Қаржы • 04 Наурыз, 2022

Қазақстанда халықаралық ақша аударымдары артты

920 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық Банк келтірген мәліметтерге зер салсақ, халықаралық қаржы аударымдары жүйесі арқылы ақша аударымдарының жиынтық көлемі 21% - ға өсті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда халықаралық ақша аударымдары артты

«Осы жүйелер арқылы ақша аударымдарының жиынтық көлемі 2021 жылы 1,364 трлн теңгені құрады. Транзакциялар саны - 4,3 млн. 2020 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіштің 21%-ға өсуі байқалады. Қазақстаннан шетелге ақша аудару көлемі 28,3%-ға ұлғайды, шетелден Қазақстанға ақша аудару көлемі 1,2%-ға қысқарды», делінген ҚР Ұлттық Банкінің хабарламасында.

Бұл ретте ел ішіндегі ақша аударымдарының көлемі 35,4%-ға артып, 70,4 млрд теңгені құрады.

2021 жылы Қазақстаннан шетелге ХЖТ арқылы жіберілген ақша аударымдарының көлемі 1,010 трлн теңгені құрады. Шетелге ақша аударымдарының негізгі үлесі Өзбекстанға (29,5%), Түркияға (20,9%), Ресей Федерациясына (17,5%), Қырғыз Республикасына (14,3%) тиесілі.

Межелі кезеңде шетелден Қазақстанға 283,5 млрд теңге түсті.

Қазақстанға ақша аударымдары негізінен Ресей Федерациясынан (18,7%), Өзбекстаннан (17,6%), Оңтүстік Кореядан (14,0%), Қырғыз Республикасынан (12,0%) және АҚШ-тан (11,8%) жүзеге асырылды.

Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында халықаралық ақша аударымдарының 8 жүйесі жұмыс істейді. Олар: «Золотая корона», «Вестерн Юнион», «Юнистрим», Contact, Faster, MoneyGram және басқалар.