Әдебиет • 11 Наурыз, 2022

Оқиғалар көшіндегі көркем естеліктер

202 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тұтас қоғамның тамырын тап басып, талғамын тани қою қиын. Бірақ сол қоғамда сан түрлі кейіпкерлердің өмір сүріп отырғанын білеміз. Өмір дегеннің де ақ пен қараның, жеңіс пен жеңілістің, ұмтылу мен сүрінудің баяны екенін күнделікті тіршілік көрсетуде. Пенденің ғұмыры да, ой-қиялы да есте жоқ ескі кезеңдерден басталып, аяқ жағы көз емес, көңіл ғана жететін алыс болашаққа қарай жетелей береді. Египет жазушысы Нагиб Махфуздың «Біздің көшенің аңыз-әпсаналары» романында да сол пенде-ғұмырдың осындай бір көріністері баяндалады. Каирдің ең ескі махаллаларының бірі Ғамалийеде туған қаламгер де сонау ежелгі заманнан бастап, алыс болашаққа қарай ой сапарын шегеді. Көркем шындық пен қиялды қатар өреді.

Оқиғалар көшіндегі көркем естеліктер

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Көптеген әдебиетші «Біздің көше­нің аңыз-әпсаналары» романын Нагиб Махфуз шығармашылығының жаңа кезеңі деп бағалайды. Атақты жазушы­ның сексенінші жылдардың соңында Но­бель сыйлығын алуы да тегін емес болар. Негізінен бұл шығарма иудаизм, христиандық және исламның пайда болуынан сыр тартады. Сөйтіп, осы қағидалар арқылы адамзатты бақытты қылатын жол іздейді. Әртүрлі кезеңді қамтитын оқиғалар тізбегін автор бір кө­ше­де болып жатқан оқиға ретінде береді. Тізбектеліп кете береді, бірақ әр оқиғаның уақыты әр басқа. Кітаптағы не­гізгі кейіпкер әулетбасы Ғабалауи. Ол қолында билігі бар жомарт мінезді жан, бірақ қатал. Адамдардың бойында аста­сып, бірақ көзге көрінбей жататын қиян-кескі мінездер осы Ғабалауидің бойын­да бар. Жазушы осы Ғабалауидің басқарушылық, әміршілдік қасиетін былай суреттейді: «Бірде үй қожасы есігі бауға қарайтын төменгі залға балаларын шақырады. Жібек галабеяларына малынып ұлдары Ыдырыс, Аббас, Ридуан, Жәлел мен Адһам келеді. Әкелерінің алдына келіп, мөлиіп төмен қарап тұра қалады – оны қошеметтеп, құрметтейтіні сондай, жүзіне тура қараудан қаймығады. Ғабалауи отыруға әмір етеді, олар әкесінің жанына жайғасады». Міне, көшедегі оқиға осылай басталып, ары қарай шиеленісе түседі. Әкелері мекенжайды басқару ісі­не кенже ұлы Адһамды лайық көріп, оны таңдағанын жеткізеді. Сондағы Ыды­рыстың «Ол бәрімізден де кіші. Істің мән-жайын түсіндірші маған. Неліктен сен оны менен артық санайсың? Әлде малайлар мен құлдар мырзалардан басым түсе бастаған ба?», деген қарсылығынан көп дүниенің сыры ашылып сала бергендей болады. Оның қалай екенін өз пайымымызша бағамдап көрейік.

