Сандарды сөйлеткен зерттеулер
Әйгілі ВВС жоғарыда аталған ғылыми зерттеу жөніндегі материалына «Гендерлік теңдік: әйел-ғылымдарға жоғарыда орын жоқ» деп тақырып «таңыпты». Мұндай ой айтуға негіз болған зерттеуде әлемнің 38 елінен 541 университет пен ғылыми институт ұсынған деректер зерделенген. Зерттеу қорытындысы доценттердің – 42, профессорлардың 23 пайызын әйелдер құрайтынын көрсетті. Ұлыбританияда жүргізген The Royal Society of Chemistry ұйымының зерттеуі де осыған ұқсас қорытынды шығарды. Зерттеу нәтижесінде химия саласы бойынша білім алғандардың 44%-ы, ал осы салада профессор дәрежесін алғандардың 9%-ы ғана әйелдер. Зерттеушілердің бірі профессор Джо Рейнольдс BBC-ге берген сұхбатында «Біз әңгімелескен әйелдердің 99%-ы ғылым жолында кедергілерге кездескенін растады. Бұл – алаңдататын құбылыс», деді.
2018 жылы Мельбурн университетінің ғалымдары ғылымдағы гендерлік алшақтыққа қатысты зерттеу жүргізді. Зерттеуші ғалым Синди Хаузер: «Қазіргі қолдау шараларының қарқыны артпаса, физика саласындағы әйелдер мен ерлердің үлесін теңестіруге жүздеген жылдар кетеді», деген қорытындыға келіпті.
Ал енді Қазақстанға келсек. Бізде бұл мәселеде алға жылжу байқалады. Себебі былтыр Білім және ғылым министрлігі ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру талаптарына әйелдер квотасын енгізді. Бұл квота – барлық бағыттағы конкурстың құжаттамасында «мемлекеттік гранттан үмітті жоба тобының құрамындағы қатысушылардың белгілі бір үлесі әйел зерттеушілерден болуға тиіс» деген талап. Осы талап өз нәтижесін берді ме екен, аз болса да өсім бар. Мысалы, былтыр Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізетін ғалым әйелдердің үлесі 52%-ды құрайтынын хабарлады. Білім және ғылым министрлігінің биылғы мәліметіне сүйенсек, елімізде ғылым саласында еңбек ететін 9 738 әйел бар, олар жалпы қазақстандық ғалымдар санының 54 пайызын құрайды. Соның ішінде 714-і – ғылым докторы, 2 427-сі – ғылым кандидаты, 992-сі – PhD докторы, 28-і – бейінді докторлар. Ендігі кезекте әйел-ғалымдарымыздың сапалық құрамына қарай ойысып, нәзік зерттеушілердің бір легімен таныстырғымыз келеді.
Әдемілік индустриясы
Анар Молкенова – небәрі 27 жасында Токиода докторлық диссертациясын қорғаған. Одан бұрын, нақтырақ айтсақ 2011 жылы кейіпкеріміз Лондонның Университеттік колледжінде нанотехнология саласындағы магистр дәрежесін алды. Содан кейін 2015 жылы Токио технологиялық институтында химия ғылымының докторы дәрежесін иеленді. Ол химия ғылымымен оқушы кезінен-ақ «достаса» бастағандай. Өйткені сыныптастарына қарағанда оған химия пәні қиын болмапты.
«Мен химиямен мектеп кезінен бастап шұғылдана бастадым. Кім болуды ойланып жүргенімде химия пәнінен сыныптастарымның қиналатынын, бірақ маған оның соншалықты оңай екенін байқадым. Химия пәнінен олимпиадаларға қатысып, жүлдегер болдым. Содан соң осы бағытта жоғары білім алуға шешім қабылдадым. Сол уақыттағы еліміздің үздік университеттерінің бірі – Қазақ-Британ техникалық университетіне грант жеңіп алдым. Осылайша, химиялық инженерияны зерделеуді бастадым. Біз университетті бітірген жылдары нанотехнология жайлы, оның болашағы зор болатыны туралы көп айтылып жүрді. Магистратураны дәл осы бағытта жалғастыратыныма сенімді болдым. «Болашақ» бағдарламасымен Лондонға жол тарттым. Ондағы магистрлік оқуымда өнеркәсіпке арналған нанокатолизаторларды әзірлеумен айналыстым. Магистрлік дәрежемді алғаннан кейін елге оралып Назарбаев университетіне жұмысқа тұрдым. Сонда жұмыс істеп жүргенімде маған ғылыммен айналысқан ерекше ұнайтынын ұқтым. Бірақ ғылымда қалу үшін докторлық дәрежені алу керек, онсыз қандай да бір ғылыми жобаларды өз бетінше жүргізе алмаймын», дейді А.Молкенова.
