Руханият • 07 Наурыз, 2022

Ұлының ұрпағы

732 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ халқы сан қилы сынақтан өтті. Соның бірі – репрессия. Өткен ғасырдың екінші ширегінде орын алған қуғын-сүргін жылдары 135 мың қазақ зиялыcы қуда­ла­нып, олардың 22 мыңы атылып­ты. Осы аталғандар арасында қазақ­тың қайсар қызы Шонанова (Қара­таева) Шахзада Аронқызы апамыз болыпты.

Ұлының ұрпағы

Батысқазақстандық Алаштанушы Дәметкен Сүлейменованың жазуына қарағанда, Шахзада апамыз 1903 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында туған. Әкесі Арон – Әбілқайыр ханның шөбересі Қаратай сұлтанның баласы. Яғни бұл адам – белгілі қоғам қайраткері, заңгер, патшалық Ресейдің Дума депутаты болған Бақытжан Қаратаевтың туған інісі. Ал Шахзада апамыздың жары – Алаш арысы Телжан Шонанов болса, анасы қазақ қыздары арасынан шыққан алғашқы ағартушы-ұстаз Жәңгір ханның немересі Хұсни-Жамал Нұралыханова. Журналист Баян Сарсенбинаның пайымы бойынша, қазақтың қайраткер қыздары Алма Оразбаева, Рәзия Меңдешова, Әмина Мәметовалар (Мәншүк Мәметованың анасы) осы Хұсни-Жамал апамыздың шәкірттері екен.

Бұл жерде айтып өтерлік оқиға – 2001 жылы Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрін алғашқы ұйымдастырушылардың бірі Қамбар Медетовтің 100 жылдық мерейтойы атап өтілді. Осы шараға Алматыда тұратын Қамбар атамыздың туған інісі Тасболаттың жары жасы тоқсаннан асқан Айсұлу Сұлтанғалиеваны шақырдық. Осы кісі жазықсыз атылған Шахзада апа­мыз­дың жақын сіңілісі екен.

Айсұлу апамыздың айтуына қарағанда, апасы Шахзада білімді, қайсар адам болыпты. Кеңес өкіметі орнаған жылдары Мәртөк аудандық сотта іс жүргізуші болып қызмет атқарыпты. 1920-1930 жылдары Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің дәрігерлік факультетінде, одан кейін Алматы медициналық институтында оқып жүріп «қанаушы таптың тұқымы» деген желеумен оқуын жалғасты­ра алмапты. 1933 жылы Алаш қайратке­рі, ағартушы, ғалым, саяси қуғын-сүргін құрбаны Телжан Шонановқа тұрмысқа шыққан. Бұларда бала болмағандықтан Жақып есімді ұлды бауырына салған көрінеді. Соғыстан кейін Жақып Шонанов Ресейге кеткен. Сол күйі хабарсыз. Сөйтіп 1936 жылы Шахзада апамыз ҚазМУ-дың биология факультетіне оқуға түскенімен, оны аяқтай алмапты. Өйткені жары Телжан Шонанов 1937 жылғы 19 шілдеде «халық жауы» деген жаламен тұтқындалады. Артынша өзі қамауға алынып, 1938 жылы 9 наурыз күні атылған екен.

Осы орайда айта кетерлік тағы бір дерек 2009 жылы облыстық «Ақтөбе» газетіне зерттеуші Әбуғали Жалдыбаевтың «Телжан мен Шахзада» атты жазбасы жарияланды. Осы мақалада қуғын-сүргін жылдары халық жауларын атқан адамның аузынан жазып алынған дерек бар. Кісі атушының айтуынша, «халық жауларын» түн ішінде НКВД ғимаратының терең қазылған жертөлелеріне апарып, сол жерде атқан. Одан кейін өліктерді жабық әскери машиналарға тиеп, қала маңын­дағы Әлі ­ауылына апарып көмген. Ауыл тұрғындарын «аса қауіпті індеттен өлген жылқылар көміліп жатыр жоламаңдар» деп қорқытып қойған. «Өлік тиеген машинаны шұңқырға тіреп мүрделерді лақтыра бастағанда, кенеттен олардың бірі тіріліп, айдалаға қаша жөнелді. Бұл әйел адам еді. Жендеттердің бірі оны сол арада атып құлатты» депті жендет.

Ал жоғарыдағы мақала авторы болса, осы қашқан адам Шахзада Шонанова деп жорамалдапты. Өйткені Алматы түрмесінде бұл кісіден басқа атылған әйел заты болмаған дейді. Бұл рас болса, қазақтың қайсар қызы өмірінің соңғы сәтіне дейін күрескен көрінеді.

 

Жақсат ҚАРЛЫҒАШОВ,

өлкетанушы