Мәскеуде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Кеңес отырысында Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті одан әрі дамытудың көкейкесті мәселелері қаралды. Соның бірі Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім жобасын әзірлеу жайы болды.
Әріптес елдермен бірге келісім жобасын дайындау барысындағы негізгі тұстар, сондай-ақ, мемлекеттердің өзара тиімді мүдделерін қанағаттандыруға және интеграцияны одан әрі дамытуға бағытталған ережелер талқыланды.
Атап айтқанда, сауда саясаты мәселелері, техникалық реттеу және санитарлық-фитосанитарлық шаралар бойынша жемісті талқылаулар болды.
Экономиканы дамытудың өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік, валюта саясаты, қаржы рыноктары сияқты негізгі секторлары бойынша тараптар ортақ пікірге келіп, аталған салаларды өзара тиімді дамыту мүмкіндіктері келісім жобасына енгізілді.
Сондай-ақ, бәсекелестікті дамыту, көлік, энергетика және табиғи монополиялар салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Тұтастай алғанда, келісім жобасын дайындауды талқылау қорытындысы барысында, өзара тиімді әріптестіктің негізгі қырлары бойынша елеулі табысқа қол жеткізілді.
Бұдан басқа, Кеден одағында тұтынылатын жоғары технологиялық сала үшін материалдар өндіруді дамыту мақсатында әкелінетін сирек металдарға қатысты баж салығын төмендету туралы шешім қабылданды.
Экономикалық интеграцияны дамыту бағытындағы бірлескен жұмыс мемлекеттердің тең құқықты қарым-қатынас әлеуетін тиімді пайдалануға пейілді екендіктерінің жарқын көрінісі болып табылады, деп хабарлады Қазақстан Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.