Аймақтар • 11 Наурыз, 2022

Оралдағы оныншы орталық

162 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде жарияланған «Балалар жылы» аясында Орал қаласында аутист балаларға арналған «Асыл Мирас» орталығы ашылды. Болат Өтемұратов қорының атқарушы директоры Марат Айтмағамбетовтің айтуынша, бұл Қазақстандағы осындай орталықтардың ішіндегі ең мықтысы.

 

Оралдағы оныншы орталық

Жаңадан салынған көпқабатты үйдің төменгі қабатын тұтас алып жатқан «Асыл Мирас» орталығының жалпы аумағы 700 шаршыметрге жуық. Орал қаласы әкімідігі ұсынған ғимаратты аутизм орталығына бейімдеу, сәйкестендіру үшін Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в. компаниясы арқылы 81 млн теңге қаражат бөлініпті. Ал елімізде «Аутизм. Әлем баршаға ортақ» бағдарламасы аясында 2014 жылдан бері қызмет етіп жүрген Болат Өтемұратов қоры Оралдағы жаңа орталықтың жабдықтарын сатып алуға, сондай-ақ мамандарын даярлауға 40 млн теңге жұмсаған.а

«Бұдан бөлек жыл сайын орталықтың қызметін атқаруға, коммуналдық төлемдер мен мамандардың жалақысы т.б. шығындар үшін 44 млн теңге мемлекет қазынасынан бөлінеді. Қазір облыс бойынша арнайы тізімде 253 бала аутизм диагнозымен тіркелген. Осы кезге дейін өңірде әртүрлі менталдық ауытқуы бар балаларға «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында көмек көрсетіп келген еді. Енді аутист балаларды осы жерге бөліп алсақ, екі жақта да қызмет сапасы артады»,- деді бізге Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Жаңа орталықты түгел аралап, көріп шықтық. Шынында да жабдықталуы керемет. Бала түгілі ересек адам қызығатын қызыл-жасыл ойыншықтар, адамның ақыл-ойын дамытуға арналған түрлі құралдар толық қамтылған. Дәл қазір орталықта 14 маман – клиникалық педагогтар, психологтар мен логопедтер қызметке кірісіп те кеткен. Олар Болат Өтемұратов қоры ұйымдастырған арнайы оқыту курсынан өтіпті.

в- Біз қазір арнайы тізімдегі 50 баланы алдырып, диагностика жасап жатырмыз. Олардың әрқайсысын жеке тексеріп, қабілет-қарымын, диагнозын нақтылаған соң, қажеттілігіне қарай 6 топқа бөлеміз. Ол топтарда «Ерте қолдау», «Оқыту дағдыларын дамыту», «JASPER сөйлеу дағдыларын дамыту», «Әлеуметтік дағдыларды дамыту», «Өмірлік дағдыларды дамыту», «Қарқынды курс» бағдарламалары аясында оқыту жүргізіледі. Әр баламен аптасына 3 сағат жұмыс істейміз, үш айға созылатын жалпы курстың көлемі 36 сағат. Осы уақыт ішінде біз баланың өмірлік дағдыларын дамытамыз, ойын арқылы әлеуметтік ортаға бейімдейміз, сөйлеуге үйретеміз. Айта кетейік, орталық мамандарының білімін жетілдіру ісі болашақта да жүйелі жүріп тұрмақ. Түрлі жағдайға қарай бірде офлайн, бірде онлайн жүргізілетін бұл курстарды Болат Өтемұратов қоры өз мойнына алып отыр, - дейді жаңа орталық жетекшісі Диляра Салықова.

Оралдағы «Асыл Мирас» – Қазақстандағы оныншы аутизм орталығы екен. Болат Өтемұратов қорының атқарушы директоры Марат Айтмағамбетов бұған дейін елімізде ашылған орталықтардан оралдық орталықтың ерекше заманауи екенін айтады. 

