01 Сәуір, 2014

Абай өлеңдері байқауында топ жарған Татьяна

936 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Жумабике3673Жақында ғана мектеп оқушылары арасындағы облыстық «Абай оқулары» байқауында Қостанай ауданының Алтын дала ауылындағы Красный Октябрь орта мектебінің 10-сынып оқушысы Татьяна Ситникова Абай-Шәкәрім өлеңдерін көркемдеп оқудан бірінші орынды жеңіп алды. Ол Абайдың 200 өлеңін, Шәкәрімнің 50 өлеңін жаттаған, қазылар алқасы атаған кез келген өлеңді мүдірмей айтып берді. Жыл сайын өтетін бұл байқау балалардың қабілетіне, дарынына, еңбекқорлығына нағыз сынақ десе болады. Қолдарындағы желісіз телефон, үйіне келсе компьютер алаңдататын бүгінгі уақытта баланың Абай өлеңіне ықылас қойып жаттауы оңай шаруа емес. – Өлең жаттау балалардың қабі­летіне де, еңбекқорлығына да байланысты. Өйткені, сабақты жақсы оқитын балалардың өзі өлеңді тез әрі көп жаттай алмайды. Он емес, жиырма емес, жүз-екі жүз өлең жаттау оқушының есте сақтау қабілетінің мықты екенін көрсетеді. Ал ынта-ықылас бәрінен де жоғары тұрады, – дейді Таняның ұстазы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұмабике Нұрсейітова. Таняның бойында ұстазы айтқан қасиеттердің барлығы да табылады. Өзі жақсы оқиды, есте сақтау қабілеті ұстазын сүйсінтіп келеді. Ол бір жаттаған шумағын ұмытпайды. Ең бастысы, Таня өлеңді түсініп жаттайды. – Байқауға қатысқан жиырмадан аса оқушының арасынан Татьяна Ситникова ерекшеленіп тұрды. Абай мен Шәкәрімнің 250 өлеңін жаттау аз еңбек емес. Мұнан да көп өлең жаттаған балалар болды. Бірақ, олардың біразы көркемдеп оқудан сүрінсе, сөзінен қателессе, ұмытып қалса, басым көпшілігінің жаттаған өлеңінің мазмұны туралы хабары аз. Мысалы, Абайдың Әбдірахман қайтқанда жазған өле­ңін оқып тұрған балаға сұрақ қойсақ, Әбдірахманның кім екенін білмейді. Абайдың аударма өлеңдері туралы сұраққа да ақынның өз өлеңі деп қате жауап берді. Бала түсінбей жаттаған соң, оны ертең тез ұмытады ғой. Ал Таня өлеңді мәнерлеп оқығанда дауысы да әдемі, сөзді де анық айтады, қысқасы, жандырып жібереді. Екіншіден, Абай, Шәкәрім шығармаларын жақсы білетіндігі қуантты, сұрақтардың барлығына еркін жауап берді, – дейді қазылар алқасының төрағасы ақын Ақылбек Шаяхмет. Алтын дала ауылында бірнеше ұлттың өкілі тұрады. Дегенмен, қазақ мектебіне сұраныс үлкен болған соң, 2001 жылы осындағы бұрынғы орыс мектебі қазақ мектебіне айналды. Ал осы ауылда туып-өскен Татьянаның ата-анасы Марина мен Виктор Ситниковтер тұңғышы Кристинаны қазақ мектебіне берді. Оның соңынан ерген қалған бес баласы да қазақ мектебіне барды. – Біз туған ауылымыздан қайда барамыз? Көшу ойда болған жоқ. Балаларымыз білім алса болмай ма? Өзіміз қазақ тілін білмесек те, баланы қазақша оқытуға тәуекел еттік. Қазір өкінбейміз, қайта қуанамыз. Біздің балаларымыз орыс тілін ұмытпайды, ал мемлекеттік тілді білуі олардың артықшылығы болып саналады, – дейді Марина