29 Наурыз, 2014

Алда тұрған міндеттер ауқымы кең

343 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқа­ев Семей және Өскемен қалаларында болды. Сапар­­­­дың негізгі мақсаты – Қазақстан Президенті Н.Назар­­баев­тың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақ­сат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауының негізгі ережелерін және іске асырылу барысын талқылау. DAA_0376 Жастарға жинақылық жарасады Жоғарғы палатаның Төраға­сы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенттерімен және про­фес­­­­­сор­лық-оқытушылар құрамымен кездесті. Жиналғандар алдында сөз алған Қ.Тоқаев Мемлекет басшысы жария еткен жаңа бағыттың негізінде қазіргі жетістіктер мен Қазақстанның ерекше даму үлгісі жатқанын атап өтті. «Әлемдік қоғамдастық біздің елімізді халық өмірінің сапасы мен стандарттарын елеулі түрде өзгерткен саяси және экономикалық жүйені жаңғырту бағытын жүргізіп келе жатқан демократиялық мемлекет ретінде мойындайды», деп атап өтті Төраға. Сенат Төрағасының пікірінше, Қазақстан Президентінің Гаагада өткен Ядролық қауіпсіздік жө­ніндегі үшінші саммитке табыс­ты түрде қатысуы оның жарқын дәлелі болып табылады. Әлемдегі басқа халықтардай емес, Семей жұртшылығы ядролық қауіптің қандай болатынын жақсы біледі. Қ.Тоқаев биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен әлемдегі ең ірі ядролық сынақ алаңдарының бірі – Семей полигонының жабылғанына 23 жыл толатынын еске салды. Қасым-Жомарт Кемелұлы студенттер мен оқушыларды қолдау, оның ішінде стипендия мөлшерін ұлғайту жөніндегі мемлекеттік шараларды атап өтті. Сенат Төрағасы қазіргі кезде Парламентте «Мем­лекеттік ­­жастар саясаты туралы» заң жо­басы қаралып жатқанын жет­кізді. Оның айтуынша, мем­­­­ле­­кеттік ­жастар саясаты туралы жаңартылған заң жобасында ең төмен кепілді әлеуметтік жеңілдіктер және әлеуметтік-экономикалық шара­лардың жүйелі пакеті қаралатын болады. Сонымен бірге, Төраға «абы­ройлы, жайлы да жақсы өмір тынымсыз еңбекпен ғана келетінін» айта келіп, жастарды жұмысқа жігермен кірісуге шақырды. Бұл ретте Төраға жастардың жинақылық танытатынына, өмірдегі қолайсыз жайттарды еңсеруге дайын екеніне нық сенімді. «Сіздерге өз еліміздің еңбектеріңіз қажет болатын, құрметтелетін әрі тиісті деңгейде ақы төленетін кез келген жерінде өмір сүру керек», деп қорытындылады Қ.Тоқаев сөзін. Ғылыми жобаларға белсен­ді қатысқаны және үздік оқу­да­ғы жоғары табыстары үшін уни­вер­ситеттің бірқатар сту­ден­т­те­рі Қазақстан Парламенті Се­на­тының алғыс хаттары мен ес­те­лік сыйлықтарына ие болды. Сенат Төрағасы Семейде «Нұр Отан» партиясының қалалық фи­­­лиа­лының мүшелерімен және «Жас Отан» жастар қанатының өкіл­дерімен де кездесті. Партия Саяси кеңесінің бюро мүшесі Қ.Тоқаев «Нұр Отан» активінің алдын­да партия Төрағасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау жөнінде міндеттер қойды. Сенат Төрағасы Семейдегі «СемАЗ» ЖШС-інде болып, жүк автомобильдерін, автобустар мен ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын кәсіпорын жұмысымен танысты. Басты бағыт – еліміздегі тұрақтылық Қ.Тоқаевтың Шығыс Қазақ­стан облысы­на жұмыс сапары Өскемен қаласында жал­ғасты.  Төраға мұнда облыс активімен кездесті. Кездесуді аша келіп, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бер­­­дібек Сапарбаев аймақтың қазіргі кездегі әлеуметтік-эконо­­­микалық дамуы туралы айтып берді. Қ.Тоқаев Қазақстан Рес­­­­пуб­ликасының Президенті Н.Ә.На­зарбаевтың ұзақ мерзімді «Қа­зақстан-2050» Стратегиясын іске асыру аясында еліміз бен Шығыс Қазақстан облысының алдында тұрған міндеттерге егжей-тегжейлі тоқталды. Ол орнықты және үдемелі даму үстіндегі Қа­зақстан жаһан­дық және аймақ­тық қауіпсіздіктегі ерекше фак­торға айналғанын атап өтті. «Біздің елімізге халықаралық істердегі сенім­ді әріптес ретінде сенеді, ядролық қарусыз­дануға, халықаралық қауіпсіздікті, интеграция мен көптарапты экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға нақты үлес қосқаны үшін құрметтейді», деді Төраға. «Бұл тұрғыда қазақстандық патриотизм идеологиясы аса маңызды болып отыр. