Арулардың мақсатын табиғаттың өзі анықтайтындай. Ана болу, үйдің және отбасының дәстүрлерін сақтау – олардың басты міндеті. Алайда ел басына күн туғанда қазақ әйелдері ерлермен бірге елін, жерін қорғаған. Жоңғар шапқыншылығы, ұлт-азаттық қозғалыстар және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де есімі тарихта қалған қазақ қыздары аз емес.
Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіров атындағы Қарағанды авиациялық базасының ұшқышы Ардана Ботайдың қазақтың танымал ұшқышы Хиуаз Доспанованың жолын жалғаған ізбасары екені мақтануға тұрарлық. Бала күнінде Ардана қуыршақтың орнына машинамен, ұшақпен және түрлі құрастырғыш ойыншықтармен ойнағанды ұнатады екен. Жасөспірім бойжеткен еліміздегі мемлекеттік авиация орталығын бітіріп, әуесқой ұшқыш біліктілігін алған. Шынында оны Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына қабылдаған жоқ. Алайда ол өз арманынан бас тартпай Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына оқуға түсті. Екінші курстан кейін Ардана Ботай Финляндияда еуропалық деңгейдегі коммерциялық ұшқыш лицензиясын алды. Алдымен ол өте жеңіл TL-2000, Tecnam P-2002 және Diamond DA42 ұшақтарын басқаруды үйренді. Біртіндеп ауыр
АН-26 әскери-көлік ұшағын және AERO L-39 Albatros оқу-әскери ұшағының штурвалына отырды. Өткен жылы аға лейтенант Ардана Ботай Су-30СМ көпфункционалды жойғыш ұшағының экипаж командирі ретінде алғашқы дербес ұшуды орындады. Ардана Ботайдан ұшудың практикалық емтиханын Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов қабылдап, оның дайындығын жақсы деп бағалады. Ардана Ботайдың ұшқан сағаттарының жалпы саны бес жүзден асады. Әскери авиация арулары ерлермен қатар аса күрделі тапсырмаларды орындай алатынын ісімен дәлелдеді.
Қазақстан әскерінде 12 мыңнан астам қыз-келіншек қызмет етеді. Оның 800-ге жуығы офицер, яғни 20 полковник және 5 мыңға жуық азаматтық персонал бар.
Әскери қызметші әйелдер ерлермен бірдей оқу-жауынгерлік міндеттерді орындай отырып, адал қызмет атқарады. Олардың арасында ұшқыштар мен матростар, десантшылар мен барлаушылар, мергендер мен механик-жүргізушілер бар. Әр әскери қызметшінің әскери салаға келу жолы бар. Біреу әскердегі қызметке ата-анасын немесе ағасын үлгі тұтқаннан келеді. Мұндай қыз-келіншектер әскери өмірге, гарнизоннан-гарнизонға ауысуға және қызметке қатысты шектеулерге моралдық тұрғыда дайын. «Дабыл», «Саптық байқау», «Оқу-жаттығулар» сияқты ұғымдар оларға бала күнінен таныс. Мысалы, сержант Айжан Абраимованың инженерлік-саперлік бригадасында әскери қызметке келу жолы оның әулетіндегі жауынгерлік сабақтастықпен байланысты. Үлкен атасы патша армиясының полковнигі болған, екі атасы да Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан маман офицерлер. Әкесі Қосай Қасымұлы Абраимов – отставкадағы полковник, тарих ғылымдарының кандидаты, көп жылдар бойы түрлі лауазымдарда офицер-тәрбиеші болып жұмыс істеген. Оның үш ағасы да әскери қызметші. Қосай Қасымұлы жұбайы қайтыс болғаннан кейін төрт бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі отбасылық дәстүрді жалғастырып, әскери қызметті таңдады. Айжан Абраимованың күйеуі Ұлттық ұланда арнайы бөлімшеде қызмет етеді. Екі қыз тәрбиелеп отырған отбасы.
Мамандық таңдауда Назгүл Қалқаева да көп ойланған жоқ. Дәрігерлер отбасында дүниеге келген Назгүл әкесі іссапарда болғанда, анасының кезекшілігі кезінде сонда түнеуге мәжбүр болатын. Мектеп бітірген соң Назгүл Қалқаева С.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетіне оқуға түсті. Жас маман 1998 жылы әскери қызметке шақырылды. Назгүл Бітімбайқызы пульмонология бөлімшесінің ординатор дәрігерінен бастап, Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталі бастығының орынбасарына дейінгі лауазымдарды атқарды. Полковник Назгүл Қалқаева кәсіби деңгейін арттыру жолында тынбай жұмыс істеді. Оқытушылық қызметпен айналыса отырып, Назгүл Бітімбайқызы студенттермен, жас мамандармен және әріптестерімен тәжірибесін бөліседі.
