Қазіргідей қауіп-қатерге толы заманда, тәуелсіздігімізді енді бекемдей түсеміз деген уақытта дүние қайтадан дүрбелеңге түсіп жатыр. Бүгінгі буынның, қазіргі ұрпақтың мойнында тұрған басты міндет – сол бабалардың аманатын, қасиетті жерімізді сақтап қалу, тәуелсіздігімізді қорғап қалу. Бұл міндет бейбіт жолмен, келісіммен және тұрақтылықпен ымыраға келу арқылы ғана шешіледі.
«Еліміздің егемендік алғанына 30 жыл өтті. Бірақ көп нәрсе әлі де жасалған жоқ дегенді» жиі айтамыз. Халық арасында осындай қанағатсыздыққа толы әңгімелер әлеуметтік желі мен ауызекі тілде өте жиі айтылып жүр. Жеке басым осындай пікірлерге қосыла алмаймын. Себебі тарихи тұрғыдан алған кезде 30 жыл деген мемлекет үшін өте қысқа мерзім. Кез келген мемлекеттің тарихына көз жүгіртіп қарайтын болсақ та 30 жыл өте аз уақыт. Адам өмірі 60-80 жыл болатын болса, мемлекеттердің ғұмыры 300-500, тіпті 800 жылға дейін кетеді. Тарихы 2 мың жылды қамтитын мемлекеттер де бар. Ал 500-800 жылдық ғұмыры бар мемлекет үшін 30 жыл дегеніңіз түк те емес. Сондықтан да тәуелсіз қазақ елінің гүлденуі, өзінің кемеліне келу уақыты әлі алда деп санаймын. Сол себепті де біз Қазақстан өзінің кемеліне келгенше жатпай-тұрмай, шаршамай еңбек етуіміз қажет. Ол уақытты көру біздің ұл-қыздарымызға, ұрпағымызға бұйырса дейміз. Сондықтан біз бабаларымыз аманат еткен асыл мұрасын келер ұрпаққа, болашағымызға аман-есен табыстап кетуіміз керек. Сонда ғана Ұлы даладағы миссиямыз толық орындалады деп есептеймін.
Қазір қоғамда «30 жылда ешқандай жетістікке жеткен жоқпыз» деген сияқты апатиялық көңіл күй байқалады. Осы ретте тарихқа тағы бір көз жүгіртіп, бізден 30 жыл бұрын тәуелсіздіктерін алған Африканың бірқатар елін мысалға алуға болады. Олар бұрынғы күйінен де айырылып қалды. Бұл – шындық. Көбі әлі күнге дейін кедейшілік пен қайыршылықтан көз аша алмай келе жатыр. 60-жылдары тәуелсіздігін алған Африканың көп елінде соғыс оты тұтанды. Яғни елдің дамуы тәуелсіздікке неше жыл толғанына қатысты емес. Мемлекеттің өсіп-өркендеуі уақытты дұрыс пайдалануға және ішкі бірлікке байланысты құбылыс.
Біздің отыз жылдағы жеткен жетістіктеріміз аз емес. Соның ішінде ең маңыздысы шекарамызды шегендеу екені белгілі. Бұл бізге көп мәселенің түйінін тарқатып берді. Қазіргі геосаяси қақтығыстардың басым бөлігі осы территориялық дау-дамайдан басталып отырғанын да көріп отырмыз.
Осындай қақтығысқа себеп болатын екінші мәселе – этностық шиеленіс. Бізде отыз жылда тұтас республиканы қамтыған үлкен этностық қақтығыс бола қойған жоқ. Осы бағыттағы алауыздықтың алдын алу үшін елдің бірлігі, тұтастығы ауадай қажет. Сол себепті татулық пен тыныштықты дәріптеп, одан әрі дамытуымыз керек. Бұл біздің әлемге көрсеткен жолымыз, қазақстандық үлгі ретінде болашақ буынға қалдырған аманатымыз болары сөзсіз.
Уайыс ЕРСАЙЫНҰЛЫ,
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі