Аймақтар • 03 Наурыз, 2022

Күрделі мәселелер күн тәртібінен түспейді

255 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көктем келіп, күн жылынған сәттен бастап шаруалар қайтадан қарбалас тіршілікке кіріседі. Бұл мезгіл ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы кезең. Асыраушы саланы ілгерілету арқылы экономикалық өсімге қол жеткізуге болады. Десе де, көктемгі дала жұмыстарын ұйымдастыру, егістік алқаптарды сумен қамтамасыз етудің өзіндік қиындықтары бар. Сол сияқты, өнім сапасын арттыру да – күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Егістік алқабын кеңейту де күрделі мәселе. Алайда ауылшаруашылық саласының жұмысына ауа райының да әсері болмай қоймайды. Жамбыл өңірінде де бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ. Тиісті шешімдер қабылданып, жұмыстар жүйелі атқарылып жатқанымен, күрделі мәселелер де бар...

Күрделі мәселелер күн тәртібінен түспейді

 

Техника тапшылығы шаруаларды тығырыққа тіреді

Қазіргі таңда Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында көктемгі дала жұмыстары басталып кетті. Жоспар бойынша биыл 101,9 мың гектарды игеру керек болса, бүгінде 2,1 мың гектар жерге айдау жұ­мыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданында 545 гектар алқап­қа жаздық масақты дақылдар себіл­ген. Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қар­масының басшысы Ербол Жиенқұ­лов­тың айтуынша, көктемгі дала жұ­мыс­тарына қажетті 77,9 мың тонна тұ­қым толықтай дайын. Сонымен қа­тар көктемгі дала жұмыстарына 7 317 дана ауыл шаруашылығы техникасы қаты­сатынын жеткізді. «Биыл шаруа­шы­­лықтарға ақпан-мамыр айларына жал­пы 10 920 тонна кепілдендірілген дизель отыны 194-208 теңге аралығында бө­лінуде. Биыл 52,4 мың тонна минерал­ды тыңайтқыш егістік алқаптарға себіліп, 46,6 пайызға тыңайту жоспарлануда. Бүгінге 59 шаруашылық тарапынан түс­кен өтінімге сәйкес, «Аграрлық несие корпорациясымен» көктемгі дала жұ­мыс­тарына берілетін несие көлемі 437,1 млн теңгеге жетті. Басқарма басшысы ағын суды тиімді пайдалану және суар­ма­лы судың шығынын азайту мақ­са­тын­да су үнемдеу технологияларын тиім­д­і пайдаланып жатқанын да жеткізді. Сон­дай-ақ былтыр су 40,5 мың гектарға жет­кізілсе, келесі жылы 50 мың гектарға жет­кізілетінін айтып, уәде берді. Бұл ретте су үнемдеу технологияларының кө­лемін ұлғайту мақсатында тиісті жұ­мыс­тар жүргізілуде. Мәселен, 2022-2030 жылдары 52 мың гектарға Valley компаниясының 1 мың бірлік жаң­быр­латып суару қондыр­ғы­ларын лизингке беру арқылы енгізу көз­делуде. Аталған компания тарапынан биыл 50 жаңбырлатып суару қондырғысы 2,6 мың гектар алқапқа орнатылады. Бұл арқылы жылдағыдан да мол өнім алу жоспарланып отыр.

Мәселен, былтыр Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласында 426,6 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш 469,8 млрд теңгеге жет­кі­зіл­мек. Сонымен қатар Ербол Жиен­құ­лов өткен жылы асыраушы сала­ның негізгі ка­питалына 29,6 млрд теңге ин­вес­­тиция тартылғанын да айтты. Ал биылғы инвес­тиция көлемін 46,7 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр.

«Өткен жылы 1 275 бірлік ауыл шаруа­шы­лығы техникалары алынып, 10,5 па­йыз­­ға жаңарды. Биыл оны 11 пайызға жеткіземіз. Сонымен қатар 19,2 млрд тең­ге­ні құрайтын 18 жоба іске асырылып, 595 жаңа жұмыс орны ашылды. Енді жылдың соңына дейін құны 27,7 млрд теңгені құрайтын 16 жобаны жүзеге асырып, 599 жұмыс орнын құрамыз», дейді ол.

Әрине, мұның бәрі жақсы. Алайда жер­­­­гі­­­лік­ті шаруалар ескі техникамен­ амал­­­­­дап жүргендерін айтуда. Мә­се­­­­­­лен, Бай­зақ ауданындағы «Ақыл­­жан-2017»­ ауыл шаруашылығы ко­о­пе­­­ра­­тиві­нің төра­­ғасы Асылбек Мейірхановтың ай­туын­ша, комбайнның тапшылығы егін шаруашылығымен айналысатын кә­сіп­керлерге айтарлықтай қолбайлау болып отыр. Сол сияқты Жуалы ауданындағы «Төлеген» шар­уа қожалығының төрағасы Мейірбек Төлегенов те ескі комбайнмен бүгінге дейін жұмыс істеп келе жатқанын жет­кіз­ді. Әкімдік шаруаларға егін егуді жылда міндеттегенімен, техника тапшы­лы­­ғы шаруаларды тығырыққа тіреп тұр. Бұл ретте өңірде техника мәселесі әлі де өзекті екенін көруге болады.

Су қоры былтырғыдан төмен

Көктем келсе, өңірде әуелі су мәсе­ле­сі көтеріледі. Облыс бірнеше жыл­дан бері су тапшылығын бастан кешуде. Бүгінде «Жамбыл су қоймалары» ме­ке­месінің теңгерімінде 105 су қой­ма­сы бар. Аталған су қоймаларының 35-і егін шаруашылығына пайдаланылса, 27 су қоймасы балық және егін шаруашылығына пайдаланылады. Сондай-ақ бірқатар су қоймасы өзектерді сумен қамтамасыз ету және экологиялық мақсатқа да жарайды. Былтыр өңірдегі су қоймаларына нақты 116 млн текшеметр су жиналып, барлығы 8 278,8 гектар ауыл шаруашылығы мақса­тын­дағы жер­лер сумен қамтылған. Сонда да су мә­се­лесі талай шаруаны сергелдеңге сал­­­ған еді.

Биыл да бұл мәселенің алдын алу керек болып тұр. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жарылқасын Айтақов қазіргі уақытта су қоймаларына су толтыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, бүгінгі таңда аудандарда орналасқан су қоймаларына орта есеппен көлемі 51,24 млн текше метр су жи­налғанын атап өтті. Алайда, бұл көр­сет­кіш былтырғымен салыстырғанда 25 пайызға төмен. Басқарма басшысының орынбасары оның себебін ауа райымен байланыс­тырады.

«Себебі өткен жылға қарағанда жауын-шашын биыл 32 пайызға аз және бұл облыстағы каналдардың жөндеу жұмыстарына әсерін тигізуде. Десе де суармалы маусым кезеңіне судың жиналуын 80 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, соңғы жылдары біздің аймақта су тапшылығы қатты сезілуде. Өңірдің су қорының 80 пайызға жуығы көршілес Қырғыз Республикасына тәуелді. Сон­дық­тан облыстағы ішкі резерв­тегі су көз­де­рін толық пайдалану үшін 2021-2022 жылдарға арналған «Жам­был об­лы­сы­ның су қоймалары мен тоған­дар­ды қалпына келтіру және жаңа­дан соғу бо­йынша іс-шара жоспары қа­был­данған», деді ол.

Қазіргі кезде облыс аумағында қал­пы­на келтірілетін 10 су қоймасы мен бө­геттер анықталған. Сонымен қатар 8 су қоймасы жаңадан салынуға тиіс. Жалпы, аталған су қоймалары қалпына келтірілген және салынған жағдайда облыс көлемінде қосымша 10,65 млн текше метр су жиналып, 2 411 гектар суармалы жер алқабы айналымға қайта қосылады деген болжам бар.

 

Жамбыл облысы