Қоғам • 02 Наурыз, 2022

Ескірген атаулар еңсемізді басып тұр

1294 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өңірде Жол картасына сәйкес биыл облыста 20 елді мекен және 150-ден астам көше атауын жаңғырту жоспарланып отыр. Қазір барлығы 1309 идеологиялық тұрғыдан ескірген атау бар.

Ескірген атаулар еңсемізді басып тұр

Қасиетті Көкшетау мен киелі Қор­ғалжынның арасындағы кең көсілген даланы араласаңыз, бейне­бір өзге мемлекетте сапар шегіп жүр­гендей сезінесіз. Ежелгі ауыл, байыр­ғы қоныс, бағзы замандағы баба­дан мұра болып қалған жер атауы түгелге жуық өзге тілде. Тұлпарының тұяғымен жазылған тарихының өңі неге өзгерді? Бар жағымсыз жайға 1906 жылы 9 қа­рашада ақ патшаның жарлығымен басталған реформа себеп болған. П.Сто­лы­пиннің аграрлық реформасында ішкі Ресейде жер тап­шылығын көріп отырған мұжықтар шабатасын сүйретіп қияндағы қазақ даласына көше бастады. Шалғайдағы отар аймақтарға қоныс аударған шаруа­ларға өкімет тарапынан көмек те көрсетілетін болды. Қисық қылышын бұлғай сермеп, бұла жұртқа тізесін батырған казактардың саны XX ғасыр­дың басында 1 миллионнан асты. Олар ең құнарлы деген 15,6 миллион гектар жерге иелік етті.

Осындай өрескелдіктен кейін жер-су атаулары да күрт өзгере бастады. Кешегі тың игеру дәуірі де байырғы жер-су атауларының бұрмалануына себепші болды. Қияндағы Есіл ауданындағы бүгінгі жағдайды мысал етелік. Кривое, Двуречное, Курское, Любимовское, Свободное, Московское дейсіз бе, тұнып тұр. Кривое ауылының іргетасы Қызылсу өзенінің бойында 1905 жылы орналасқан. Ежелгі аты Табия. Тылсым тарихтың қойнауына үңілсеңіз былайша баяндайды, осы өлкені жайлаған, мыңғырған мал айдаған бай болған екен. Әлгі байдың ай десе аузы, күн десе көзі бар Табия есімді сұлу қызы болыпты. Қырдың қызғалдағындай желкілдеп өсіп келе жатқанда қапияда Қызылсу өзенінде суға кетсе керек. Ақылына ажары сай арудың құрметіне жергілікті жұрт ауылды Табия атап кеткен. Кейін 1910 жылы Украина, Беларуссия, Ресейден қоныс аударушылар дүмеп келіп, орныққан кезде Кривое атанған. Ал Курск елді мекені 1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеруге Ресейдің Курск облысынан келгендердің құрметіне осындай атауға ие болған. Ежелгі атауы Бірлік. Есіл-Жарқайың автокөлік жолының бойында ғасырдан артық ғұмыр кешкен берекелі Бірлік ауылының атауы осылайша өзгерген. Коммунаңыз ежелгі Игілік ауылы, заманында Кривое колхозының бөлімшесі болған. Бұл жер – жалпақ жұрттың қамын ойлаған, жаңашыл болыс Мұхамедрахымның жері. Жеті атасынан бері байлық үзілмеген аруақты болыстың ата қонысы осылайша өзгеріске түскен. 1941 жылдан кейін бұл ауылда алты Алашқа аты шыққан атақты Сұраған қажы мекен еткен. Халқына қайырымды, барынша әділ адам болғанға ұқсайды. Міне, осындай сүт бетіне шығатын қаймақтардың есімі берілген киелі жер кейін Коммуна атанды. Любимовское ауылы ертеректе Қаратомар аталған. Кеңшар ұйымдастырылған кезде Любимовское аталып, шаруашылықтың орталық қонысына айналған. Қаратомар атының қойылуының да өзіндік себебі бар. Шоқ жұлдыздай шағын ауыл үзіліп түскен моншақтай мөлт-мөлт етіп жатқан үш көлдің ортасында орналасқан. Ежелгі қазақтың жер-су атауын таби­ғаттың ерекшелігіне байланыстырып қоятындығын осы бір ғана мысалмен дәлелдеуге болар еді. Сұңғыла қарттардың айтуына қарағанда, сайын даладағы жалтыр көлдердің беті ат шаптырым жерден қарағанда сәл-пәл қарауытып көрінеді екен. Сол себепті ежелгі ауыл Қаратомар атанған. Ал Свободное қонысының бұрынғы атауы Үштөбе. Ауыл іргесінде қозыкөш жерден менмұндалап көрінетін, томпайып жататын үш төбе бар. Ел қадірін, жер қадірін жақсы білетін жергілікті жұрттың айтуына қарағанда, әлгі төбе­лердің бауырында емдік қасиеті мол неше алуан шөп өседі. Ол шөппен төрт түлік малды ғана емес, адам ағза­сын да емдеуге болады. Киелі Зарап ананың мәңгілік тыным тапқан жері. Тың игерушілер шет-шегі жоқ сайын далаға қарап, мынау бір жүгірген аң мен ұшқан құстың еркіндігін қалайтын жер екен деп, Свободное атауын беріпті. Бірақ арыдағы атау біз үшін әлдеқайда қымбат, әлдеқайда ыстық. Калачи ауылы – ежелгі қоныс. Ел тарихын екшеген көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, ауыл іргесінде Бекшентай, Шортай деп аталатын екі адыр болған. Ауыл осы екі адырдың нақ ортасына қазық қаққан. Еркелеп аққан Есілдің бойы. Келімсектер қос адырдың арасында қоныс тепкен ауылды алыстан қарағанда тоқашқа ұқсатқан. Калачи атауы содан қалса керек.

