29 Наурыз, 2014

Кәсіпкер күткен құжат

275 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда Үкімет мүшелері «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне рұқсат беру жүйесi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын бір ауыздан мақұлдады. Отырысты ашқан С.Ахметов дайындалған заң жобасы туралы баяндау үшін  Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевке сөз берді. Министр заңның маңызы – Мемлекет басшысының рұқсат беру заңнамасына жаңа үдерістер енгізу бойынша берген тап­сырмаларымен мән мәтіндік үйле­­сімділігінде екенін атап өтті. Құжаттың маңызды бөлігіне назар аударып, қолданыстағы рұқсат беру жүйесінің негізгі проблемаларына тоқталды. Сөйтіп, оны шешудің жолдары туралы әңгімеледі. «Бұл заң жобасы үш бөлiмнен тұрады. Оған «Лицензиялау туралы» заң толығымен ендi. Заң жобасының бұл бөлiмiнде осы саладағы бүгiнгi проблемалар ескерiле отырып пысықталады. Сондай-ақ, заң жобасында «Әкiмшiлiк рәсiмдер туралы» Заңнан хабарламалар туралы ережелер толығымен ендi. Заң жобасының үшiншi бөлiмi толығымен қайта жазылып, лицензия болып табылмайтын рұқсат рәсiмдерiнiң мәселелерiн регламенттейдi», дедi министр. Заң жобасының қосымшасына 742 құжат енген. Оның – 709-ы­ рұқсат, 33-і хабарлама. Онда Қа­зақ­станның рұқ­саттар санының үнемi артуы, жаңа рұқсаттардың негiзсiз енгiзiлуi, рұқсат беру жүйесiнде тәуекелдердi бағалау­­­дың қолданылмауы, рұқсаттар­­дың тәртiпке келтiрiлмеуi, рұқсат ұғы­мының жоқтығы сынды бiр­қатар жүйелiк мәселелері шеші­мін тап­­қан. «Заң жобасы олар­ды шешудiң жол­дарын да көз­дейдi. Заңдағы рұқсаттардың толық тiзбесiн жасап, жаңа рұқсат­тарды енгiзуде реттеуiш әсерді қолданады. Мұнымен бірге, рұқсаттарды қауiптiлiк дәре­жесi бойынша санаттап, үлгi­лiк тәсiлдемелердi белгiлейді. Сөй­тіп, рұқсаттарды жiктейді. Осы заңдағы лицензиялар мен өзге рұқ­саттарды қоса қарағанда, әмбебап рұқсат ұғымын енгізу болып табылады», деді Б.Жәмішев. Оның айтуына қарағанда, рұқ­саттар мен ескертулер саладағы мемлекеттік реттеудің негізгі қағидат­­тары – тұтынушылардың, бизнес пен мемлекет мүдделерінің тепе-тең­дігін сақтап отыру. Сондай-ақ, рұқ­саттар мен ескерту тәртіптерін енгізудің тиімділігі мен негізділігі, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен барлық ақпараттардың қолжетімді болуы қарастырылған. Сөйтіп, өзара жауаптылық артып, бизнес жемқорлықтан азат етіледі. Министр, мұндай ұстанымдардың бұған дейін Үкіметте таныстырылған, 2020 жылға дейінгі кәсіпкерлік қыз­мет­терді мемлекеттік реттеудің Тұжы­рымдамасы жобасына енгізіл­генін, түптеп келгенде оның өзгер­мейтінін және мемлекеттің барлық реттеушілік саясатына жатқызы­латынын айтты. Мұнымен қатар, Б.Жәмішев 9 кодекс пен 74 заңға ілеспе заң жобаларымен бірге өзгерістер мен толық­­тырулар енгізілетінін хабарлады. Атап айтқанда, Азамат­тық кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс­ке, «Қазақстан Республикасында мем­ле­кеттік бақылау мен қадағалау туралы» Заңға өзгерістер енгізу қарастырылғанын мәлімдеді. Отырыста сөз алған Ұлттық кә­сіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов бұл заңның тиісті мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер және бірқатар қоғамдық ұйымдардың қатысуымен әр тарауы мұқият зерделеніп, әзірлегенін мәлімдеді. «Сондықтан осы заңның тезірек қабылдануын бизнес қауым­­дас­тықтары асыға күтіп жүр», деді палата төрағасы. Үкімет басшысы отырысты қоры­тындылай келіп, заң жобалары тұтас жүйелік проблемаларды шешуге бағыт­талғанына тоқталды. «Оны қабыл­дау арқылы бизнеске негізсіз рұқсат беру жолдарына тосқауыл қойы­лады. Жаңа рұқсатнама, ол біры­ңғай тізбеге қосылғаннан соң және тек оның реттеушілік ықпалы­на талдау жүргізілгеннен кейін ғана іске қосылады. Мемлекет басшы­сы­ның Жарлығымен 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін рұқсат беруді автоматтандыруды аяқтау да қарас­тырылуда. Аталған заңның қабыл­дануы алдағы жылдан бастап экономиканы мемлекеттік реттеудің жаңа сапалық деңгейіне, кешенді түрде көшіруге мүмкіндік береді», деп түйіндеді сөзін С.Ахметов. Премьер-Министр Өңірлік даму министрлігіне бұл заң жобаларын ағым­дағы жылдың 1 сәуіріне дейін Парламент Мәжілісіне енгізуді қадап тапсырды. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».