Қазақстан • 03 Наурыз, 2022

Тергеу амалдары жалғасуда

673 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бас прокуратураның 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов пен ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов «Қасіретті қаңтар» оқиғаларын тергеу барысы туралы ресми мәлімдеме жасауды жалғастыруда.

Тергеу амалдары жалғасуда

 

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Е.Қилымжанов қазіргі таңда жедел тергеу топтарының өндірісінде 3 666 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі бар екенін мәлімдеді. Оның ішінде терроризм актілері мен жаппай тәртіпсіздіктер туралы істерден бөлек, тонау, ұрлық, қару ұрлау, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне күш қолдану фактілері де тергелуде. Бас прокуратура өкілінің мәлімдеуінше, 162 айыпталушыға қатысты 101 қылмыстық іс сотқа жолданса, 62 адам сотталған. Сотты болғандардың ішінде Алматы қаласындағы «Алпамыс» аңшылық дүкенінен қаруларды ұрлағаны үшін кінәлі деп танылған екі азамат та бар. Алмалы аудандық сотының үкімімен Б.Онтай пен Ө.Жеңісхан 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды. «Тергеу барысында 5 қаңтарда Ақтөбе қаласында «ВАЗ 21014» маркілі көлігінде отырған жігіттің облыс әкімдігінің алдында тұрған полицейлердің қоршауын үлкен жылдамдықпен келіп соққаны анықталды. Бұл көрініс ұялы телефонға жазылып қалған. Ауыр соққыдан 4 полиция қызметкері дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды. Кейіннен тәртіп сақшыларының өміріне қауіп төндірген күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Сондай-ақ Алматыда қала әкімдігінің алдында полиция қызметкерлерін аяусыз соққының астына алған екі күдікті де қамауда отыр», дейді Е.Қилымжанов.

Естеріңізде болса, қаңтар оқиғасы кезінде 4 мыңнан астам адам жарақат­танған болатын. Оның 2 402-сі полиция қызметкері болса, 990-ы әскери қызметші.

Бас прокуратура өкілі қаңтар оқиға­сына қатысты БАҚ пен әлеуметтік желі­лердегі жарияланымдарға мониторинг жүргізу, қамауда отырған адамдарды ұстау жағдайларына тексеру іс-шараларының жалғасатынын да хабарлады. Қазіргі уақытта тергеу изоляторларында 751 адам отыр. Ал 199 күдіктінің бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепілге, үйқамаққа алуға және жеке кепілгерлікке ауыстырылған. Сонымен қатар Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Үйлестіру кеңесінің мүшелері және Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары тергеу, уақытша ұстау изоляторлары мен арнайы қабылдау орындарында 118 кездесуге қатысқан.

Қаңтар оқиғаларын тергеудің алдын ала нәтижелері туралы хабарлаған Санжар Әділов тергеу өндірісіндегі 2997 қылмыстық іс бойынша сот санкциясымен 194 адам ұсталғанын айтты. Олардың 152-сі жаппай тәртіпсіздік барысында ұрлық жасағаны, 22-сі қаруды заңсыз сақтағаны және 24 адам қаруды ұрлағаны үшін қамаққа алынған. Тергеушілер 174 күдіктіге қатысты қылмыстық істерді айыптау актісімен аяқтады. «Полиция қызметкерлері жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрлық жасап, тонауға барғандарды анықтау жұмыстарын әлі де жалғастырып келеді. Тек өткен апта ішінде мүлікті және қаруды ұрлау фактілері бойынша 7 күдікті ұсталды. Олардың арасында Алматыда полиция қызметкерлерінің арнайы құралдарын қолды қылып, 4 дүкенді тонап кеткен 5 адамнан құрылған топ бар», деп мәлімдеді С.Әділов.

ІІМ-нің деректеріне қарағанда, қаңтар оқиғасы кезінде 1502 бизнес объектісіне шабуыл жасалған. Оның ішінде 1360 сауда орны мен дүкен, 36 банк офисі мен көшедегі банкомат, 31 қоғамдық тамақтану орны, 26 ломбард, 21 жанармай стансасы, 6 базар, 4 валюта айырбастау пункті, 3 дәріхана, 1 автосалон мен кәсіпкерліктің басқа да нысандары бар. Полиция органдары ең алдымен зардап шеккен азаматтар мен бизнес өкілдеріне жәрдемдесіп, келтірілген залалдың орнын толтыру бойынша шаралар қабылдап жатқанын айтқан С.Әділов полиция қызметкерлерінің құны 288 млн теңгеден асатын ұрланған мүлікті анықтағанын мәлімдеді. Сондай-ақ ұрланған мыңнан астам қару тәркіленіп, 21759 оқ-дәрі табылған.