Бұл біздің жақтағы қазақтардың әдеті ме, әлде басқа да аймақтарда бар ма, біле қоймаймын. Орталық Қазақстанның біраз жеріндегі ауылдарға тән. Кейін осындай қорқытып-үркітулерге күлетін жағдайға жеттік. «Мас келе жатыры» не тәйірі! Сөйтсем, мас дегендері Кеңес кезімен ілесе келген керенау әдет, кердең мінез-құлық, ауылға албастыдай болып кірген орыс арағы екен-ау.
Сол кезде әлгіндей бөжекей ұғымдармен неге қорқытты екен үлкендер деп қазір ойлаймын. Түсіне бермеймін. Көрсе, зәбірін өздері көрді. Әкелері тартты азабын. Содан қорқып-үркіп қалған шығар. Бірақ 1990 жылдары туған балалар – біз көрген жоқпыз ғой. Олай болса, жас балаға қайдан келді ол үрей? Үлкендер сөйлегенде даусын қорқынышты қылып, құбыжық ретінде түсіндіруге тырысты ма екен, белгісіз? Әйтеуір бір белгісіздік бар. Бірақ Таласбек Әсемқұл «Аштық және соғыс» еңбегінде адам бойындағы үрей мен қорқыныштың да тұқым қуалап, қаннан қанға берілетінін жазады. Олай болса, сондай сезімдерге қарсы рух, төтеп беретін күш те тұқым қуалау керек емес пе?
Әкем әңгіме арасында атамның тыйып тастап отыратын тұстарын айтып қалатыны есімде. Үйде, дастарқан басында бөтен адам жоқта сол заманда айтуға бола бермейтін кейбір қарапайым шындықтардың шетін шығарып бастаса, тыйып тастайды екен. «Тамағыңды іш те, тыныш отыр, үндемес бар» деп. «Әкей бертінге дейін солай тыйып отыратын» дейді. «Үндемес» дегені жеткізіп баратын партияның жансызы көрінеді ғой. Және олардың кім екенін ауылдағылар біледі екен. Біз «Әліппеден» оқығанда, «үндемес», «дымбілмес» деп сабақ оқымайтындарды айтатын. Күлкілі емей не? Заман бір-ақ күнде теріс айналады. Осы үндемес сияқты «үстірлөк» деген сөз есімде. Үштіктің қару асынған атқыштары дейтін. Орыстың «стрелок» деген сөзі екен.
Ендігі ұрпақты орыспен қорқыта алмайсың. Оны «құдай», немісті фашист деп өлсе танымайды қазіргі ұрпақ. «Елу жылда – ел жаңа». Немісті жақсылықты ұмытпайтын, ғылымы дамыған, ойлап тапқаны көп, жасаған техникасы өте сапалы халық ретінде таниды. Әсіресе шығарған көліктерін әлем жұртшылығы тебеді. Екінші жаһан соғысын бастағаны үшін таңылған жаманаттан қашамын деп жүріп көптеген халықтардың алдына түсіп кеткен сияқты. Ондай атқа бір іліктің екен, жуып-шаю екі халықтың бірінің қолынан келмейтін сияқты.