Әйелдің аялы алақанысыз медицинаны елестету мүмкін емес. Қорғаныс министрлігінің Алматыдағы әскери клиникалық госпиталінде жеке құрамның көбі қыз-келіншектер. «Қасіретті қаңтар» күндерінде емдеу мекемесіне тәулік бойы зардап шеккен ондаған әскери қызметші мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері келіп түсті. Ол кезде де ауыр жүк алдымен әйелдерге түсті. Дәрігерлер ұйқы-күлкіні ұмытып, шұғыл көмек көрсетті, диагноз қойып, жарақат алғандар мен жаралыларға операция жасады. Травматолог, медицина қызметінің майоры Татьяна Те, кардиолог, медицина қызметінің подполковнигі Елена Иоффе, УДЗ дәрігері, медицина қызметінің подполковнигі Лейла Таңатарова кәсіби тұрғыда, сенімді және үйлесімді жұмыс істеді. Госпитальдің бас медбикесі 3-сыныпты сержант Бесен Жақыпованың басшылығымен кіші медициналық қызметкерлер жауапты миссияны тыңғылықты орындады.
Әскерде қызмет етуді бала күнінен армандайтындар бар. Табандылық пен мақсатқа ұмтылушылықтың арқасында арманына қол жеткізген Гауһар Сырлыбаеваның да әскери қызметке келу жолы осындай. Ол қатардағы жауынгерден бастап полковникке дейінгі әскери мансаптың сатысынан өтті. Қазір Гауһар Сырлыбаева Алматы қаласы Алатау ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасын басқарады. Әскерге шақырылған жасөспірімдер әскери комиссар әйелді көргенде біріншіден таңғалса, екіншіден намысты оятып, жігерлендірді. Өйткені, азаматтар әйел адамның алдында әлсіз әрі қорқақ болып көрінгісі келмейтіні анық. Сондықтан армиядағы әйелдердің тәрбиелеу құралы өзіндік ерекше сипатқа ие, әлдеқайда маңызды.
«Қазақстан Қарулы Күштеріндегі мемлекеттік тілдегі әскери терминологияны дамытудың тарихи тәжірибесі». Ұлттық қорғаныс университеті әскери ғылыми-зерттеу орталығы басқармасының аға ғылыми қызметкері майор Назгүл Сақтағанқызы Ысқақова өзінің зерттеуі үшін осындай бағытты таңдады. Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында зерттеуші араб графикасы арқылы құрастырылған сөздіктерді, сондай-ақ белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов латын әліпбиімен дайындаған «Қызыл әскер әліппесін» тапты. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында шалғайдағы қазақ ауылдарынан майданға аттанған сарбаздардың тілдік бейімделу мәселелерін де мұқият зерттеді. Зерттеуші Н.Ысқақова шатасуға әкелетін әскери терминдердің түсініксіздігін негізгі кемшілік деп атап өтті. Мысал ретінде «нападение», «атака», «налет», «штурм» сөздері келтірілген. Қазақ тілінде бұлар – «шабуыл» деген бір терминмен белгіленген. Түпнұсқа және аударма тілдерінің табиғатын біле отырып, зерттеуші олардың әрқайсысына жалғыз нақты анықтама беруге болатынын көрсетті.
Қорғаныс министрінің көмекшісі Айгүл Төлембаева шығармашылық пен іске ерекше жауапты көзқараспен қарайды. Еңбек жолын Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушылық қызметтен бастады. Экономика ғылымдарының докторы Айгүл Нұрәліқызының зерттеу әлеуеті «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ-да бас ғылыми қызметкер, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы ретінде жұмыс істеген кезеңде анық көрінді. Оның жұмысы таптырмас ғылыми еңбек болды. Ол әскери қызметшілердің құқықтық мәдениетін арттыруға, патриоттық рухқа тәрбиелеуге және рухани құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған кешенді оқу платформасын дайындады. Оның басшылығымен Ұлттық қорғаныс университеті ғылыми жобаларды әзірлеуге мемлекеттік гранттарды жеңіп алып, бүгінде оларды нәтижелі іске асырып келеді.
