Пікір • 10 Наурыз, 2022

Жалғызсыраған баламен сөйлесіңіз

420 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мына аласапыран өмірден мән табу, өз орныңды табу бала түгілі, кейде үлкен адамдарға да оңай емес. Тағдырдың түрлі талқысын жалғыздық кешкенде, түсіністік таппағанда ересектердің өзі де көтере алмай қалады. Жазмыштың қандай сынағы болса да дем беретін, сүйейтін, жігерлендіретін жанашыр біреудің болғаны әркімге керек.

Жалғызсыраған баламен сөйлесіңіз

Ал әлі теперіш көріп үйренбеген жасөспірімдердің өміріндегі бұл рөлді кім ойнайды? Қабағыңды бағып отырған қағілез әке-шеше ме? Шынайы досың, әлде сезімтал жарың ба? Алайда қара басының күйбеңінен уақыты артылмайтын ата-ана, есеппен араласатын дос, әңгімесі таусылған жұбайлар барда жарты көңіл балалар пайда болады. Ал психолог-мамандар қазір жалғызсыраған жасөспірімдер бұрынғыдан да көбейгенін айтып жүр. Қым-қуыт өмірдің күйзелістері, бұралаңы мен опасыздығына бейімделмеген кішкентай ғана адам қоғамнан өгей күй кешкенде үлкен сынақтарды көтере ала ма деген сауалдың өзі әбестік. Әділетсіздік пен сатқындыққа шыдамай баз кешіп, жарық дүниені тәрк етіп тастай салғандар қаншама?!

Сондықтан мамандар жоғалтып алмай тұрғанда жалғызсыраған баламен сөйлес дейді. Балабақшадан басталатын буллинг, мектепте жалғасатын сыныптастар мазағы балалардың санасына мәңгілік сызат салуы, ұдайы алдынан шыға беруі неғайбіл емес. Бұл – біздің сөзіміз. Ал енді осы мәселемен түпкілікті айналысатын психологтер не дейді?

Әдетте сыныптың мазағы 11-13 жастарда байқалады. Бұл – адам өзін қоғамның бір мүшесі ретінде сезініп, әлеуметтік рөлін іздей бастайтын кезең. Дәл осы жастан бастап балаларымызды қатарластары қабылдап, өзге сыныптастарына ұқсауы, бірге қыдыруы, көпшілікке сыйымды, сүйкімді болуы сияқты майда-шүйденің маңызы зор. Балалардың көбі әлеуметтік өмірге оңай бейімделеді десек те, күрделі жағдайлардың жиынтығы – отбасындағы жағдайлар, өзінің эмоционалдық құбылмалы көңіл күйі, алып-ұшқан қызбалығы кейбір балаларға бұл өмірге бейімделуге кедергі келтіреді. Дәл осы балалар өз рөлін «көшбасшылықтан» іздейді. Өзін дәлелдеуге ұмтылған осы жеткіншектер қорлыққа көп душар болады.

Қорлау –  сол қорлаушы тараптың «копинг стратегиясы», яғни балалар қандай да бір жолдармен психологиялық қалтарыстарындағы мәселелерді шешкісі келеді де, құрбандыққа шалынған «көшбасшының» өмірін адам төзбейтін жағдайға дейін жеткізеді. Бул­лингтің кәдімгі ұрыс-керіс, төбелестен не айырмашылығы бар? Кәдімгі төбелес кезінде екі жақ бірдей болса, қорлау барысында бәрі бір адамға жабылады. Айтқандай, «көшбасшының» да жақтайтын «нөкерлері», «сырттай бақылаушылары» болса, оның ішінде мұғалімдері де бар. Қысқасы, жасөспірімдер арасындағы қорлау, мазақтау толайым бір әлеуметтік жүйеге, сипатқа ие. Балалардың өмірге бейімделуінде бұл қауіпті үдеріс еке­ніне көз жұма қарауға болмайды.

«Баласы мазаққа ұшыраған ата-ана бұл өздігінен реттелетін жағдай емес екенін білуі тиіс. Мәселе тым ушығып бара жатса, «бала деген төбелесіп өседі», деп жүре беруге болмайды. Бұл жағдайға баға беретін нақты бір қалып жоқ. «Сыныптастарың жақсы көретіндей не қылығың бар?», «Өзіңе сол керек», «Жүре бер шұлғау болып», «Өйтіп айтпайсың ба, бүйтіп өзіңді қорғай алмайсың ба...» деген ақылдың бәрі осындай жағдайға түскен балаға араша түсе алмайды», дейді психологтер.

Мұндай жағдайда мамандар құрбанды мазаққа батырып отырғандар саны көп бола­тындықтан, ол балалармен тікелей жұ­мыс істемей, мектеп әкімшілігі, сынып жетек­шісі мен ата-аналарға шығып, мұның соңы жақсылыққа апармайтынын ойласа отырып шешіп, ересек адамдар ешкімнің жанына тимейтіндей түсінісіп алғаны жөн. Сондықтан да мектептердегі социолог-мамандардың, әлеуметтік педагогтердің рөлі мен білімін күшейту өзекті. Жасыратын несі бар, көбінесе олар тұрмысы төмен отбасылардың балалары туралы мәлімет жинап, келген көмекті таратумен, білім бөлімдері мен басқармасына есеп берумен айналысады. Бұрын жалақысы аз болғандықтан бұл міндетті көбінесе бір пән мұғалімі қосымша атқарды.

Өркениетке жеттік деген заманда ересектер, тіпті үлкен саясаттың өзі түсіністік таппай жатқанда, әлеуметтік педагогтерді социолог-маман деңгейіне көтеру керектігі аса өзекті. Себебі жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік пен озбырлықтың қайғылы мысалдары бар. Әлеуметтік педагогтер социологиялық зерттеу­лер жүргізіп, түрлі тақырыпта әлеуметтік сауалдамалар жасап, әрбір баланың тағдырына, талабына, көзіндегі мұңға бейжай қарамасын. Өйткені алдарында мыңдаған бала отыр – мыңдаған тағдыр тұр.

Жалғызсыраған баламен сөйлесіңіз!