Мұндай мысалдарды көптеп кез­дестіруге болады. Тіпті тұнып тұр. Мәселен, Аршалы ауданындағы Михайловка ауылын 1899 жылы Воронеж, Орлов, Курск губернияларынан қоныс аударғандар құрған. Ал Волгодоновка ауылы 1913 жылы ірге көтерген. Саратов губерниясындағы Дон өлкесінен келген қоныс аударушы­лардың атымен аталған. Әуел бас­та ауылдың айналасына 5-6 ауыл шо­ғырланып орналасқан. Солардың бірі «Ақтиін» хуторы атанған. Неге екенін кім білсін, осы төңіректі қарсақ көп мекендесе керек. Қоныс аударушылар оларды «Ағашсыз ақ тиіндер» деп атапты.

– Идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды өзгерту, өткенді қайта оралту тарихи әділеттілік қана емес, елдің өткенін уақыт тозаңынан аршып алып, абыройымызды асыру, – дейді ел ағасы Өміртай Жүсіпов, – елге бара жатқан сайын Көкшетаудан шыға Еленовка, Антоновка, Казанка, Каменаброд, Лавровка, Карасевка тәрізді атаулар кездеседі. Әлі күнге дейін мұрты бұзылмай тұнып тұр. Ол атаулардың ешбір тәлім-тәрбиелік мәні жоқ. Тәуелсіздік алғалы отыз жыл өтті, бірақ осы бір елдің елдігін көрсететін шаруаны оң жолға қоя алмай жатқандығымыз өкінішті.

Ақсақалдың айтуын ешкім теріс дей алмайды. Індете іздесеңіз, әр елді мекеннің сәтімен сабақталатын, тылсым тарихтан сыр шертетін өз атауы бар.

Тек соның бәрі уақыт өткен сайын көмескі тартып, жұқара жойылып барады. Кейінгі ұрпақ бұрынғының бағалы атауын біле де бермейді.

– Облыста 2020-2021 жылдары ұлттық санақ өткізілуіне байланысты елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беруге және оларды қайта атауға тоқтам жарияланды. Сонымен қатар елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты елді мекендерді қайта атау бойынша қоғамдастық жиналыстары өткізілген жоқ, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы Әсем Жұмағұлова, – бірақ бұл бағыттағы жұмыс мүлдем тоқтап қалған жоқ. Әлеуметтік желілер, бұ­қаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілді, елді мекендердің тарихи атаулары жөнінде мәліметтер жарияланып отырды. Елді мекендер мен көшелерді қайта атауда ғылыми және архивтік деректерді іздестіру мақсатында ономастика жұмысына ғалымдарды тарту туралы шешім қабылданды. Осы мақсатқа екі жыл қатарынан қаржы бөлінді.

Қазақстан Республикасының Ұлт­т­ық музейі қызметкерлерінің Омбы, Алматы қалаларындағы архивтерде жүргізген жұмыстарының нәтижесінде 100-ден астам елді мекеннің тарихи атауы табылды. Архивтерден табылған құжаттамалық деректер мен ескі карталар жинақталып, өлкетанушы Ирина Бекзатқызының «Ақмола облысының тарихи топонимикасы» шығарылды. Сонымен қатар архивтерден табылған ескі карталар заманауи технологиялар арқылы бүгінгі замандағы карталармен беттестіріліп, сол кездегі атаудың қазіргі нақты қай елді мекеннің атауы екені анықталды. Бұл деректер алдағы уақытта атаулары идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендерді қайта атау кезінде пайдаланылатын болады.

Биылдан бастап облыста елді мекендер мен құрамдас бөліктерге атау беру, оларды қайта атау жұмыстары қайта қолға алынуда. Қаншалықты баянды боларын уақыт көрсетеді.

 

Ақмола облысы