Өткен ғасырдың 50-ші жылдарының аяғы. Қарағандыдағы емдеу-сауықтыру мекемелерінің жағдайы мүшкіл-ді. Ең аяғы, науқастарға хирургиялық көмек көрсету қызметінің өзі әр аурухананың қанжығасына байланып, өгейлік көріп жүрген. Дегенмен, мұнда аты республика мен одаққа танымал Хафиз Мақажанов деген білікті медицина маманы болды. Ол кісі сол көп ауыртпалықтарды өзі көтеріп жүрді. Сол Хафиз Жақсыбайұлы бертін келе облыс орталығындағы барлық хирургиялық бөлімдердің басын қосып, дербес аурухана ұйымдастырды. Осы мекеменің тұңғыш уығы шаншылған сәттен оның қызметкері болған адамдардың бірі – Құсни Елеуов. Жасыратыны жоқ, жалпы дәрігерлік білімі ғана бар, кәсіби тәжірибесі кемшін жас маман алғашқы оталарды жасау кезінде қатты қиналып жүрді. Тіпті, теория жүзінде жақсы біліп тұрса да, қандауырды қолға алғанда абдырап қалатын-ды. Сөйтсе-дағы, бірте-бірте күнделікті еңбек ырғағына қалыптасу Хафиз Мақажанов, Александр Керопян тәрізді тәжірибелі ұстаздардан үйреніп, сол ағаларының сынынан өту жеміске жетеледі. Екі-үш жылдың ішінде Құсни Қарағандыдағы әйгілі хирургтердің қатарына қосылды. Кейін өзінің ақылшысы Х.Мақажановтың есімін иеленген ауруханада 1960-жылдан бастап жарақат-ортопедия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Кейіпкеріміз 1971 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, үш жылдан соң Қарағанды мемлекеттік медицина институтына конкурстық негізде ассистент болып сайланғаннан кейін де осы ауруханадан қол үзген жоқ. Күрделі ота жасауға жетекшілік етіп, ғылым мен практикалық жұмысты қатар алып жүрді.
Құрғақ статистикаға жүгінсек, жарақат салдарынан болатын адам шығыны дүние жүзінде жүрек-қан тамырлары ауруы қиятын тағдырлардан кейінгі орынды иеленеді екен. Қарағанды тәрізді индустрия алыптары мол қалада өндірістік, тұрмыстық және апат жағдайында жарақат алатындар саны да көп болатыны түсінікті. Сондықтан, облыстың хирургиялық клиникасында ота жасалмайтын күн жоққа тән. Құсни Әменұлының қандауыры айына 35-40 адамның жанына шипа, дертіне дәру дарытса, жыл ішінде жасайтын отасы 400-ді төңіректейді екен. Хирург болған 44 жыл мұғдарында 15 мыңнан астам тағдырдың көрер жарығы ұзаруына себепкер болған дәрігер тек инфаркт алып, қатты ентіге беретін болғандықтан, жетпіске жақындаған шағында ғана ота жасаудан бас тартыпты. Жанкүйер жұрттың қанын қыздырып, желіктіретін футболшы өз ғұмырында осыншама гол соқса, кем дегенде оған қоладан мүсін құйылатыны күмәнсіз. Ал дәрігер деген халықтың былайғы жұрт көзінен таса ересен еңбегі у-ду тіршілікте емес, жалғыз Алланың ғана есебінде екені анық.
Дәрігерлік тәжірибесінде талай ауыр ота жасауына тура келген Құсни Әменұлы өз өмір жолында адам ағзасындағы жарақат жылдам әрі зардапсыз бітуіне әсер ететін өнертапқыштықпен де айналысып, жаңалықтар ашты. Сөйтіп,екі авторлық куәлік иеленді. Практикалық жұмыс пен ғылыми еңбекті және Қарағанды мемлекеттік медицина институтындағы ұстаздықты қатар алып жүрген адамның қажырына таңғалмасқа шара жоқ. 1992 жылы докторлық диссертациясын қорғаған ғалым 60-тан астам ғылыми мақаланың және монографиялардың авторы. Профессор ағамыз сондай-ақ көп жыл бойы Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің оқу-өндірістік бірлестігіне жетекшілік етті. Оның алдынан дәріс алған шәкірттері Қазақстан мен ТМД елдерінде ғана емес, алыс шетелдерде де қызмет атқарады. Ешқайсысы да ұстаз атына сөз келтіретіндей емес, бәрі де өз істерін жетік білетін шебер мамандар. Олардың Құсни Әменұлына деген құрметі ерек.
