Үкімет • 11 Наурыз, 2022

Қауіпті қалдықтар қайта өңделеді

253 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда Жоғарғы Сот судьясын қызметінен босату мәселесі қаралды. Нәтижесінде, депутаттар соттың айыптау үкімі заңды күшіне енуіне байланысты Мейрам Жанғұттиновтың өкілеттігін тоқтатуды қолдап дауыс берді.

Қауіпті қалдықтар қайта өңделеді

Сонымен қатар сенаторлар «Еура­зиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы қауіпті қалдықтарды трансшекаралық өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарады. Бұл Келісім ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзара саудасын жүзеге асыру кезінде ЕАЭО-ның кедендік аумағы арқылы қауіпті қалдықтардың трансшекаралық өткізілуіне байланысты қатынастарды реттеуге арналған.

Келісім 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт аясында жасалған халықаралық шарт. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт осы ЕАЭО-ға мүше мемле­кеттердің үшінші елдермен сауда-сат­тықта тарифтік емес реттеудің бірыңғай шараларын қолдануын көздейді. «Қазақстанда қауіпті қалдықтарды әкелу, әкету және транзитін заңнамалық реттеу Базель конвенциясы және Экологиялық кодекс нормаларымен жүзеге асырылады. Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге қатысты лицензиялық тәртіп қолданылады. Қалдықтардың экспортына және импортына лицензия беруді министрлік 2019 жылдан бастап, яғни ол құрылғаннан бастап жүзеге асырады», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев. Ведомство басшысының айтуынша, қалдықтарды экспорттайтын және импорттайтын кәсіпкерлер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге және әкетуге рұқсат беру тәртібі белгіленген қаулылардың тізбесін басшылыққа алады. Жеке тұлғалардың жеке пайдалануы үшін қалдықтарды трансшекаралық өткізуіне тыйым салынады. «Келісім талаптарын сақтау Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында қауіпті қалдықтарды өткізудің бірыңғай тәртібін белгілеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қауіпті қалдықтарды экологиялық негізделген түрде жоюға және қайта өңдеуге әкеліп, қоршаған ортаның ластануына жол бермейді», деді министр.

Осылайша, тараптар осы Келісімге және Тараптар мемлекеттерінің заңна­­масына сәйкес қалдықтардың транс­ше­каралық орнының ауыстырылуын бақылауды және қадағалауды жүзеге асырмақ. Тараптар қалдықтарды көму және залалсыздандыру мақсатында олар­ды трансшекаралық тасымалдауына жол бермейді. «Келісім Еуразиялық эконо­микалық одаққа мүше мемлекеттер арасында қауіпті қалдықтарды өткізу­дің бірыңғай тәртібін айқындайды. Сондай-ақ оларды тасымалдау кезінде берілген қорытындылар мен анықталған бұзушылықтар туралы ақпарат алмасуға құқықтық негіз қалыптастырады. Алдағы уақытта осы заң қауіпті қалдықтарды жоюға және қайта өңдеуге, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Премьер-Министрдің атына жолдаған сауалында Әли Бектаев Ресейге салынған санкцияларға байланысты Қазақстанға азық-түлік тауарларының әдеттен тыс көп келуі мүмкін екенін ескеріп, отандық аграрлық секторды қолдау шараларын күшейтуді ұсынды. Оның айтуынша, құрғақшылық, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер бағасының өсуі салаға теріс әсер етпей қоймайды. Сонымен қатар Ресейге салынған санкцияларға байланысты Ресейден Қазақстанға азық-түлік жеткізу көлемі күрт ұлғаюы мүмкін.

Әли Бектаевтың айтуынша, бейінді мемлекеттік органдар жұмысының баяулығы елеулі проблема тудырып отыр. Олар субсидиялау қағидаларын 2022 жылғы 1 шілдеге ғана дайындайды. Ал елдің оңтүстігінде бұл уақытта жұмыс «қайнап» тұруы керек. «Жанармайға, минералды тыңайтқышқа, ағын суға қатысты түйінді мәселелердің бірде біреуі шешілген жоқ. Соған қарамай субсидиялардың көлемі мен түрлері, оларды бөлудің тәртібі аяқ астынан өзгер­тілмек. Аграрлық сектор – эксперимент жасайтын алаң емес. Керісінше, әсіресе биыл ауыл шаруашылығына қосымша қолдау көрсету қажет», деді сенатор.