Бірден айтайық, бұл діни шығарма емес. Дін қағидаларын насихаттайтын, барлық адамдарды соған шақыратын идея­лар жоқ. Дегенмен барша адамзат тарихында ұлы бетбұрыстар жасаған үш бірдей діннің басты оқиғаларының кейбірін роман қаһармандарының мінез-құлқы, әрекеті арқылы көрсетеді. Біріншіден, басқару, әмір ету туралы. Ислам түсінігінде бұл тек құдіреті күшті Құдайға ғана тән. Оның түрлі деңгейдегі түрлері адамдардың арасында да бар. Екінші, адамзат баласына берілген өмір мен өлім хақындағы ілім әуелі Адам пайғамбардан басталады. Үшінші, тәкаппарлық Ібілістен шыққан. Төртінші, ең алғашқы көреалмаушылық пен қызғаныш Қабылдың Әбілді өлтіруі­нен болған. Мұның бәрі де қасиетті Құ­ран қиссаларында айтылады. Міне, бұл көшеде өтіп жатқан оқиғада таңдау Адһам­ға түседі, Ыдырыс әкесінің бұл шешіміне қарсы шығады. Енді Алланың Адамды жаратқан кезінде оған құрмет сәждесін жасаудан бас тартып, қарсы шыққан Ібілістің оқиғасын еске алайық. Ібіліс адамдарға қарсы шығу арқылы кейінгі болатын қарсылықтардың бетін ашып берді. Ықылымда, ғайыпта болған оқиғалар Адам Ата жерге түскеннен кейін ары қарай жалғасты. Ібіліс адам ұрқының арасына кіріп, күні бүгінге дейін сайран салып жүр. Жазушы мұнда бір жағдайды суреттеу арқылы кейіпкерлерінің әрбір әрекетін осындай қилы оқиғалармен сабақтастырады. Ол мінездің бастауы қайдан келеді, соны іздейді. Әрине, Адһам Адам, Ыдырыс Ібіліс емес.

Ал Ғабәл туралы тараудан Мұса пай­ғам­бардың заманында болған кейбір оқи­ға­ларды ұшыратуға болады. Романда «Олар бұл көшені аяғына дейін түгел көктей өтіп, бос жатқан қу мекеннің ше­ті­не келіп жетті. Ғабәл оқшау тұрған шағын үйді көрді. Оның қабырғалары тастан өріліпті. Қилла көшесінен кездескен үйлермен салыстырғанда, бұл үй оған мүлде жаңа болып көрінді», деген жолдар бар. Бұл – жылан арбау­шы Балқытының үйі еді. Тарихтан белгілі, Мұса дәуірінде сиқыршылар көп болған. Яғни адамзатты тура жолдан адастыратын, көзді байлайтын, сананы тұмшалайтын сиқыршылық өнер емес, бұл дерт. Балқыты бейнесі, күнделікті тіршілік әрекеті арқылы адамзат қоғамындағы теріс әрекеттерді сынға алады. Ғабәлдің тағдыры әуелі Мұса пайғамбарды бала күнінде перғауынның әйелі асырап алатын қиссаны еске түсіреді. Одан кейін кітапта Мұқаттам деп суреттелетін тауға кетіп, жылан арбаушының қызымен танысуы да Мұса тағдырын ойға оралтады. Бұл да Мұсаның Шұғайыб пайғамбардың қыздарымен танысатын оқиғаны көз алдымызға әкеліп тұрғандай. Романда мұндай оқиғалар көп. Автор мұнда діни аңыздардың жиынтығын жасауды мақсат тұтпаған. Бірақ ежелгі әңгімелерді сол көше тұрғындарының басынан кешкен аңыз-әпсаналарына айналдырып жіберген. Аталған жайттарды Ғабалауи бастаған көше тұрғындары әр кезеңде бас­тан кешіреді. Бұл әрине, әдебиетте бар тәсіл. Мәселен, ортағасырлық Ыстанбұл суретшілері жайлы жазылған түрік жазушысы Орхан Памуктың «Менің атым Қырмызы» романындағы кейбір оқиғалар мен Шығыстың ұлы шайыры Низамидің «Хұсырау-Шырын» поэмасындағы кейбір оқиғалардың ұқсастығы сияқты.

