Әдебиет • 13 Наурыз, 2022

Мағжанның өлеңі, Жайықтың дерегі

1292 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жазушы Жайық Бектұровтың «Енеден ерте айырылған төл секілді» атты шығармалар жинағын көрген де, көрмеген де бар шығар. Жазушының көзі кеткеннен кейін Нұрмахан Оразбектің құрастыруымен шыққан еңбекке әртүрлі әдеби мақалалар мен тарихи байыптаулар топтастырылған. Жауырды жаба тоқымай, қоғамдық сананың астарына айналған саяси жағдайлардың тонын теріс айналдырып көрсете білген құнды еңбек дер едік.

Мағжанның өлеңі, Жайықтың дерегі

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Айдауда, қамауда жүріп жазушының да тартпаған азабы жоқ. Алаш арыста­рының көзін көрген. Мағжан өмірі мен шығармашылығына байланысты сүбелі еңбектер қалдырған. Әсіресе ақын шығармашылығы хақындағы жазбаларынан мына дерек көзімізге түсті.

«Мағжан – ұлы Абайды бұрын-соңды қазақ әдебиетшілері ішінен Ә.Бө­кейханды айтпағанда, ең алдымен жырлаған ақын. Мағжан да, Жүсіпбек те, Шәкәрім де Абайды пір тұтты. Мағ­жан он сегіз жасқа келгенде, 1911 жылы «Атақты ақын, сөзі алтын Абайға» деген өлең жазды. Ол осы өлеңінде «Қарадан көсем болған сендей жанды, Дүние қолын жайып енді күтпес» деп ерекше бір сәуегейлік, білгірлік болжам айтып еді. Әлі балаң, жап-жас ақынның Абайды осылай тануы – бүгін бізге зор мақтаныш».

Абайдың ұлылығын алғаш таныған қазақ Әлекең екендігі өз алдына, Мағ­жан­ның хакімге жазған өлеңінің тақыры­бы мен екі жолын әдейі ұсынып отыр жазушы. Себебі біз бұл өлеңді «Атақты ақын, сөзі алтын Абайға» деп емес, «Алтын хакім Абайға» деп оқып, «Ана тілі» оқулығынан мектеп жасынан жаттап өстік.

«Шын хакім, сөзің асыл, баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.

Қарадан хакім болған сендей жанның

Әлемнің құлағынан әні кетпес», –

еді ғой ондағы нұсқасында? Көптеген дереккөздерінде осылай таңбаланып кетсе керек. Олай дейтініміз, ақын ақта­лысымен 1989 жылы «Жазушы» бас­пасынан жарық көрген шығармалар жинағында да тап жоғарыдағыдай жазыл­ған екен. Ал Жайық Бектұров ас­тын арнайы сызып берген жолымен оқып көрейік:

«Шын хакім, сөзің асыл, баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.

Қарадан көсем болған сендей жанды,

Дүние қолын жайып енді күтпес».

«Дүние қолын жайып енді күтпес» деген соңғы жолда тұрғандай бүкіл өлеңнің салмағы мен аруағы. Алаштың күйігі мен Мағжанның биігі осы жолдан кейін ашыла түспей ме? Ақын әу баста осылай жазғаны анық және Жәкең оны білгендіктен әдейі таңбалап қалдырып отырғанға ұқсайды. Туындының басқа жолдарынан бөліп алып, арнайы тоқта­ла­ды, өйткені. Жайық атаның Мағжан туралы бұл еңбегі ақын ақталмай тұрып 1961-1986 жылдары жазылған оның үсті­не. Бұл кісі Мағжанды көргенін, жа­ры Зылиқа апаға ақынды ақтау жолында көп септесіп, ол кісіде қалған қолжаз­бала­рын жүйелеп, мағжантануға көп үлес қосқанын айта кеткен жөн бұған қоса.

«Алтын хакім Абайға» деген тақы­рыбының өзі күмәнді еді өлеңнің. Біздің пайымдауымызда «алтын» сөзі «хакім» сөзіне анықтауыш бола алмайды. «Сөзі алтын» дегені ақылға сыяды. Өзі Мағжан болса, сөзі арзан болмасы анық қой.

Жайық Бектұров Алаш арыстарының жолымен жүріп, өзі де айдауға ұшырап, көп қиындық көріп, жан төзгісіз азаптауларды басынан өткерген. Және сол азап пен сұмдықтың бәрін жазып кеткен жазушы. Ол кезде Ақмола, қазіргі астана аумағында дүниеге келген қаламгер туралы Ақселеу Сейдімбек былай деп еске алады:

«Анамыздың әлдиіндей, өзіңіз құла­ғы­мызға құйған анау Ахметтің, Шәкә­рім­нің, Мағжанның, Міржақыптың, Сә­кен­нің тағдырларын елестетіңізші! Сіз сол арыс­тардың көзі болып, сөзі бо­лып, өк­ше басар ұрпағымызбен жалғас­тыңыз...».

Сәкен, Мағжандарды көрген Жайық Кәгенұлы, әсіресе Әлімхан Ермеков­пен көп әңгімелесіп, қаншама мұра қалдыр­ған. Еңбектері ел ішіне көп таралып, жаңадан басылып жатпағаны өкінішті.

1942 жылы мамыр айында қамауға алынған ол сырттай он жылға кесіліп, жер аударылды. Жабылған жала тек қана 1955 жылы күшін жойып, 1989 жылы бір-ақ ақталған.