- Аутизм мәселесі қазір әлем бойынша үлкен проблемаға айналды. Зерттеулер әлемдегі әрбір 44 баланың біреуі аутизм дертіне шалдыққанын көрсетеді. Бұл дерттің сыр-сипаты әртүрлі, бірі сөйлемейді, бірі қоғамнан оқшауланып қалады. Оны дер кезінде байқап, ерте қолға алмаса, сәбидің дамуы тежеліп, қатарымен бірге жалпы мектепке бара алмай қалады. Біз елімізде аутизм диагнозы қойылған балаларға кешенді көмек көрсету ісін 2014 жылдан бері қолға алдық. Қазақстан бойынша қазір осындай 10 «Асыл Мирас» орталығы бар. Осы уақыт ішінде 11 мың бала түрлі курстан өтті. Біздің орталықтарда ең қысқа курстың өзі 3 айға созылады. Әуелі мамандар баланы тексеріп, диагнозын қойып, сосын соған сәйкес ем жасайды. Мұның бәрі бала үшін толығымен тегін болады. Біздің қор бұл ғимаратты тиісті жиһазбен, құралдармен – арнайы компенсаторлық жабдықтар, кілем, перде, ойыншықтар, әдістемелік құралдар, компьютер, тұрмыстық техникалар, интерактивті панель секілді нәрселермен қамтамасыз етті. Ең бастысы қажетті мамандарды іріктеп, оқыту курсынан өткіздік. Мамандарды оқыту, білімін жетілдіру болашақта да жүйелі жүреді. Осылайша бір-екі жылдан кейін бұл педагогтар әлемдік деңгейдегі білікті маман болып шығады. Өйткені біз осы аутизм мәселесімен жарты ғасырдан бері шұғылданатын батыстың озық орталықтарымен тұрақты қарым-қатынастамыз. Қазақстандағы «Асыл Мирас» орталықтарының сабақтары Калифорния университеті мен Атлантадағы Marcus Autism Center әзірлеген американдық технология бойынша өтеді, - дейді Болат Өтемұратов қорының атқарушы директоры Марат Айтмағамбетов.

Оралдағы жаңа орталықтың ашылуы салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, осы орталықтың ашылуын асыға күткен ата-аналар арнайы келді.

п- Бүгін біздің аутист балалар мен олардың ата-аналары үшін өте маңызды күн. Мемлекет басшысы жариялаған «Балалар жылы» аясында ашылған бұл орталық ерекше балалар үшін үлкен сый деп білеміз. Екі жыл бұрын ата-аналар тарапынан айтылған өтініш бүгін орындалды. Бұл ортақ жобаны жүзеге асыруға көп болып жұмылдық. Орал қаласы әкімдігі ғимарат бөлді, оны орталыққа айналдыруға ҚПО б.в. компаниясы көмектесті. Болат Өтемұратов қоры кешенді жабдықтап, мамандарды оқытты. Бұл орталықта сәбилерге заманауи әдістемелер бойынша көмек көрсетілетініне, өмірдің түрлі жағдайларында жол табатын, дұрыс әрекет ете алатын қабілетке ие болатынына сенемін. Әр бала мектепке баруға, қоғамның тең құқықты мүшесі болуға құқылы, - деді өз сөзінде Ғали Есқалиев.

Оралдағы жаңа орталықтың ашылғанына шынайы қуанған – аутист балалардың ата-аналары болғаны анық. Тағдырдың сынына ұшыраған балапандарының келешегі үшін алаңдаған олардың көзінде үміт оты ұшқындап, ерекше сезіммен келіпті.

- Мен бұл жерге жиенімді әкеліп отырмын. Оның жасы 4-те. Осы кезге дейін Алматы, Астана қалаларына апардық. Енді міне, өз қаламызда осындай заманауи орталық ашылғанына жүрегіміз жарыла қуанып жатырмыз. Орталықты аралап шықтық, ішінде бәрі бар екен, бұйырса осы жерден жақсы көмек болады деген ойдамыз. Осындай сауапты іске атсалысып жатқан барша жанға мың сан алғыс айтамыз, - дейді Орал қаласында тұратын Жадыра Ерғалиева.