Әлем әйелдерді бейбітшілік пен келісімді сақтаушы символ ретінде таниды. БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларына қатысты бірлескен міндеттемелер туралы Декларацияда гендерлік тепе-теңдікті сақтау туралы ұсыным бар. Қазақстанның Қарулы Күштері бітімгершілік миссиялар контингентінің құрамына жіберу үшін әскери қызметші әйелдерді қабылдауды жүзеге асырып, даярлауды ұйымдастырады. Қазақстанның әйел әскери қызметшілерінде де мұндай тәжірибе бар. Олар Батыс Сахара мен Ливандағы бітімгершілік миссияларына штаб офицерлері мен әскери бақылаушылар ретінде қатысты. Олар полковник Диля Ахметова, майор Шолпан Тауышова, капитан Айжан Жасұзақова мен Римма Шакеева. Қазір Батыс Сахарада подполковник Сәбина Мырзалинова бітімгерлік қызметін атқарып жүр. Шетелде бітімгер әйелдер қарулы қақтығыстар құрбандарының осал санаттарымен жұмыс істейді, оларға құқықтық, медициналық және психологиялық көмек көрсетеді. Олардың қызметі сенімді нығайтуға, қақтығыстардың алдын алуға және оларды жеңілдетуге көмектеседі.
Әскердегі қызмет пен спорт бірге жүретін ұғым. Бұл салада әскери қызметші-спортшылар Қарулы Күштердің беделін арттыруға өз үлестерін қосып келеді. Соның бірі – жеңіл атлетика айымы, әйгілі Олимпиада чемпионы, подполковник Ольга Рыпакова.
Әскердегі арулар армия халықаралық ойындарына да белсене қатысады. Олардың ішінде аға сержант Толқын Бәкіжанова да бар. Әскери кәсіпті меңгеру Толқынға оңай болған жоқ. 2008 жылы Толқын Бәкіжанова «Астана» өңірлік қолбасшылығының әскери бөліміне шақырылып, Қарулы Күштердің спартакиадалары мен халықаралық жарыстарға қатысты. Былтыр аға сержант Бәкіжанова Армия халықаралық ойындары құрамындағы «Бейбітшілік жауынгері-2021» жарысынан табыспен оралды. Шымыр қыз сайыста бүкіл қиындықты барынша еңсерді. Мергендер сайысында оған тең келер ешкім болмады. Әскери-медициналық даярлық жарысында Толқын ерекше табандылық танытты. Шығармашылық байқауда Толқын Бәкіжанова Сейдолла Байтереков пен Бәкір Тәжібаевтың «Әлия» әнін орындады. Нәтижесінде, «Бейбітшілік жауынгері-2021» кәсіби шеберлік сайысында ол Ресей, Армения, Беларусь, Грекия және Қатар елдерінен келген өзі секілді әріптестерінен озып, жеті медаль мен жеңімпаз кубогын алды.
Ақмола өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасының әскери қызметшісі, ефрейтор Гүлжан Нүсіпова шебер әскери қызмет пен спортты қатар алып жүр. Батылдығы мен табандылығының арқасында ол самбодан спорт шебері, Қазақстан чемпионы, Бішкекте Азия чемпионатының күміс жүлдегері және Мәскеуде әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ефрейтор Г.Нүсіпова «Самбо саңлағы» төсбелгісімен марапатталды. Өткен жылдың қараша айында ол жүгіру, жүзу және кешенді күштік жаттығулармен қоса, көпсайыстан Қарулы Күштердің құрылымдық бөлімшелері әскери қызметші әйелдер арасында командалық және жалпы есепте бірінші орынды иеленді.
Қазақстан Қарулы Күштерінде жоғары лауазым атқарған – запастағы полковник Мара Раимованың соңғы лауазымы – «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары. Полковник Раимова қызметінің маңызды бағытын басқарды – тәрбие және идеологиялық жұмыстармен айналысты. Ол ұйымдастырушылық, жауапкершілік, талапшылдық және адамдарға мұқият қарау секілді ең жақсы жеке қасиеттерін толық өз ісімен көрсетті.
Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштер қызметіндегі әйелдердің рөлін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударады. Атқаратын лауазымына қарамастан, жаратылысы нәзік қыз-келіншектер Қарулы Күштердің әлеуетін көтеріп, әскери ұжымдарда тәртіп пен моралдық-психологиялық ахуалды нығайтуға ықпал етіп келеді.
Сұлтан ҚАМАЛЕТДИНОВ,
Қорғаныс министрінің
орынбасары, генерал-лейтенант