Сянь Синхай – айтулы қытай композиторы, 250-ден астам шығарма авторы. Соның ішінде кантата, опера, симфония, оркестрлік музыкаға арнап жазған туындылары ұлттық өрнегімен ерекшеленеді. Талантты музыкант 1940 жылы Мәскеуге жіберілген, сонда «Ұлт азаттығы» деген бірінші симфониясын аяқтаған. 1941 жылы Алматыға көшіп келіп, сол жылдары «Қасиетті соғыс» атты екінші симфониясын жазады. Сонымен қатар қазақтың бірқатар халық әнін жинап, қайта өңдеген. 1944 жылы Қостанайда тұрып, облыстық филармонияның негізін қалауға үлесін қосады. Тобыл өңіріне келуіне қазақ композиторы Бақытжан Байқадамов себепкер болған. Халық батыры туралы симфониялық шығармасы осы жылдары өмірге келген.
Осыдан екі-үш жыл бұрын қазақстандық және қытайлық өнер шеберлері Бақытжан Байқадамов пен Сянь Синхай арасындағы достық пен олардың шығармашылық өмірін бейнелеген «Композитор» атты көркем фильм түсіргені есімізде.
Бүгінде екі тұлғаның арасындағы сыйластық ұрпақтарымен де сабақтасып отыр. Бақытжан Байқадамовтың жиені, Қаламқас Арысланқызы (композитордың апасы Данабике Байқадамованың қызы) қос музыканттың өмірі мен шығармашылығы жайында кітап жазып, архивтен Сянь Синхайдың бірқатар туындысын іздеп тапқан. Соның ішінде «Амангелді» поэмасы да бар. Осы шығарманың көшірмесін музейге тапсырған Жұпар Таткенова да Бақытжан ағамыздың жиені.
«Бөле апам Қаламқас Арысланқызы өзі шығарған кітап пен симфониялық туындының нотасын арнайы Арқалыққа беріп жіберген еді. Аманатын орындап, музей қорына тапсырдым. Сянь Синхай музыка ғана жазбаған, қазақтың би өнерін де зерттеген. Нағашыммен жақын дос болған. Енді олардың мұрасын қазіргі жас ұрпақ та білгені дұрыс», дейді ол.
Арқалықтағы Дала өлкесі тарихы музейінің директоры Асхат Қасенов бір сөзінде симфониялық шығарманың көшірмесін Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясы да алғанын айтады. Аталған өнер ұжымы туындыны Амангелді батырдың 150 жылдығы қарсаңында қайта жаңғыртуды ойлап отырған көрінеді.