Өткен мен болашақты байланыстыру, адамзат жүріп өткен жолға зер салып, уақыттар мен оқиғаларды өзара сабақ­тастыру да шығарманың негізгі мақса­ты болса керек. Нагиб Махфуздың өзі романның алғысөзінде «Ал біздің атамыз – жатқан бір жұмбақ. Ол өмір кешкелі қаш-шан... кісінің қиялы да жетпейді», деп біраз жайды аңғартады. Әрине, роман мұндай оқиғалардың төңірегінде ғана өрбімейді. Сондай-ақ Рифайа, Қасым, Арафа бейнелері де адамзаттың арғы-бергі аңыз-әпсаналарынан хабар береді. Роман туралы жазылған пікірде «Египеттің Бальзагы» аталған Н.Махфуздың бұл романының оқиғасы, кейіпкерлерінің іс-әрекеті «Біздің көшемізде» өтіп жатқанымен, іс жүзінде оның географиялық аумағы кең – Бүкіл Таяу Шығысты, үш монотеистік діннің бесігі болған қасиетті жерлерді қамтиды», деп жазылған. Яғни бұл қоғамдағы қайшылықтар туралы толғам. Пайғамбарлардың өмірін, сол кезеңдегі түрлі оқиғаларды еске салғанымен, шы­ғар­маның өн бойы адамдар арасындағы бітпес қайшылықтарға толы. Ғабалауидан басталған билікке талас, қызғаныш, тәкаппарлық, содырлардың сойқаны сияқты күрделі оқиғалар бүгінгі күн­нің де басты мәселелерін қамтиды. Сол шығармада суреттелген кейбір оқиғалар­дың бүгін де әрбір қоғамда айна-қатесіз қайталанып жатқанын көруге болады.

Әуелі сөз басында романның есте жоқ ескі заман мен алыс болашақты са­бақ­тастыра алатын ерекшелігі туралы айтқан едік. Кітап жазылған көп жыл­дардан кейін ғаламның көкейінде сыз­даған Таяу Шығыс оқиғасы бұрқ ете қалды. Бұл қазіргі кезде көптеген елдер­дің басты мәселесіне айналып отыр. Жалған діндарлық, атаққұмарлық, сырты таза, іші лас пиғыл, қауымның бай мен кедейге бөлінуі, бұл қазіргі кезде де өзектілігін жойған жоқ. Бұл хақында талай дүниелер жазылған. «Біздің көшенің аңыз-әпсаналары» мұның мыңнан бірі ғана. Жазушы секілді бүкіл қоғамды бір көше деп, адамдарды сол көшенің тұрғындары деп алсақ, оқиғаларды да сол көшеде болып жатыр деп түсінеміз. Барлық қоғамдағы тұрғындар да, оқиғалар да бір-біріне ұқсас. Адамның түбі бір болғанда, әрекеті бөлек болмайды ғой. Мәселен, романда әрбір бөлім аяқталған соң көше тұрғындарының жадының әлсіздігі, яғни ұмытшақтығы жиі айтылып отырады. Хикаяшы тұрғындардан қай көшенің тұрғыны екенін сұрайды. Адамзат талай алапат сынаққа түссе де, тағдырдың тар жол, тайғақ кешуінен аман шықса да, бастан кешкен оқиғаларын ұмытып қала береді. Өмір сабағынан шешім шығара қоймайды. Ақыр соңында «Жарық пен керемет қуаныштың да арайлы таңын көреміз», деген үмітпен ары қарай күн кеше береді. Адамзат тарихында ұмытылған оқиғалар көп қой. Ұмытылған тарих көп. Бұл адамзаттың өз басынан кешкен, бірақ ұмытылған оқиғаларын еске салады...

Біздің көшенің тұрғындарында да бұл мінездер бар. Себебі бүкіл адамзат тұтас қоғам, әрбір қоғам бөлек-бөлек көше. Әрбірінің өзіне тән ерекшеліктері болғанымен, бір-бірінен айырмасы көп емес. Адамзаттың бойында кездесіп жататын түрлі әрекеттер мен мінездер бәріміздің де бойымызда жетеді.

 

Жамбыл облысы