Аймақтар • 13 Наурыз, 2022

Ректор – күдікті, ұстаздар – үмітті

2371 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Таяуда Тобыл өңірінде өткен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шаралардың басы-қасынан ұлт ұстазының атын иеленіп отырған Қостанай университетінің басшысын көре алмадық. Алма Досжанова мерейтой күні өзі басқарып отырған білім ордасында өткен дөңгелек үстел отырысында да бой көрсетпеді. Артынша, университет басшысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің күдігіне ілігіп, істі болғаны туралы жайсыз хабар тарады.

Ректор – күдікті, ұстаздар – үмітті

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл департаментінің мә­лі­­метінше, университет ректорына қа­тысты Қылмыстық кодекстің 189-ба­бы­ның 3-бөлімі бойынша қыл­мыс­­тық іс тіркелген. Аталған бап бо­йынша өзіне сенiп тапсырылған бөтен мү­лiктi ием­де­нiп алған немесе та­лан-таражға салып, жымқырған жауапты мемлекеттік ла­уазым атқаратын адамның дүние-мүлкi тәркiленіп, екі жыл­дан жеті жылға де­йін­гі мерзiмге бас бос­­тандығын шектеу, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жа­засына кесі­луі мүмкін екен.

Антикор қызметі, әзірге ректордың не жымқырғаныны туралы нақты ақпарат берген жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы де­партамент басшысының орынбасары Ринат Юсуповтың айтуынша, ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуге тиіс. Іске қатысты қандай да бір ақпарат егер тергеу мүддесiне қайшы келмесе және өзге адамдардың құқықтары мен заң­ды мүд­делерiне нұқсан келтірмейтін болса, тек про­курордың рұқсатымен бел­­г­ілі бір көлем­де ғана жария етiлуi мүм­кiн.

Алма Досжанова Ахаң атындағы Қос­танай өңірлік университетін 2019 жы­л­дың 25 қаңтарынан бері басқа­рып келген. Мәселенің мән-жайын іш­т­ен білмекке аталған университет­ке қарасты мұғалімдер даярлайтын инс­ти­тут­тың ұстаздарымен сөйлесіп көр­дік. Педагогика институтының ұжы­мы бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына және облыстық Антикор қызметіне 57 адам қол қойған ашық хат жолдапты. Ғалым-ұс­таздар: «Бәлкім, жанайқайымыз Пре­зи­дент­ке дейін жеткен болар. Енді біздің де талап-тілегіміз орындалып, әділдік ор­нап қалар», деп үміттеніп отыр.

– Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап ЖОО оқытушыларының жалақысын көтеру туралы Президент тапсырмасы біздің университетте толық орындалған жоқ. Қазір ғылым кан­ди­дат­та­рының кесімді жалақысы – 170 068 теңге. Ең сорақысы сол, былтырдан бері еңбекақы мөлшерін белгілеуде біздің көпжылдық еңбек өтіліміз ескерілмей қалды. Бұрын жеке институт болып тұрғанда жылына 5-6 сыйақы алатынбыз. А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-ге қосылғалы, мұндай материалдық қолдаудың бәрінен айырылдық. Жаңа басшылық жалақымызды қысқартудың неше түрлі тәсілін ойлап шығарып, адал еңбекпен тапқан айлығымыздың өзін толық төлемей отыр. Мысалы, оқу жүк­темесі бөлінгенде студент саны 8-ден аз топтар тиімсіз топ деп танылып, оқытушыға еңбекақының 50-ақ па­йызы төленеді. Ал оқытушылар, студент санының аз-көптігіне қарамастан, жұмыс бағдарламасында жоспарланған дәрістер мен тәжірибелік сабақтарды толық өткізеді. Шешімін таппай келе жатқан өзге мәселелер де толып жатыр. Бұған дейін осы мәселелердің бәрін тізіп жазып, ректордың өзіне қаншама рет өтініш білдіріп, талап-тілегімізді жет­кіздік. Өкінішке қарай, соның бәрі ес­ке­русіз қалды, – деді ұстаздар.

2020 жылы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті мен Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогика институты бірігіп, сәл кейінірек Қос­та­най өңірлік университеті болып қайта құрылған. Институт ұстаздарының айтуын­ша, сол кезде университет бас­шылығы институтты банкроттық жағ­дай­да қосып алғаны туралы мә­лім­деме жасапты.

– Ал іс жүзінде университет бас­шы­лығы институт ғимаратынан көп­теген моноблокты, компьютерлер мен ноутбуктерді, жаңа жиһаздарды шы­­ғарып алып кетті. Қазір оның қайда тұр­ғанын да білмейміз. Бұрынғы институт ректоры мініп жүрген автокөлікті де өңір­лік университеттің басшылығы мініп жүр. Әкімшілік-басқару корпусы шексіз кеңейді. Мән-мағынасыз, жұмысы мазмұнсыз институттар мен орталықтар ашылды. Толып жатқан кеңесшілер мен кө­мекшілер, қосалқы қызметкерлер қап­тап кетті. Олар қатардағы оқытушы­лар мен доцент-профессорлардан 2-3 есе жоғары жалақы алады. 2019 жылы студенттер жатақханасының құрылысы қаржы дауымен басталды. Бірақ сол кездегі ректор, проректор, есепші сияқты жауапты адамдар қазір еліміздің басқа ЖОО-ларында жұмыс істеп жүр. Олар неге заң алдында жауапқа тартылмайды? Жалақыны арттыру, сыйақы тағайындау мәселесін көтерген сайын үнемі «сендер университетке борышкер болып қо­сылғансыңдар» деген жауап аламыз, – дейді бір топ ғалым-ұстаз.

А.Досжановаға дейін Абай даңғы­лы­ның бойындағы ауданы 4,5 мың шаршы метр болатын қос қабатты еңселі ғи­­маратта университеттің «Білім орта­лы­­ғы» деп аталатын 693 мың кітап қоры бар бай ғылыми кітапханасы бо­ла­­тын. Бірінші қабатында абонемент бө­лімі, екінші қабатында оқу залы жұ­мыс істеп тұрған білім орта­лы­ғы республика бо­йынша ЖОО-ға ар­налған кітапханалардың ең үздік бес­ті­гінің қатарына енген. Университет басшылығы ауысқан соң, жаңа басшы осы кітапхананың оқу залындағы кітаптар қорын басқа жаққа көшіріп, оның орнына өңірлік Smart-орталық ашқан. Орталық стартап жобалар әзірлеп, оны тәжірибеге енгізуді көздейді. Алайда кітап­хана меңгерушісі Жәмила Ержа­но­ва бұл реформаның студенттерге қо­лай­­лы ғы­лы­ми кітапхананың тоз-тозын шы­ғар­ға­ннан басқа пайдасы болмады деп санайды.

– Жаңа басшысы университетке кітап­­хананың қажеті жоқ, интернетте бәрі бар деген қағиданы қалыптастырды. Бізден екінші қабатты тартып алып, оқу залын бұрынғыдан әлдеқайда тар әрі ыңғайсыз 2-корпусқа көшірді. Ақыр аяғында бізді 5 корпусқа бөліп, ыдыра­тып жіберді. Соңғы үш жыл бо­йы біз­дің материалдық-техникалық та­лап­­­тарымызға ешкім құлақ асқан жоқ. Б­ірі­н­ші курс студенттерін оқу орнымен алғаш таныстыру апталығына кітапхана кірмегелі екі жылдан асты. Қазіргі 1-2 курс студенттері бізде кітапхана бар еке­нін де білмейді. Басшылыққа кі­тап­­хана емес, жалға беруге қолайлы кең ғимарат қана керек. Салдарынан бі­лік­ті деген 6 кітапханашы жұмыстан кетіп қалды. Ректор кітапхана мүддесін қорғамақ болған мені де қудалап, университет ректораты мен ғылыми кеңесінің мүшелігінен шығартты. Қазір кітапхана балансында тұрған 39 компьютердің 13-і ғана жұмыс істейді. 2006, 2009 жылы шыққан бұл компьютерлердің өзі ескіріп, әрең жұмыс істеп тұр. Ал соңғы үлгідегі 40 моноблокты «Smart-орталыққа» берді. Бұл орталықта анда-санда бір рет алау­латып-жалаулатып пиар-шаралар ғана өтетіні болмаса, босқа тұр. Оқу орнының кітапханасын сақтап қалу жолында жүйкемді жұқартқан күрес жүргізіп келе жатқаныма үш жылдан асты. Бірақ өкінішке қарай, одан еш нәтиже шығара алар емеспін, – деді 30 жыл бойы кітапхана саласында қызмет етіп келе жатқан меңгеруші.

Істің ақ-қарасын заң орындары анық­тай жатар. Ал білім ордасындағы ұстаз­дар қауымы үлкен өзгерістен үмітті. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңір­лік университеті ректорының мін­де­тін қазір осы оқу орнының проректоры Ербол Исақаев атқаруда.

Қостанай облысы