«Құсни аға медицинаның теориясы мен практикасын ғажайып дәлдікпен ұштастырған дәрігер-ғалым. Сонау шәкірт кезімізден бастап бүгінгі жігіт ағасы атанған шағымызға дейін ол кісі біреудің сыртынан ғайбат сөз айтқанын, әлдекімді жазықсыз жазғырғанын көрген жоқпыз. Уәдеге беріктігі және талапшылдығы жағынан оның алдына түсер жан жоқ. Әділдігі тағы сондай. Осындай тура, қылышпен шапқандай тіліп түсетін, жалғандыққа жаны қас мінезіне орай Құсни ағаны «темір адам» деп атап кеттік. Қаталдығына қапалықтан емес, ерекше принципшілдігіне деген құрметтен туған сөз бұл», – деген-ді бірде әріптесі Серік Қаюпов. Ол кісі осылай десе: «Жақсы дәрігер болу үшін отаны мінсіз жасау ғана аздық етеді. Ең алдымен, адамға сүйіспеншілікпен, оның тағдырына жанашырлықпен қарау керек. Құсни аға осыны жақсы түсінген жан. Үстіңдегі халатың ақ болуы жеткіліксіз, жүрегің кіршіксіз пәк, қолың таза болуы шарт. Ұстазымыз осы қағиданы бізге уағыз етіп қана қойған жоқ, ең алдымен өзі берік ұстанып келеді», – дейді Қарағанды облысына есімі әйгілі оташы Отан Мақышев ағамыз.
Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан дербес отау тіккен алғашқы жылдары, әсіресе, жаңа экономикалық қатынастарға көшу үшін реформалар басталған өтпелі кезеңде медицина саласының қатты зардап шеккені Құсни Әменұлын қатты толғандырған-ды. Оңтайландыру желеуімен көптеген емханалар мен ауруханалар жабылып, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері жұмыссыз қалды. Бұдан Х.Мақажанов атындағы көпсалалық клиникалық аурухана да айналып өте алмады. Өнеркәсіптік ерекшелігі, ауа райының қолайсыздығы қабаттасқан Қарағандыда адамдардың қатерге ұшырау, жарақат алу тәуекелі жоғары. Оның үстіне, бұл аурухана жабылса, тағы да ондаған адам жұмыссыз қалмақ. Заман түзелгенде оны қалпына келтіру үшін барды сақтағаннан ондаған есе артық қаржы бөлуге тура келеді. Осындай орынсыздық пен қиянатқа жол беруге болмайтынын айтып, Құсни Әменұлының облыс әкімдігіне барғаны күні кешегідей көз алдында. Аймақтың сол кездегі басшысы Мәжит Есенбаев түйінді мәселеге жете мән беруінің және денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қанат Ермекбаевтың табандылығы арқасында аурухана сақталып қалған еді.
– Еуропаның, жалпы кез келген дамыған елдің дәрігерлері адамның әр мүшесіне ота жасау үшін тек соған ғана арналған аспап пен құрал-жабдық пайдаланса, біздің хирургтер қолына түскен, табылып тұрған дүниемен ғана жұмыс істеуге мәжбүр болды. Бұл үлкен шеберлікті, тапқырлықты қажет ететіні медицинадан хабары аз адамдардың өзіне де белгілі. Жетілдірілген құралдардың, тәуір дәрі-дәрмек пен аспаптардың келе бастағаны енді ғана ғой. Менің өкшемді басқан інілерім Отан Мақышев, Серік Қаюпов, Қабылбек Әбуғалиев, Тұяқ Әбиев, Дулат Мақышев және басқалар өте қарапайым құралдармен жұмыс істеді. Бұлар іскерлігі, біліктілігі, шеберлігі жағынан шетелдің ең мықты профессорларымен иықтаса алады. Қазақстанның өзге өңірлерінен мұндай мамандарды күндіз қолыңа шырақ алып іздесең де таппайсың, – дейді Құсни аға.
Талассыз ақиқат. Қарағандылық мектептен өтіп келген дәрігерлерді Қазақстанның, тіпті ТМД құрамындағы елдердің кез келген ауруханалары мен емханалары қол-аяғын жерге тигізбей қабылдайтыны белгілі. Бұл оларға берілген үлкен баға, көрсетілген зор сенім болса, осынау абыройға профессор Құсни Елеуовтің қосқан үлесі өте үлкен.
Сексеннің сеңгіріне шыққан аға осы ғұмырында заман мен қоғамның кемпірқосақ түсіндей құбылғанын көрді. Аумалы-төкпелі шақтарды басынан өткерді. Бірақ, өзінің басты принципінен – адамды сүю, оның тағдырына арашашы болу мақсатынан тайған емес. Бозбала шағында басын байлаған кәсібіне адал қызмет етіп, төңірегіне шапағатын шашып келеді.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
ҚАРАҒАНДЫ.