Аймақтар • 04 Наурыз, 2022

Татулық тағлымы

293 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл өңірінде Алғыс айту күніне орай бірқатар іс-шара өтті. Оған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, әуелі «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қойды. Соны­мен қатар Әулиеата өңірінде өткен іс-шараларға жергілікті жұрт­шы­лықпен қатар, бірқатар мекеме басшылары мен өкілдері де қатысты.

Татулық тағлымы

 

«Тарихтан белгілі, біздің ата-бабаларымыз соғыс, ашаршылық секілді қиын кезеңдерде елімізге қо­ныс аударылған көптеген этнос өкілін шетке қақпай, бауы­ры­на басқан. Бір үзім нанымен бөлісіп, қонақжайлық танытқан. Сол достық пейіл, бірлігіміз бүгінге дейін жалғасып келеді. Бірлік – бақ-берекенің бастауы демекші, біз көпэтносты мемлекетіміздің ынты­мағын, татулығын сақтау­ға тиіспіз. Қоғамдық келісім – тұрақ­ты­лығымыздың, дамуы­мыз­дың кепі­лі. Баршаңызға Қордай, Байзақ, ке­шегі қаңтар оқиғалары кезінде бірліктеріңізді көрсетіп, түсіністік танытқандарыңыз және қалыпқа кел­тіру жұмыстарына белсенді атса­лысқандарыңыз үшін алғыс айтамыз. «Бейбітшілік пен келісім», «Асарлатып үй салу», «Таразға тарту», «Жомарт түлек» секілді жо­балардың жемісті жүзеге асуы­на көрсеткен қолдауларыңызға ри­за­шылығымды білдіргім келеді. Бұл жобалар мұқтаж жандардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал ете отырып, барша жам­был­дық­тарды бірлікке, қамқор­лық­қа, пат­риоттыққа үндейді», деді Б.Сапарбаев. Сондай-ақ аймақтағы этно-мәдени орталықтардың өкіл­де­рі ме­рекенің маңыздылығын атап өтіп, ба­уырмал қазақ еліне деген ал­ғыс­тарын білдірді.

Бұдан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Қоғамдық келісім» меке­месінің «Достық» үйінде жасы жүзг­е келген бірқатар ардагерді, қо­ғам белсенділері және түрлі сала қызметкерлерін, жаппай тәртіпсіздік пен төтенше жағдайлар кезінде қызметтік міндетін адал атқарған азаматтарды марапаттады. «Қарғыс алма, Алғыс ал!», деген жақсы сөз бар. Алғыс айту – адамдардың бір-біріне деген ризашылығы, құрметі. Бүгінде Жамбыл облысында 90-ға жуық этностың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Олардың арасындағы бір­лік пен келісімді сақтау, дос­тық қарым-қатынасты дамыту бар­шамыздың міндетіміз. Біз ең бірін­ші аға буын ата-апаларымызға елеулі еңбектері үшін алғыс айтуға тиіспіз. Өңіріміздің өркендеуі жолында жемісті жұмыс атқарып, демеу­шілік, қайырымдылық ша­ра­лары­на белсене атсалысып жүр­ген кәсіп­орын­дарға, қоғамдық тәр­тіпті қам­та­масыз етіп жүрген құқық қор­ғау, төтенше жағдай са­ласының қызметкерлеріне, об­­лыс­тың дамуы­на атсалысып жүр­ген түрлі сала қызметкерлеріне, дәрігерлерге, мұ­ға­лімдерге, спорт­­шыларға және бар­ша жер­лес­те­рімізге алғыс айтамыз», деді әкім. Сонымен қатар Байзақ ауда­ны­­­нан 95 жастағы қария Серік Мамайұлы сөз алып, өзінің игі тілегін жеткізді. «Соңғы жылдары облыс орталығы көркейіп, тамаша кейіпке еніп келеді. Облыстың барлық бағытында оң өзгерістер байқалады. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген барша азаматқа ри­за­шылығымды жеткізгім келеді. Қаң­тар оқиғасы секілді келеңсіз оқи­ғалар қайталанбасын деп тілей­мін. Елімізде тек бейбітшілік, тұ­рақ­­ты­лық болсын», деді ол.

Алғыс айту күніне орай «Көне Та­раз» кешенінің алаңында тұр­ғын­дарға арналып концерттік бағдар­ла­ма, спорттық іс-ша­ралар, көрме, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, тегін ыстық тамақтар таратылды.

 

Жамбыл облысы