Аймақтар • 03 Наурыз, 2022

Көлқайнардағы көпшіліктің көңілі алаң

322 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Облыс орталығымен іргелес жатқан Жамбыл ауданында оң шешімін күткен мәселе көп. Ауданға қарасты Көлқайнар ауыл­дық округінде ел игілігі үшін бірқатар жұмыс атқарыл­ға­нымен, алда атқарылуға тиіс шаруалар бұдан да ауқымды.

Көлқайнардағы көпшіліктің көңілі алаң

 

Бұл күнде ауылдықтар Тараз қаласынан төгілетін шайынды сулардың төгілетін орны мен қоқыс алаңына алаңдаулы. Талай жылдан бері қаланың қажетсіз суы осы ауыл маңына төгіледі. Аталған мәселе әкімдердің есепті кездесулерінде жиі көтеріл­ге­ні­мен, шешімін таппай келеді. Шайынды су мен қоқыстың қол­қа­ны қапқан күлімсі иісі, әсі­­ре­се күн жылынғанда тұр­ғын­­дарға маза бермейді. Енді са­­наулы күндерден кейін күн жы­­лынатынын ескерсек, бұл мә­се­ленің өзектілігі тағы да арта түседі. Аудан басшы­ла­ры ше­ше алмаған мәселені көп­ші­­лік қайта көтеріп, енді облыс әкі­мінен көмек сұрап отыр. Соны­мен қатар ауылдықтар көше мәсе­ле­сін де көтеруде.

«Ауыл көшелеріне асфальт жабыны төселсе деген тілек бар. Ес білгелі ауылда 95 үй бар еді. Сол көбеймей-ақ қойды. Жастар үй салатын жер болмаған соң қалаға көшіп кетуде. Неге әкімдік ауыл іргесінен тұрғын үй салатын жер бөлмейді?» дейді ауыл тұрғыны Мұрат Жұмабаев.

Мұнда жағдай болмаған соң бұл күнде ауыл жастары қала­ға жиі көшетін болған. Осы мәселеге алаңдаған тұрғындар енді аудан басшылығы жас отба­сылар үй салатын жер қарас­тыр­са дейді. Бүгінгі таңда ауыл­дық­­тар үшін ең күрделі мəселе жер болып отыр. Облыс әкімі аудан әкіміне жылда мал басын көбейту туралы тапсырма бер­генімен, қазіргі кезде ауыл маңында жа­йылымдық жер жоқ. Малға қа­жетті жер табу қиын. Ал пайдаланылмай жатқан егістік жерлер мен басқа да алқаптарды мемлекетке кері қайтарып алу жұ­мыстары баяу жүруде. Жер­ді жекешелендіріп алған кәсіп­кер­лердің көбі жерді не өзіне, не өзгеге жоқ қылып отыр. Сондай-ақ Бектемір Маденбаев, Бақыт Жабынов және өзге де ауыл тұр­ғындары жаңа салынған үй­лер­ді газға қосу және ауылдан спорт кешенін салу туралы да айт­ты. Ауылдың бүгінгі ахуалына алаңдаған көпшілік аталған мә­селелер алдағы уақытта оң шеші­мін табады деген үмітте.

Қазіргі кезде күрделі мәселе болып отырған жайылым мəсе­лесі өңірдегі барлық ауылда бар. Ал күні кеше ғана тағайын­­­далған ­аудан әкімі Ерлан Қыдыра­лы­ұлы­нан халықтың күте­тіні көп. Алайда жаңа әкім осы уақытқа дейін сол аудан­да әкім­нің орынбасары болып та­лай жыл жұмыс істесе де, ауылшаруашылық саласына басшылық жасаса да бұл мәселені шешпеген. Де­ген­мен ауылдықтардың әлі де үміті зор. Бірақ талай жылдан бері түйткілді мәселе болып келген ша­йынды сулардың мәселесін шешу үшін биологиялық тазарту орталығын салуға аудан түгілі, облыстың күші жетпей отыр. Сондықтан да Жамбыл облысының әкімдігі аталған мә­се­лені шешуге республикадан көмек сұрауда.

Ал Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Асылбек Қона­ровтың айтуынша, округ­те ауыл шаруашылығы мақсатындағы 5 167 гектар егістік, 1 749 гектар жайылым және 552 гектар шабындық жер бар. Өткен жылы 2 073 гектар алқапқа егін егіліп, одан 17 507 тонна өнім жиналған. Жақсы өнім жинау үшін 62 шар­уа қожалығына «Қапал» және «Талас-Аса» каналдары арқылы 6 млн 976 мың текше метр су берілген. Осы жылдың өнімі үшін 100 гектарға күздік бидай себіліп, көктемгі егіске дайындық барысында 1 200 гектар алқапқа сүдігер көтеріліпті. Сондай-ақ ауыл­дық округте мал басы жыл өткен сайын артуда. Есепті ке­зеңде мүйізді ірі қараның өзі 400, қой-ешкі 900 және жылқы 76 басқа өскен. Көлқайнар ауылдық округіне қарасты 5 елді мекеннің тұрғындары да негізінен мал асырап күнелтеді. Бірақ төрт түліктің бабын табу үшін тағы да жайылым мәселесі алдан шығады. Ал бұл мәселені жуық арада шешу оңай болмай тұр.

«Еліміздің Ауыл­ шаруа­шылығы министрлігі нормаларына сәйкес қажеттілікті есептеу кезінде ауылдық округ бойынша жайылымдық жер тапшылығы 14 002 гектарды құрады. Оның ішінде Еңбек ауылында 1 986 гектар жа­йы­лым жетіспейді. Ауданның жер қорынан елді мекендерден 5-7 шақырымдық радиуста жайы­лым­дық жерлерді конкурс ар­қылы беруге тыйым салынды. Карта бойынша елді мекендерден 5 шақырым аймақта 1 002 гектар жайылымы бар 17 шаруа қожалығы анықталған. Олар­дың барлығына да ескерту хабарлама берілген. Округ аума­ғында «Аса Даму» және «Ел-Даулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Қызыл-Дихан қожалығы» өндірістік коо­перативі және 167 шаруа қо­жалығы мен 8 шағын кәсіп­кер­лік нысан жұмыс атқаруда», дейді Асылбек Қонаров.

Сонымен қатар Көлқайнар ауылдық округінің әкімі 4 елді мекеннің ауыз сумен қамтыл­ғанын да жеткізді. Енді Көлқайнар ауылындағы 18 ауланы ауыз сумен қамтуды жеңілдетілген жолмен ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ауыл­ішілік газ құбырларының құры­лы­сы жүргізіліп, аяқталған. Әкім енді ауыл тұрғындарының көтер­ген мәселелері бойынша да ал­да­ғы уақытта тиісті жұмыстар ат­қарылатынын айтты.

 

Жамбыл облысы