Депутат ауыл шаруашылығы өндіру­шілері үшін ең қажетті минералды тыңайт­қыштар бағасының күрт өсуін де назардан тыс қалдырмады. Оның дерек­тері бойынша 2021 жылғы қаңтарда «ҚазАзот» АҚ өндірген аммиак селитра­сының тоннасы 81 мың теңгені құрады. Желтоқсанда оның құны 200 мың теңгеге дейін, яғни 2,5 есеге қымбаттаған. «Қазфосфат» АҚ өндірісінің аммофос бағасы сол кезеңде екі есеге өсіп, 207 мың теңгені құрады. Сенатор елдегі минералды тыңайтқыштардың бағасы мен экспортын реттеу бойынша қатаң шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Депутаттың пікірінше, қатаң реттеу суға тариф белгілеу саласында да орын алуы тиіс. «Су тапшылығы жыл басынан-ақ сезіліп тұр. Оңтүстік өңірлеріндегі шаруалар үшін биыл экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да ауыр соғайын деп отыр. Оның үстіне ағын суға бөлініп жүрген субсидиялардың тағдыры тағы да белгісіз. Соған қарамастан «Қазсушар» АҚ ағын судың бағасын 2,5 есе қымбаттатқан. Себебі шетелдік қаржы ұйымдарынан алған займдардың төлеу уақыты келген. Қазақстан өкіметі биылғы климаттық ерекшеліктерді, соңғы екі жылдың пандемияға қатысты ауыртпашылықтарын ескере отырып ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сумен қамтамасыз етудің, оның бағасын төмен­детудің нақты шараларын қабыл­дауы қажет. Керек болса, әлемдік қаржы институттарымен келіссөздер жүргізіп, шетелдік займдардың төлеу мерзімдерін қайта қарауды ұсынамыз», деді депутат.

Министрлер Кабинетінің басшысы Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында Андрей Лукин мемлекеттік кіріс­тер органдарының әкімшілік құқық бұзушылықтары бойынша істерді қарау­дың бірыңғай тәжірибесі жоқ екеніне назар аударды. Сенатор келтірген деректерге сүйенсек, кейінгі жылдары есептелген салық сомасын төлеуден жалтарғаны үшін салынған айыппұлдарды өндіру 5,9 пайызға, декларациядағы салық сомалары 52,7 пайызға төмендегені байқалады. Сонымен қатар әкімшілік жауапкершілікке тартудың бес жылдық мерзімі өткеннен кейін кәсіпкерлерге 4,5 млрд теңге мөлшерінде негізсіз айыппұл салынған. Депутат осыған байланысты, салық салу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша материалдарды әзірлеу және қарау жөніндегі әдістемелік ұсынымдар дайындауды ұсынды.

Сенатор Рысқали Әбдікеров еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Жезқазған және Сәтбаев қалаларының тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді сұрады. Депутат Кеңгір су қоймасы жезқазғандықтардың ауыз суының негізгі көзі екенін айта келіп, оның әлі күнге дейін жекеменшікте екенін, бірақ заң бойынша ол мемлекеттік меншікте болуы қажеттігін атап өтті. «Оны 1996 жылы Үкіметтің қаулысы бойынша мемлекеттік басқаруға қайтару керек болатын. Бірақ бұл міндет әртүрлі сылтаумен орындалмады. Осылайша, стратегиялық маңызы зор нысан «Су кодексінің» және «Мемлекеттік мүлік туралы» заң талабына сай жеке меншік қолынан мемлекет иелігіне қайтарылмай қалды. Қазір Кеңгір су қоймасы гидротехникалық құрылымдарымен бірге «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС-нің иелігінде», деді сенатор.

Рысқали Әбдікеров сонымен қатар Жезді су қоймасына қатысты мәселелерді де айтты. Ол Жезқазған және Сәтбаев қалаларының тұрғындарын көкөністермен және ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге көмектесуге тиіс еді. 2011 жылы Үкімет қаулысында Жезді су қоймасын Талап суару жүйесінің магистральдық каналымен қайта жаңарту көзделген болатын. Өкінішке қарай, сенатор атап өткендей, өңірге арналған өзекті жоба қағаз жүзінде ғана қалды.

Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында депутат Мұхтар Жұмағазиев ауылшаруашылық өнімдерін, оның ішінде жүнді қайта өңдеуді дамытудың маңызына тоқталды. Осыған орай сенатор бұл саланы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен Ауыл шаруашылығы министрлігіне беруді және оны агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау бағдарламасына қосуды ұсынды.

Отандық тоқыма жүн өнімдерін өнді­рушілер күрделі шикізат тапшылығын бас­тан кешіп отырғанда, жүн өндірушілер қарапайым және тиімді технологияларға, сондай-ақ өндірілген шикізатты қайта өңдейтін бизнесті қолдауға мұқтаж болып отыр.

Қой өсірумен елімізде 4 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарларын өнді­рушілер айналысады. Ал 13 жүн өң­дейтін зауыт бар. Депутаттың айтуынша, сұраныстың жоқтығынан немесе ши­кізат болмағандықтан өткен жылы жүн өңдейтін 6 кәсіпорын жұмыс істеген жоқ. Ал істеп тұрған 7 кәсіпорынның жүктелуі жалпы алғанда 30 пайызды ғана құраған. Бұл ретте Қазақстанға тоқыма өнеркәсібінің 90 пайызы импортталады. Бұл ретте елімізде жүннің 29,7 мың тоннасы немесе 73,5 пайызы өңделмейді. «Отандық алып-сатарлар тек биязы қой жүнінің бір килограмын 100-150 теңгеден қабылдайды. Ал бір қойды қырқуға кететін шығын 300-500 теңгеге дейін. Оның үстіне жүнді өткізу мәселесі де жолға қойылмағанына байланысты шаруалар өртеп жіберуге мәжбүр», деп атап өтті сенатор.

Үкімет басшысына жолдаған сауалында Дүйсенғазы Мусин Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қатысты проблема көтерді. Депутат парктің материалдық-техникалық базасын күшейту және кадрлық әлеуетін арттыру керектігін атап өтті. Катонқарағай ұлттық паркінің материалдық-техникалық базасы әлсіз және кадрға зәрулік бар. Сенатор айтқан ақпарат бойынша нормативке сәйкес парк аумағында 732 адам жұмыс істеуге тиіс, алайда іс жүзінде 354 адам еңбек етеді. Сонда әр орманшыға екі есе ауыртпалық түседі. Ұлттық парк автокөлікпен 70 пайыз, тракторлармен – 35 пайыз, басқа арнайы техникамен 4-тен 20 пайызға дейін, ал инспекторларды көлікпен қамту 36% қамтамасыз етілген. Мұндай жағдайда ерекше қор­ғалатын табиғи аумақтарды сапалы қор­ғау мен күзету мүмкіндігі аз. Сонымен қатар вахталық әдіспен жұмыс істейтін орманшыларға басқа вахташылар сияқты далалық жабдықтау ақшасы төленбейді. Өйткені орман шаруашылығының қызметкерлері мұндай төлемге құқығы бар қызметкерлер санатының тізбесіне кірмейді. «Ұлттық парктің шектеулі шаруашылық қызмет аймағында жанама орман пайдалану, бал ара шаруашылығы, санитарлық мақсатта ағаш кесу секілді қызмет түрлеріне рұқсат берілген. Алайда ағаш кесушілерді есепке алу мен жинауға рұқсат алудың қолданыстағы жүйесі бір жылға дейін созылатын көп сатылы келісу рәсімдерін талап етеді. Сондықтан да уәкілетті органның рұқсат беру функцияларын жергілікті деңгейге беру заңнамалық тұрғыдан реттеліп, шешілуі қажет деп есептеймін. Сонымен қатар жергілікті халықтың сұранысына орай, заңнамадағы жанама пайдалану тізбесіне қарағай жаңғақтарын жинау да енгізілуі тиіс», деді Дүйсенғазы Мусин.

Депутат сонымен қатар ұлттық парк қызметкерлерінің еңбекақысын арт­тыру, экотуризмді дамыту үшін инфра­құ­рылымды жаңғырту, заманауи зертха­налармен қамтамасыз ету және ғылы­ми-зерттеу жұмыстарын жеткілікті қар­жыландыру қажеттігін атап өтті.