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған осы идеология еліміздің өркендеуі, әр азаматтың жайлы өмірі, олардың құқықта­рын қорғау секілді құндылықтардан тұрады», деп атап өтті Сенат Төрағасы. Төрағаның пікірінше, билік­­тің заң шығару және атқа­рушы тармақтарының міндеті азамат­тардың ұмтылыстарын іске асыру және сенім үдесінен шығу үшін экономикалық, құқықтық, әлеуметтік жағдайлар жасау болып табылады. Қ.Тоқаев Президенттің Үкімет пен Ұлт­тық банкке берген нақты тапсырмала­рын еске салды. Олар салықтық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жұмыс істемей­тін несие­лер­ді төмендету, қор нарықтарын жандан­дыру, эконо­микаға мемлекеттің қаты­су­ын азайту, көлеңкелі экономиканы қыс­қарту, инвестициялық ахуалды жақсар­ту, агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілет­тілігін арттыру туралы болатын. Қазіргі кезде шағын және орта бизнестің дамуы­на кедергі болып отырған ережелерді жою тұр­ғысында заңнамаға ауқымды ревизия жүргізу міндеті тұр. Одан басқа, қазақ­стандық кәсіпкерлер қызметінің негізгі қағидалары белгіленетін, кәсіпкерлер қыз­ме­тін реттеуге қатысты заңдардың бар­лық ережелерін біріктіретін Кәсіпкерлер ко­дексін әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сенат Төрағасы айтқандай, биыл рұқсат беру және ескерту, кәсіпкерлер қызметі үшін жағдайларды түбегейлі жақсарту, өзінен өзі реттелетін ұйымдар қызметі мәселелері жөніндегі заң жобалары бойынша тиянақ­ты жұмыстар күтіп тұр. Қазақ­стан­дықтардың өмірі мен қауіп­сіздігіне тікелей әсер етпей­тін бар­лық рұқсаттар және лицензия­лар оларды ескертумен алмас­ты­ру арқылы қайта қаралатын болады. Президент саясатының басқа басымдығы ғылымға негізделген экономиканы қалып­тас­тыруды, ең алдымен, қазақстандық ғылым­ның әлеуетін арттыруды талап етеді. Төр­аға атап өткендей, қазіргі кезде ғылымды Ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан кем емес деңгейде қаржыландыруды бірте-бірте қалыптастырудың нақты жоспары жасалуда. Парламент депутаттарының алдында зерттеулерді және инновацияларды қолдау, ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыру, венчурлық қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау жөніндегі заңнамаларды жетіл­діру міндеті тұр. Шығыс Қазақстанның рөлі тура айта келіп, Қ.Тоқаев аймақты тамаша табиғаты, зор өнеркәсіптік әлеуеті, тармақталған әлеуметтік инфрақұрылымы мен өркендеген аграрлық саласы бар қарқынды дамып келе жатқан өңір ретінде атап өтті. Оның пікірінше, аймақ еліміздің жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үле­сін қоса отырып, тұрақты даму үстінде. Облыс еліміздегі индус­триялық-инновациялық даму жобаларын қаржыландыру көлемі бойынша жетекші орындардың бірін иеленіп келеді. Сенат депутаттары өз кезегінде сайлан­ған аймақтарды дамытуда өздерінің конс­титуциялық құқықтарын белсенді түрде пайдалануда. «Біздің мемлекетіміздің ауқымды аумағын, алуан түрлі табиғи жағдайын және аймақтар экономикасының түрлі даму деңгейлерін ескергенде, бұл өте маңызды», деп атап өтті Төраға. Шығыс Қазақстан облысына сапары барысында Қ.Тоқаевпен бірге Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев, пала­таның Қаржы және бюджет коми­тетінің төрағасы Рашит Ахметов, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысынан сайланған сенаторлар – Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Талғатбек Абайділдин мен депутат Сергей Плотников болды. Сенат бюросының таяудағы шешімімен Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты мен Семей қалалық мәслихатының бір­қ­а­тар депутаттары отандық заңнаманы жетілдірудегі белсенді қызметі үшін Парламент Сенатының Құрмет грамотасымен марапат­талған болатын. Сапар кезінде грамоталар табыс етілді. Сенат делегациясы Өскеменде қалып­тасып жатқан спорт кластерінде және «Бобровка+» ауыл шаруашылығы кәсіп­орнында да болды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.