Аманат ұғымы – қазақ халқының ұлттық кодының кілті, адамгершіліктің тұтқасы, дүниетанымының негізі. Аманат жолы – әділеттілік пен жауапкершілік. Ол – ар мен намыс, сөз бен істің бірлігі, адамгершілік пен рухани тазалықтың жолы. Ата-бабамыздың бізге қалдырған аманаты – ел мен жер тұтастығы, ел тәуелсіздігі, тілі мен діні, салты мен дәстүрі. Сол себепті саяси партияның «Аманат» аталуы – құптарлық дүние.
Бұрынғы ата-бабаларымыз «аманатқа қиянат жүрмейді» деген қағиданы ұлт менталитетінің темірқазығы етіп ұстанған. Бүгінде аманат ұғымының саяси астарына да назар аударатын уақыт жетті. Мәселен, биліктің халыққа қызмет етуі, халық мүддесін жеке бастың мүддесінен қашанда жоғары қою, әділеттілікті, заңды қоғам дамуының негізі ретінде қарау да ата-бабаларымыздың аманаты екенін естен шығармағанымыз абзал. Міне, Amanat партиясының жаңа кезеңдегі басты міндеттері. Сонымен қатар Amanat партиясы центристік сипатта дамитын партия болғасын ұлттың өзіндік санасының өсуіне, мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіретін сепаратизмнің, экстремизмнің қандай да бір көріністеріне жол бермеудің маңыздылығын үнемі назарда ұстап, оған саяси тұрғыдан баға беруге дайын болуы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, Саяси менеджмент академиясы алдында жаңа сипаттағы, жаңа заман талабына сай келетін саяси менеджерлерді даярлау мәселесі күн тәртібінде тұр. Олардың бойында мемлекеттің, ұлттың, елдің мүддесін қорғай алатын қасиеттерді қалыптастыру және бұл жолда олардың саяси білімі мен сыни ойлау мәдениетін, коммуникативтік құзыреттілігін дамытудың маңызы зор. Жариялылық қандай да болсын саясаттың негізі деп танитын болсақ, депутаттар қоғамдық ойды, пікірді қалыптастырудың локомотиві, жетекші күші болуға тиіс. Ол үшін оның өзіндік пікірі мен ойы болуы қажет. Бұл жағынан келгенде, бүгінгі депутаттарда кешегі қалыптасқан стереотиптер мен үрей, жалтақтық басым. Демек оларға рухани және жүйелі ойлау тұрғысынан арылу қажеттігі байқалады.
Amanat партиясының алдында тұрған тағы бір міндет – ұлттық идеология мәселесі. Биліктің мұрагері жеке тұлға емес, оның ұлттық құндылықтарға негізделген идеологиясы. Тек соңғысы ғана қоғамның тұрақтылығы мен өркениеттілігін қамтамасыз ете алады. Оны кешегі қаңтар оқиғасы көрсетіп берді. Идеология жеке адамның арманы мен қалауы үшін жұмыс істемеуі керек екендігін енді сезінгендейміз. Жалпы, қандай да болсын партияның идеологиясыз өмір сүруі мүмкін емес. Демек жаңа партияға жаңа идеология қажет. Ол қоғамның прогрессивтік дамуына ықпал ете алатын, қоғамды басты құндылықтар негізінде топтастыратын, шынайылық пен әділеттілікке, жасампаздыққа негізделген тәуелсіз идеология болуға тиіс. Ол ақпараттық қоғам жағдайында сыртқы деструктивтік күштерге, геосаяси жағдайда агрессивтік сипаттағы басқа мемлекеттің идеологияларына тойтарыс бере алатындай идеология болуы керек. Идеологиялық тоқырауды еңсеру, оған жаңа Қазақстан жағдайында жаңаша леп беру – Amanat партиясы алдындағы міндеттің бірі.
Amanat партиясы ұлттық байлықты әділеттілік тұрғысынан қорғауға атсалысуы керек. Ұлттық байлық тек экономикалық ұғым ғана емес. Ұлттық байлыққа рухани-мәдени, интеллектуалдық, адами ресурстарды да жатқызуға болады. Осы тұрғыдан келгенде партия алдында атқарылатын қыруар шаруа тұр. Әсіресе білім, ғылым, денсаулық, мәдениет, өнер, спорт салаларындағы мәселелер партия назарынан тысқары қалмауы керек. Ұлттың тілі мен діні, ділі де – ұлттың байлығы. Қысқасы, жаңа партия ұлттық байлыққа деген қоғамдағы тұтынушылық көзқарасты жоюды алға қоюы қажет. Ол үшін өзі де жаттанды ырғаққа тербеліп, барға мәз болып отыра бермей, сөзден іске кірісуі керек. Сонда ғана Amanat партиясы атына заты сай болмақшы.
Төлеуғали БӨРІБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты
жанындағы Сот төрелігі
академиясының
профессоры, философия ғылымдарының докторы