Кейіпкеріміз осы оймен жүргенде жаңа бір мүмкіндіктің есігі ашылады. Жапониядағы Токио технологиялық институтының зертханасында PhD-бағдарламасы бойынша оқуға мүмкіндік алды. Оның бұл оқуына сол кездері Батыс Қазақстанда бір жобаны іске асырып жатқан Japan Gas Corporation ірі инженерлік компаниясы демеушілік көрсетті.
«Жапонияда материалтануды оқыдым, түрлі жолдармен наноматериалдарды синтездедім, литий-ионды аккумуляторларда қолдануды тексердім. Жапон үкіметі технологияны дамытуда экологиялық материалдарды қолдануға үлкен қызығушылық танытады. Сол себепті құмнан батареяларға арналған электрод жасауға көп көңіл бөлдім. Құм – жер бетіндегі ең бір қолжетімді және арзан материал. PhD-жұмыстарымның тақырыбы кремний диоксидін батарея үшін электрод ретінде пайдалануға арналды. Мен бұл материалды энергияны сақтау жүйелері үшін энергияны көп қажет ететін материал ретінде өндіріске енгізуге қандай қасиеттер болу керегін зерттедім. Докторантураны сәтті аяқтағаннан кейін Назарбаев Университетіне оралдым. Маған постдокторантураға өтінім беру ұсынылды, онда профессор Тимур Атабаевпен функционалдық наноқұрылымдарды әзірлеу бойынша жұмыс істей бастадым», дейді кейіпкеріміз.
А.Молкенова қазір ғылыми зерттеу жұмыстарымен Кореяда жүр. Уақыты өте тығыз. Өйткені ол – жылына 1 емес, 4-5 мақаласын халықаралық рейтингі жоғары журналдарда жариялайтын жанкешті жан. Жылына бір мақаланы әрең шығаратын зерттеушілер де бар. Олардың жанында кейіпкеріміздікі – шынымен де ғылымға барымен берілген жанкешті әрекет. Жас ғалым университеттің студенттеріне дәріс оқиды, зертханада тәжірибелер жасатады. Таң боз бергеннен кешкі сағат 9-10-ға дейінгі уақытын зертханада өткізетін ол ғылымды насихаттауға да мүмкіндік табады. А.Молкенова өзінің ғалым әріптестері, достарымен бірге елімізде белсенді жұмыс жүргізіп жатқан Young Researchers Alliance қоғамдық бірлестігін құруға атсалысты. Сонымен қатар кейіпкеріміз – Materials Research Society (АҚШ), Society of Chemical Engineers (Жапония), Electrochemistry Society (Жапония) секілді белсенді қоғамдық зерттеу ұйымдарының мүшесі. Оған қоса жас ғалым Берклидегі Лоуренс атындағы Ұлттық зертхана жанындағы зерттеу тобына мүше. Ол онда экономиканың энергия сыйымдылығын азайту және оның энергия тиімділігін арттыру бойынша зерттеу жүргізеді. Анар ұнтақ өндіру технологиясы және нанотехнологиясы саласына қосқан үлесі үшін 2011 жылы Oxford Instruments Plasma Technology компаниясының және 2015 жылы Hosokawa Powder Technology KONA компаниясының сыйлығымен марапатталған.
