырап шығуы, елмен етене жұмыс істеу амалдарын табу керек-ақ. Ең бастысы, халықтың сеніміне ие болу міндеті алда тұр. Бұл үшін Мәжіліс пен мәслихаттардағы партия фракциялары нақты шешімдер қабылдауға көшуі қажет. Партия жас саясаткерлерді шыңдайтын, сұрыптайтын ұйымға айналуы керек.

Қазір әлеуметтік желіде желпіне сөйлеп, мәселенің көбін жадағай талқылау көп. Президент жұртты алаңда немесе же­ліде желкілдегеннен гөрі, Парламент пен мәслихат жиындарында сындарлы жұ­мыс істеуге шақырды. Сөйтіп, саяси мә­де­ниетті қалыптастырудың жолын көрсетті.

Жөн сөзге тоқтаған жұртпыз. Ұлағатты тәрбие көрген ұлтпыз. Бір нәрсені анық ұғын­ған абзал. Бізге қуатты да әл-ауқатты Қазақ­станды ешкім құрып бермейді. Бәрін өзі­міз істеуіміз қажет. Осыны қаперде ұс­тайықшы.

 

Нұртөре ЖҮСІП,

Сенат депутаты