Қазақстан • 02 Наурыз, 2022

Қазақстандық жүк тасымалдаушылар Украинадан шығарылады

540 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде қазіргі жағдайдағы халықаралық жүк тасымалы мәселелері бойынша жедел кеңес өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандық жүк тасымалдаушылар Украинадан шығарылады

Жиынға халықаралық автомобиль тасымалдаушылары одағы (ҚазАТО), «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, KazLogistics өкілдері, сондай-ақ Украина аумағында қалып қойған автомобильдердің басым бөлігі тиесілі отандық тасымалдаушы қатысты.

Жиналыс барысында жүк тасымалдаушылары мен жүк автомобильдерінің жүргізушілеріне көмек көрсету бойынша қабылданып жатқан және алдағы уақытқа жоспарланған шаралар талқыланды.

Украинада орын алған оқиғалардың басталуына дейін ел аумағында 50-ге жуық қазақстандық жүк автокөлік құралы болған. Оларды Украина аумағынан шығару үшін тасымалдаушылардың тізімі жасалды. Аталған тізім ҚР Сыртқы істер министрлігіне тапсырылды.

ҚР ИИДМ Польша мен Молдованың мемлекеттік органдарына машиналар мен жүргізушілерден қосымша құжаттарды талап етпей, рұқсаттама ұсыну мәселелері бойынша жүгінді.

Айта кетсек, 28 ақпан күні ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев қазақстандық тасымалдаушылардың Украинадан шығуы үшін «жасыл дәліз» ұйымдастыру жөнінде уәкілетті органдармен келіссөздер жүргізген болатын.

Келіссөз нәтижелері бойынша, бүгінгі таңда 3 қазақстандық жүк көлігі «Роварусская» өткізу пункті арқылы Украина-Польша шекарасын кесіп өтті. Қазіргі уақытта тағы 8 көлік Украина-Молдова шекарасынан «Старокозаче-Тудора» өткізу пункті арқылы өтеді. Қалған қазақстандық жүк автомобильдерін шығару бойынша жұмыс жалғасатын болады.

Кеңес барысында тасымалдаушыларға бірқатар ұсыныс жасалды. Атап айтсақ:

  • жүргізушілерді Украинаның батыс бөлігі арқылы Польша мен Молдова шекараларына бағыттау (елдің аталған аумағында жағдай тұрақты және өткізу пункттері ашық);
  • көлік құралдары Киев пен Киев облысына жақын жерде болған жағдайда оларды ахуал тұрақталғанға дейін қоймалар, көпірлер мен басқа да құрылыстардан қауіпсіз қашықтыққа жылжытып, орналастыру.

Сонымен қатар тасымалдаушылардың назарына Беларусь шекарасы арқылы «жасыл дәліз» ашу мәселесінің пысықталып жатқаны туралы ақпарат жеткізілді.