Сыйға тартылған еңбектердің арасында Қаздауысты Қазыбек бидің өмірінен сыр шертетін «Ғасырлар даналығы – бабалар мұрасында» кітап-фотоальбомы, Қазақстанның жас суретшілерінің «Тарихым – бүгінім, ертеңім!» түрлі түсті суреттер жинағы мен Елена Клепикованың қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Жетісудың ертегілері» атты кітаптары бар.
Бұл еңбектерді кітапханаға облыс орталығындағы «Сарыжайлау» кинотеатры мен BAURZHAN foundation жеке қоры тарту еткен.
Аталған кітапхананың инновациялық және әдістемелік жұмыс бөлімінің басшысы Сәуле Жүсіпова мекеменің де мерекеге орай жомарт тарту жасағанын айтады. Мысалы, кітапхана қаладағы Абай атындағы мектеп-гимназияға, тұрақты оқырмандарына 20 кітап және бірнеше дана журнал сыйлаған.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, кітапхана қорындағы 138 628 кітаптың 32 196-ы ғана мемлекеттік тілде екен. Ал өткен жылы 3 161 кітап келіп түссе, оның 1 632-сі қазақ тіліндегі туындылар болған. Абай атындағы балалар кітапханасының басшылығы болса, уақыт өткен сайын мемлекеттік тілдегі кітаптарға деген сұраныстың артып келе жатқанын айтады.
ҚАРАҒАНДЫ