Өрімдей кезінен қолына қылқалам ұстаған арманшыл жан өмір суреттерін өз сезімімен өрнектеп жүр. Өнер бір орында тұрмайтынын, оның үнемі дамып адам қиялымен бірге шарықтай беретін шекарасы жоқ шексіз әлем екенін әйгі етеді. Заңғар биікке көз салсақ, аспанның түсі көк екенін көреміз. Бәлкім, ол сұр яки қызыл шығар. Бірақ біз бұл туралы ойланып көрдік пе? Ал қиял құшағындағы суретші айналадағы әр қозғалысты өзге қырынан танып, өзінше пайымдайды. Себебі адам қиялын шектеу мүмкін емес. Бір қызығы, Анардың қылқаламында қызыл-жасыл құлпырма бояулар көп кездесе бермейді. Қандай тақырыпқа қалам тербесе де көк түсті басты реңк ретінде пайдаланады.
Жалғыз түстің жарығымен-ақ жан дүниесін жайып салады. Шынында, бұл үлкен шеберлік һәм оның кенептегі өзіне тән стилі деп қабылдадық. Тұтас ойдың колоритін бір түске бағындыру, шығарманың мәнін сол түспен ашуға тырысу қайталауға ұрындыруы мүмкін ғой деген сауал туындауы заңды. Алайда суретшінің көк түстің көркем реңкін әр тақырыпта әртүрлі ойната білуі нағыз көңілден шыққан, жүрекпен жазылған жанды картиналардың болмысын көз алдымызға әкеледі. Нанбасаңыз, қараңыз!
Алматы қаласының қысқы көріністеріне арналған суреттер топтамасына үңіліп көрейік. Көк түстің рең-қасиеттерін молынан пайдаланған. Ашық та қанық, таза көк түс арқылы қысқы аязды, алмалы шаһардың ауа райын, ақ қардан сырға тағынған ағаштар мен ақ сәлде оранған ғимараттарды қалай дәл бедерлеген. Алматының әсем бейнесін айшықтай келе, талай естеліктер тұнған таныс көшелерді көңіліне барынша жақын етіп көрсетуге күш салады. Ал бірде ақар-шақар шыңдардың баурайына қызғалдақтан кілем төсеп жаныңызға жаз орнатады. Кенептегі бейтаныс маржан мекенге аңсарың ауып, ертегілер еліне еніп кеткің келеді. Әспеті бөлек әсем ғимараттар зау биікке қол созған ағаштармен әуез тапқан. Тіршілікті үнсіз күйінде қабылдағанымен, жанары жақсылықты ғана көретін жанның әлемі де әдемі. Оның қағаз бетіне түсірген ойларын оқып отырып, көңіл терезесінің әйнегінен нағыз шығармашыл адамының бейнесін көреміз.
– Көктем мені айналаның бәріне ғашық етіп жыл сайын гүл болып оралады. Бұл сезімді көкірегімде мәңгілік сақтап қалғым келеді. Бала кезден көңілім айналамдағы бояуларды ерекше әсермен қабылдайды. Аялдамадан басталатын қала тіршілігі тұнжыраған ауа-райымен қосылып, мені бейжай қалдырмайды. Тіршілік тынысы көңілімдегі сезім тереңдігінде бояу тілімен үн қатып ақ қағазға түскенше жанымды арпалысқа салады. Неге екенін, жаным айналадағы әлемнен өзгеше үйлесім іздейді. Бүкіл көңіл күйімді, жан дүниемді өнер арқылы сыртқа шығарамын. Мүмкін бұл барлық суретшіге тән сезім шығар. Адам өмір бойы өзіндегі кемшіліктермен күресіп, оны жеңе білуі шарт. Дарының болса да, оны тәрбиелеп, шыңдау керек. Еркін ойлы адам ғана өнерде жасампаздыққа қол жеткізеді, – деп тебіренеді Анар Әбжанова.
Еліміздің 100 жаңа есімдерінің қатарына енген Анар Суретшілер одағының мүшесі. Өнерді өмір деп білетін ол өнерсүйер қауымға өзінің ондаған жеке көрмесін ұсынып үлгерді. АҚШ, Чили, Франция, Италия, Ресей мемлекеттерінде өткен халықаралық байқаулар мен пленэрлерде қолтаңбасын қалыптастырып, шығарма-
шылығын ұдайы дамытып келеді. «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Табанды еңбек пен кіршіксіз көңіл ғана өмірді жарқын түске бояйтынына бек сенетін ол мына ғазиз әлемге ес-түссіз ғашық. Өмірге іңкәр суретшінің қолтаңбасына үңілген сайын сіздің де кеудеңізді үміт пен сенім, махаббат пен қуаныш кернейді. Анардың кенебінен көктемнің иісі аңқиды.
АЛМАТЫ