Кейіпкеріміз мүшелік ететін Young Researchers Alliance төрайымы Әсия Ермұхамбетова Анардың біз білмейтін қырларына тоқталды. «Анар қазір косметология индустриясымен айналысып жүр. Бұл оның арманы болған. Байқасаңыз, бүгінде косметологтер ұсынатын өнімдер, өзіміз қолданатын косметикалар көбіне шетелден әкелінеді. Неге өзімізде шығармасқа! Бұл үшін әрине, зерттеу керек. Анар Оңтүстік Кореяда зерттеулермен айналысып жатыр. Оның айтуынша, бұл елде кез келген ғылыми зерттеуді индустрияға айналдыруға ерекше мән беріледі, оған қоса соған жан-жақты жағдай жасалады. Шынында, Анардың әлеуеті өте зор. Әдетте ғалымдар бір саланы, бір тақырыпты зерттейді. Ал ол бірнеше саланы (химия, нанотехнология, материалтану, косметология) зерттеуден және жаңа дүниені игеруден қорықпады. Себебі Анар – өте еңбекқор адам, мақсатына жетпей тынбайтын табанды, ғылымда жүрген құрбыларын әрдайым қолдаушы, АҚШ, Англия, Жапония, Оңтүстік Корея секілді алпауыт елдердің білім-ғылымын игерген танымы терең жан. Сіз оның анасын көрсеңіз, Анардың қайдан екенін түсінесіз. Себебі оның анасы – сондай еңбексүйгіш, зиялы адам, әрдайым алға ұмтылып тұрады», дейді Ә.Ермұхамбетова.
Осы уақытқа дейін қаншама ғалымды, олардың ғылыми жолы жайлы жаздық. Косметологтері көп, бірақ төл косметикасы жоқ (шикізатын сырттан әкеліп, отандық өнімнің қағазын жапсыра салу емес), отандық бренді қалыптаспаған елде осы саланы ғылыми тұрғыда зерттейтін ғалымды алғаш кездестірдік. Бұл біздегі жоқтың орнын толтыратын маңызды қадам екені сөзсіз. Өз өніміміз болса, қанша миллиондаған қаржы Қазақстанда қалады.
NASA-мен жұмыс істейтін ғалым
Майра Құсайынова ғылымға, қазір өзі шұғылданатын топырақтану ғылымына бірінші кейіпкерімізден де ерте, мектепке бармай тұрып келген екен.
«Ғылымға деген қызығушылығым кішкентай кезімнен пайда болды. Оған бірден бір себепкер – мені қараған бала күтуші. Ата-анам жұмысқа кеткенде мені күтушіге қалдырып кететін. Ал ол екеуміз табиғатқа шығып, жай серуендемей өсімдіктермен танысатынбыз. Содан соң күтуші маған қайсысының қандай дәрілік қасиеті бар екенін түсіндіретін, ағаштардың атауын үйрететін. Осы сәттен бастап менің табиғаттануға, топырақтануға, өсімдіктануға деген қызығушылығым оянды. Қызығушылық арта келіп өзіндік тәжірибелер жасауға жетеледі. Ата-анам оқушы күнімде мені жазғы демалыс сайын лагерьге жіберді. Онда дәрілік шөптерді жинап, одан емдік, шипалық қасиеті бар өнімдерді, көбіне шай түрлерін жасап шығаратынмын», дейді ғылыми жолының алғашқы қадамы туралы естелігін еске алған кейіпкеріміз.
Жас ғалым мектепті бітірген соң өзінің туған қаласы Тараздағы мемлекеттік университетте әуелі бакалавриатты, кейін магистратураны бітірді. Магистрлік диссертациясына саңырауқұлақтардың ерекшеліктерін арқау етті. Кейін Алматыға аттанып, оңтүстік астанада орналасқан У.Успанов атындағы қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтында докторантураны оқыды.
«Негізі биология саласындағы ғылыми зерттеулерімді бакалавриатта оқып жүрген кезімде-ақ жүргізе бастадым. Себебі біздің университетте сол саланың білікті профессорлары жұмыс істеді. Ғылыми мақалалар жазуды да осы жоғары білім алу кезінде үйрендім. Соның нәтижесінде ғылыми конференцияларға қатыстым. Магистратурада саңырауқұлақтардың ерекшеліктерін диссертациялық жұмысыма арқау етсем, докторантурада «Қазақстанның оңтүстік-шығыс жағдайында МЭРС микробиотыңайтқышының топырақтың (шалғынды сұр) құнарлылығы мен күздік бидайдың өнімділігіне әсері» тақырыбында кандидаттық диссертациямды қорғадым. Сөйтіп, «Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесін алдым. Мұнымен де тоқталғым келмей, кейін Түркияға құжат тапсырып, Ondokuz Mayıs University-де (Scientific and Technological Research Council of Turkey – TÜBİTAK) пост-докторантураны оқу мүмкіндігіне ие болдым», дейді М.Құсайынова.
