Кеше еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Еуропарламент делегаттарымен кездесті.
Сыртқы саясат ведомствосының басшысы мен ЕО парламенттік делегациясы арасында өткен кездесуден шығып, журналистермен жүздескен депутат Элизабет Йеггле Қазақстан ЕО-ның Орталық Азиядағы маңызды әріптесі саналатынын жеткізумен қатар, Қазақстан үшін ЕО-ның да сауда және инвестиция жөніндегі негізгі әріптес ел екенін алға тартты. Біз екі арадағы қарым-қатынастардың тереңдеуін және нығая түсуін қалаймыз. Осы ретте 2013 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Еурокомиссия Президенті Жозе Мануэль Баррозу әріптестікті одан әрі тереңдете түсу жайында келіссөздер жүргізуге келіскен болатын. Ол 1999 жылы қол қойылған Әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді алмастыруы тиіс. Біз үшін әріптестік пен ынтымақтастық жөніндегі жаңа келісім бойынша келіссөздердің алға жылжуы елде ашық демократиялық қоғам орнатудағы саяси реформалардың жүргізілуіне, оппозиция мен азаматтық қоғамның өмір сүруіне байланысты, деген депутат әрі қарайғы ойын былай деп жалғады:
«Қазақстанның тұрақтылығы мен әрі қарайғы дамуы үшін мықты институттардың құрылуы, заң үстемдігі билік жүргізіп, азаматтар құқықтарының сақталуы, мықты мемлекеттік басқару жүйесінің халықаралық стандарттарға сай өмір сүруі маңызды. Міне, осындай маңызды мәселелер төңірегінде әңгіме өрбіту мақсатында біз қазақстандық әріптестерімізбен кездестік». Осылай деген Элизабет Йеггле сөзінің соңында ЕО-ның Қазақстандағы азаматтық қоғам дамытудағы жұмыстардың жүргізілуін және билік пен азаматтық қоғам арасындағы үнқатысудың жүзеге асырылуын қолдайтындықтарын жеткізді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».