Қазақстан • 02 Наурыз, 2022

Қаңтар оқиғасына қатысқан 62 адам сотталды

1560 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов қаңтар оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарының барысы туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаңтар оқиғасына қатысқан 62 адам сотталды

«Жедел-тергеу топтарының өндірісінде сотқа дейінгі 3 666 тергеп-тексеру ісі бар. Терроризм актілері мен жаппай тәртіпсіздіктер туралы істерден басқа, тонау, ұрлық, қаруды ұрлау, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне күш қолдану фактілері тергелуде. Аталған санаттан 162 айыпталушыға қатысты 101 қылмыстық іс сотқа жолданды. 62 адам сотталды», деді Е.Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде 4 мыңнан астам адам түрлі дене жарақаттарын алған. Олардың ішінде 2402 полиция қызметкерлері, 990 қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тартылған әскери қызметшілер бар.

«Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысқандарды анықтау және жауапқа тарту бойынша барлық қажетті шараларды атқаруда. Ақтөбе қаласында ұялы телефон бейнежазбасының арқасында И. есімді азаматтың 5 қаңтарда ВАЗ-21014 автокөлігін басқарып, облыс әкімдігі алдында полицейлерді үлкен жылдамдықпен соққаны анықталды. Нәтижесінде 4 полицей дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды. Полиция қызметкерлерінің өміріне қолсұғушылық әрекеті үшін бұл тұрғын сот санкциясымен қамауға алынды. Сонымен қатар Т. және И. есімді тұрғындар дубинкаларды пайдаланып, Алматы қаласы әкімдігінің алдында полиция қызметкерін қатты соққыға жыққан. Аталған адамдар қамауда отыр», деді Елдос Қилымжанов.