1 наурыз – Алғыс айту және партияның 23 жыл бұрын құрылған күні. Жақсылыққа тілектестікті, бір-біріне жанашырлықты және үлкен мен кіші арасындағы қамқорлықты ізгілейтін біздің қоғамда ынтымақтың арқасында қаңтардағы сын сағатта мемлекеттігіміз бен тұтастығымыз сақталды. Көктемнің жаңару күнінде партия жұмысының мазмұнын қайта қарау, оны сын тұрғысынан ой елегінен өткізудің символдық мәні осында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Аманат» партиясының бағыт-бағдарын, жаңа міндеттерін айқындады. Жаңа 5 міндет – «Аманат» партиясының барлық реформаларына ұйытқы болып, оның әрдайым ел мүддесін қорғайтын нағыз халықтық партия болып қалуы, ел бірлігін нығайтудағы және әлеуметтік өткір мәселелерді оң шешетін негізгі саяси күш ретінде сақталуы қажет. Атап айтқанда, партия аппаратының тиімділігін арттыру, азаматтардың мүдделері мен партияның ашықтығына ықпал ету, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыру, саяси кадрларды даярлау міндеттері тұр.
Партия еліміздің жаңа кезеңге қадам басқан уақытымен тұспа-тұс модернизацияланады. Қазір бүкіл әлемдегі ахуал өзгеріп жатыр. Мемлекет басшысы: «Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі – заңдылық. Бұл – уақыт талабы. Осыған орай жаңа ғана айтылғандай, саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен «Аманат» деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым», деді.
«Аманат» – әділет партиясы, ел бірлігі партиясы, іргелі ілгерілетуші, халықтың пікірі мен тілегін тыңдап, азаматтарымыздың мүддесі жолында әрекет ететін партия. Баршамыз Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстанды» құру идеясының аясында бірігіп, топтасудамыз. Бұл жаңа мақсаттар мен нақты міндеттер жүктейді. Заман, уақыт, дәуір өзгеріп, талап жаңарған сәтте әрқайсысымыз ісімізбен елімізді дамытуға үлес қосуымыз қажет. Жаңа құндылықтармен қатар күрделі сын-қатерлер пайда болуда. Мемлекет басшысы Украина төңірегінде болып жатқан оқиғалар аясында негізгі ұстаным мемлекетіміздің қауіпсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету екеніне баса тоқталды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Мен үшін ең басты құндылық – Қазақстанның Тәуелсіздігі. Мемлекет басшысы ретінде еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Жауапкершілік жүгі қаншама ауыр болса да, одан еш қаймықпаймын», деген сөздері съезд қатысушыларына зор сенім ұялатты. Еліміздің дамуына үлес қосу, жауапкершілік сезініп, аянбай еңбек ету – бәрімізге ортақ міндет. Туған Отанымыздың келешегін кемелді ету жолындағы мұраттарымыз баянды болсын.
Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының алдымызға қойған барлық тапсырмаларын тезірек орындауға, партия жұмысын жандандырып, рөлін күшейтуге атсалысамыз. Халық нақты өзгерістерді күтіп отыр. 16 наурызда саяси реформалардың жаңа бағдарламасы ұсынылады.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Мәжіліс депутаты