Лаптева. – Ситниковтер көпбалалы әрі тату-тәтті отбасы, өздері адамгер­шілігі мол, жақсы жандар. Марина балалардың сабағын өте жақсы қадағалайды. Өздері қазақ тілінде сөйлей алмаса да, еркін түсінеді. Татьяна үй тапсырмасын орындамай келген емес, өлеңді негізінен үйінде жаттайды, мен мектепке келген соң тексеріп, дұрыстап отырамын, – дейді ұстазы Жұмабике. «Абай оқуларына» Сит­никовтердің үлкен қызы Кри­с­­тина да қатысқан екен. Ол об­лыстық байқаудан бірінші жүлдені жеңіп алып, республикаға дейін барған. 9-сыныптан кейін колледжді бітіріп, қазір отбасын құрды. Оның қоржынында Абайдың 100 өлеңі болыпты. – Абайдың өлеңдерін балалардың үлкені жаттағанда кішісі үйреніп алады. Татьянаны әдебиет пәніне осылай үйір еткен Кристинам еді. Ол жаттағанда Татьяна да соған еріп жаттап жүретін. Қазір кіші қызым да Абайдың бірнеше өлеңдерін жатқа біледі, Татьяна жаттағанда естіп отырады ғой, – дейді Марина. Татьяна қазірден-ақ өзінің бола­шақ мамандығын таңдап қойыпты. Ол мектепті бітірген соң қай жоғары оқу орнына, филология факультетіне түсуді ойлап отыр. Сол үшін ұстазынан ғылыми жұмыс беруді де сұрап жүр екен. – Мені оның бала қиялы да сүйсінтеді. Баланың армандағаны қандай жақсы қасиет десеңші. Маған «Апай, Абайдың зерттелмеген өлеңі қалды ма екен? Ғылыммен айналысып, Абайды зерттегім келеді», дейді. Мен Өскеменде семинарда болған кезімде белгілі ұстаз Қанипа Бітібаеваның Кәмен Оразалин шығармаларындағы Абай образы туралы балаларға ғылыми еңбек жаздыруға болады деген ұсынысын сыныпта әңгімелеп айтқан едім. Татьяна сол тақырыпты зерттеуге құлшынып жүр, – дейді Жұмабике. Биыл «Абай оқуларына» Тать­яна үшінші жыл қатысқан екен. Алғашқы жылы 50 өлеңмен қатысыпты, екінші жылы жаттаған өлеңін 60-қа жеткізген. Үшінші жылы намысқа тырысып, 250 өлең жаттаған. Байқау қорытындысында Татьяна Ситникованың бірінші орын алғаны туралы хабарлағанда ұстаз бен шәкірттің қуанышын көрсеңіз. Татьяна сахнада тұрып, Абайдың «Есіңде бар ма жас күнің» деген шығармасын саңқылдап оқи жөнелді. Жүзінде «Алпыс екі айлалы түлкі алғандай» мақтаныш иірімі де жоқ емес. Сахнадан түсті де ұстазына қарай жүгірді. Ал ұстазы жалғыз емес еді. Көпшіліктің ішінде мектеп директоры Марат Мұхамеджанов та отырған еді. Бәйгеге сәйгүлігін қосқандай, бір баланың соңында ұстаздарының қосарланып жүруі де жарасымды көрініс болатын. – Менің арманым – Абайды игеру. Оның шығармаларын оқи беремін. Алдағы уақытта жоғары оқу орнына түссем, ғылыммен айналыссам, сосын Абайдың туған жерін, кесенесін көрсем деген арманым бар, – дейді Татьяна. Таза жүректің арманы алдамайды. «Әке – балаға сыншы» дегендей, ұстаз да баланың тамыршысы емес пе? Жұмабике апайы шәкіртінің достыққа адал, еңбекқор, бір сөзді, әр іске ыждағатты екенін де айтып үлгерді. Бәлкім, періштедей қызды поэзия пайғамбарының желеп-жебеуі ме екен бұл. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.