Түркиядағы ғылыми-зерттеу тағылымдамасынан өтіп келген соң, кейіпкеріміз бір кездері докторантурасын оқыған қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтына инженер-аналитик болып орналасты. Мұндағы бірнеше жылдық еңбек жолында топырақтану саласының маманы ретінде Қазақстанның әр қиырын аралап, топырақтың құрамын зерттеп шықты. Бірнеше ғылыми жобаларына грант ұтып алды. Бірақ ол халықаралық деңгейге шығып, шетелдік ғылымдармен бірлескен ғылыми жобаларға қатысуды көздеді. Сөйтіп, Қазақ ұлттық аграрлық университетіне ауысты. Мұнда ол Тұрақты егін шаруашылығының жетекшісі болып еңбек етіп келеді.
«Осы қызметімде АҚШ пен Германияның халықаралық серіктестерімен бірлесіп, әртүрлі ғылыми конкурстарға бірнеше ғылыми өтінімдер дайындадым. Нәтижесінде, қазір Тhe effects of excessive water use and agricultural intensification on AR Sea shrinkage: socioeconomic-environmental systems (SES) dynamics within the Syr Darya River Basin тақырыбы бойынша USAID (PEER 9) халықаралық жобасына жетекшілік етемін. Меніңше, халықаралық жобаларға қатысумен бірге, қазақстандық гранттарды да қалыс қалдырмау керек. Осы ойымды іске асырып, Білім және ғылым министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған жас ғалымдар бойынша гранттық қаржыландыруына ие болдық. Қазіргі таңда парниктік газдар шығарындыларын төмендету және альбедоны ұлғайту арқылы климаттың өзгеруін жақсарту үшін Жерді пайдалану жүйелерінің тиімділігін бағалау бойынша қазақстандық ғылыми жобасын жетекші ретінде жүргізіп келемін», дейді кейіпкеріміз.
Жас ғалым 2020 жылдан бері атақты NASA (The National Aeronautics and Space Administration) тәуелсіз ұйымының жанындағы халықаралық Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі Ұлттық басқармасымен (АҚШ) бірлескен жобаның бір бағыты бойынша ғылыми орындаушы қызметін атқарып келеді. Бұл бағыт «Қазақстан мен Моңғолиядағы энергияның, судың және тамақ өнімдерінің өзара тәуелді динамикасы» (FEWKazMG) және «Тау-кен жұмыстары нәтижесінде шаң шығарындыларын азайтудың балама тәсілдері:» NarXOZ (2020); «Фитозахват тұжырымдамасымен ластанған шаңды ұстау үшін табиғатты пайдалану мүмкіндіктерінің техникалық-экономикалық негіздемесі» деп аталады.
Кейіпкеріміздің әріптесі, жас профессор Қайсар Табынов Майраның үнемі мүмкіндіктер іздеп жүретінін айтады. «Майра – ең алдымен еңбектің адамы. Одан кейін әрдайым ізденісте жүретін жан. Ол қашанда мүмкіндік іздеп жүреді және соның әрбірін жақсылыққа, жұмысын жетілдіруге тиімді пайдаланады. Меніңше, осы қасиеті арқылы қазір АҚШ-тың беделді ғалымдарымен тығыз байланыс орнатып, NASA-ға қатысты жобамен айналысып жүр. Әлбетте біз еңбек ететін Қазақ ұлттық аграрлық университеті соған жағдай жасап, қолдау көрсетіп отыр. Десек те мұндай үлкен істі, әрине, жауапкершілігі жоғары, алғыр адам ғана қолға ала алады. Осылайша, ол Қазақстан атын NASA-ға шығарып отыр. Әйелдер қауымы бала күтімімен демалыстарға шығып, мансабына үзіліс жасап отырады ғой. Сондайда көбі қалып қойып жатады. Бірақ Майраның кейін шегінгенін көрмеппіз. Өйткені ол – оптимист. Проблеманың да жақсы жағын көре біледі», дейді профессор Қ.Табынов.